17.04.2018, 11:58
Оқылды: 117

Шабдаржаптағы дүбірлі бәйге атақты атбегіні еске алуға арналды

Ақжайық ауданының Тайпақ ауылдық округіне қарасты Шабдаржап ауылы тұрғындарының ынтымағы ерек. Соның арқасында мұнда іргелі де ауқымды істер еңсеріліп келеді. Жыл өткен сайын игі бастамалар баянды болуда.

Міне, өткен сенбіде азаматтар осы ауылдың тұрғыны болған атақты атбегі Таңатжан Сатыбалдыұлын еске алуға арналған ат бәйгесін ұйымдастырды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасы аясында өткен шарада аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев болды.

Ол алдымен ауылдың жай-күйімен танысып, осында салынып жатқан 198 орындық жаңа мектептің құрылысы аралады. Мердігер «СКФ Наурыз» ЖШС жүргізіп жатқан жаңа білім ордасының пайдалануға берілер күні алыс емес. Қабырғалары көтеріліп, төбесі жабылған. Учаске бастығы Тұраққали Бисенғалиевтың айтуынша, жылу жүйесі іске қосылған. Терезе, есіктері орнатылып, қазір ішкі есіктерін қондыру, әрлеу жұмыстары атқарылуда. Мектептің айналасын қоршау басталып, жол және қиындытас төсеу жұмыстары басталғалы жатыр. 6 ауыр техника, 50-ден астам адам жұмыс жасайды. Олардың 15-і жергілікті тұрғын.

Иә, шабдаржаптықтар қашан да жақсы істердің басынан табылып жүр. Қазақтың атбегілік өнерін дәріптеу, ұрпаққа аманат етіп қалдыру үшін азаматтардың мүдделілігін айтсаңшы. Марқұм Таңатжан Сатыбалдыұлы осы жолда аянбай тер төккен жандардың бірегейі. Ол Сарытоғай ауылына қарасты Сарман елді мекені маңындағы «Аю» қыстағында жылқышы Сатыбалды Байғазиевтың отбасында өмірге келген. Харькин сегізжылдық мектебін 1967 жылы бітірген. 1967-1969 жылдары Калмыков орта мектебінде білімін жалғастырған. 1970-1972 жылдары Кеңес Армиясының қатарында борышын өтеген.

Елгезек Таңатжан 11-12 жасынан ат бәйгелеріне әкесі Сатыбалды баптаған жүйріктермен қатысып, жүлдегер атанған. Ат құлағында ойнап өскен ол әкесінен атбегіліктің қыр-сырын үйреніп алған. Кейіннен Тайпақтағы орман шаруашылығында малшы, қорықшы қызметтерін абыроймен атқарған.
Желмен жарысқан жүйріктерді тізгіндеген аяулы ағаны еске алуға арналған бәйгеге келген тұрғындардың қарасы көп болды. Ашылу салтанатында Тілек Александрұлы құттықтау сөз сөйлеп, алыс-жақыннан келген шабандоздарға сәттілік тіледі. Осындай бұқаралық шаралардың ел бірлігі мен ынтымағын нығайта түсетінін баса айтты. Тайпақ әкімі Болат Шәленов бәйгенің ұйымдастырылуына ұйытқы болған жандардың бірі шабдаржаптық Әлібек Қайырғалиевқа жүрекжарды тілегін арнап, Таңатжан Сатыбалды жайында естеліктерімен бөлісті. Харькин орта мектебінің директоры Бекзат Иманғалиева осы сәтті пайдаланып, жастайынан ат спортымен шұғылданып жүрген мектеп оқушыларын қошеметтеп, естелік сыйлықтар табыстады.

Дүбірлі додаға көршілес Атырау облысынан, өз атырабымыздан Қаратөбе, Жаңақала, Зеленовтан, Ақжайықтан сәйгүліктер қатысты. Бәйге тай жарысынан басталды. Балауса өрімдер тізгіндеген 26 тай 6 шақырымға шауып, бәсекені салғаннан-ақ қыздырып әкетті. Екі айналым бойы екіленіп шапқан тайлардың аяқалысы жаман болған жоқ. Мүмкін солардың арасында болашақта талай жарыста олжа салар Құлагерлер бар шығар. Бұл бәйгенің ұйымдастырылуы да сол, аламанға анық жүйріктерді анықтау болып табылады. Нәтижесінде Атырау облысы, Көктоғай ауылынан келген Қанатжан Бисенғалиевтың шабандоз Нұрсұлтан тізгіндеген «Желқанат» атты тайы бірінші орынды еншіледі. Ақжайықтан шабандоз Дулат (Жанама ауылы) тізгіндеген Армат Ғаббасовтың «Бақторы» атты тайы екінші орынды, шабандоз Бақберген (Ақсуат ауылы) тізгіндеген Жамбыл Сәтбаевтың «Құндыз» атты тайы үшінші орындарды иеленді.

Құнанжарысқа 18 құнан қосылып, 12 шақырымға шапты. Бұл бәйгеде Ақжайық ауданынан, яғни, шабандоз Қайырбек мінген ақсуаттық Кенжемұраттың «Еркемай» атты құнаны бірінші, шабандоз Дулат мінген жанамалық Армат Ғаббасовтың «Нұрторысы» екінші, Дәулет шабандоз тізгіндеген базаршоландық Асылбек Сағынғалиевтың «Құлагері» үшінші болып мәре сызығын кесті.

Қызықтың бәрі дөнендер жарысқанда болды. Қара жерді қайыстырып шапқан жеті дөнен 15 шақырымның 5 айналымы бойы құйрық тістесіп отырды. Соңғы айналымда ғана жүйріктің жүйріктері қара үзіп, қылқұйрықтар суырылып шықты. Ерген Таңатжанов тізгіндеген шабдаржаптық Қитар Сатыбалдиевтың «Көкдауыл» атты дөнені дауылдатып келіп, мәре сызығын кескенде, ауылдастарының қуанышында шек болған жоқ.
Жүлдегерлерге атбегінің үлкен ұлы Мұхтардың құрдастары, Әлібек Қайырғалиев жетекшілік ететін «Бегарыс-Батыр» шаруа қожалығы, мектеп ұжымы, ауыл азаматтары тағайындаған қаржылай және заттай сыйлықтар табысталды.

Жоғарыда аталған Ерген Қитарұлы – Таңатжан Сатыбалдыұлының немересі. Өз атасының тойында бас бәйгені еншіледі. Атадан балаға мирас болып қалған атбегілікпен айналысып келе жатқан Қитардың есімі де алыс-жақын ағайынға жақсы таныс. Жастайынан жүйріктің жалына жармасқан Ерген де ата жолын қуып келе жатыр. Тұтас әулетке біткен атбегілік өнер осындай өрендер барда, өшпек емес.
Таңатжандай атбегінің әкесі Сатыбалды да елге белгілі жылқышы, аймаққа аты шыққан атбегі болған. Енді міне баласы Қитар, немересі Ерген ата дәстүрдің шырағын жағып келе жатыр.

Ауылдастарының айтуынша, Т.Сатыбалдыұлы өте қарапайым, өз ісіне берілген адам болған. Тіпті жаратып жүрген аттың қамау терін алғанда, өзі тұрып жатқан үйге дейін кіргізіп қойыпты. От жағып, аттың ащы терін алу үшін біраз уақыт ұстайтын болған. Міне, бүкіл болмыс-бітімі жылқы жануарымен біте қайнасып, бабын тапқанының бір дәлелі осы. Зайыбы Сағима апа немере-жиендерінің қызығына тоймай, жұбайының орнын жоқтатпай отыр. Ұлдары Мұхтар, Қитар, Рауан, қыздары Алтынзер, Гауһар әр салада жемісті еңбек етуде.

Т.Сатыбалдыұлы атбегілікке бір ғана Шабдаржаптың өзінде оннан астам шәкірт тәрбиелеген. Еламан Жәрдемов, Әлібек Қайырғалиев, Нұрғанат Әміров, Әсет Саламатов, Бектас Азаматов, Шәкәрім Оразов, басқа да мақтаулы атбегілер Таңатжанның таяғын ұстап қалғандар. Тіпті, баласы Қитар мен шәкірті Әлібек атбегі ағаның көзі сияқты, шараның басынан аяғына дейін зерлі шапандарын үстінен тастамады. Бұл да ол кісінің орнын жоқтатқысы келмеген кейінгі толқынның аға рухына деген адалдығы емес пе?!

Бекболат ҚАЛЕНОВ
Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале