Бөкей ордасы ауданына жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Нариман Төреғалиев құрылысқа жауапты тұлғаларға дәл осы талапты қойды.
Өңір басшысы Хан ордасындағы құрылыс нысандарын аралап, жұмыс барысымен танысты. Әкім сапары Жәңгір хан атындағы мектептен басталды. Екі жарым жылдан бері нүктесі қойылмай келе жатқан "сақалды" құрылысқа "Нұртехсервис" ЖШС жауапты. Келісімшарт бойынша жұмыс төрт айда аяқталуы керек.
Жұмыс барысымен таныстырған мердігердің уәкілі Ержан Кетебаев он күнде ішкі әрлеу жұмыстары бітеді дейді.
Құрылыс нысанын аралап шыққан облыс басшысы жұмыстың сын көтермейтінін айтып, техникалық қадағалаушы "АДС-Сапа" ЖШС-інің уәкілі Ербол Тұмановқа сын-ескертпелерін жазып, сотқа жүгінуді тапсырды.
- Үш жылға созылған құрылысты аяқтасақ болды деп, көзбояушылыққа жол бермеңіз. Мектеп құрылысына жеке тұрғын үйдің асүйіне пайдаланылатын материалдарды пайдалануға болмайды. Техникалық талаптар қатаң сақталсын. Сметалық жобада көрсетілген сипаттамаға сай келмей бе, жұмысты тоқтат. Тиісті іс-шараны қолға ал, сотқа бер. Күні ертең қабылдап алғанда жұмыс осындай сипатта болса, сапасыздығы үшін басыңызбен жауап бересіз, - деп тек мердігер емес, осы құрылысқа қатысты тұлғалардың жауапкершілікке шақырды.
Облыс басшысы ауылдық мәдениет үйінің құрылысын да бір қарап өтті.
- Хан ордасының мәдениет үйіне осымен үшінші мәрте кеп тұрмын. Көңіл толарлық жұмыс көріп тұрған жоқпын, - деді мұнда да Нариман Төреғалиев.
Сондай-ақ, облыс әкімі жаңадан бой көтеріп жатқан музей-қорықтың визит-орталығының құрылыс қарқынымен танысты.
Анар Артықбай,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz