Өткен сенбіде Ақжайық ауданы Тайпақ ауылдық округі Шабдаржап ауылында дүбірлі спорт шарасы өтті. «Қанды тай», «Жабы жарыс», «Құнан жарыс» және аударыспақтан өткен аудандық турнирді тамашалаушылардың қарасы қалың болды. Алтыбақан құрылып, көркемөнерпаздар шабандоздар мен жанкүйерлерге ерекше көңіл күй сыйлады.
Аудандық «Жігер» спорт клубы мен ауыл тұрғындары бірігіп ұйымдастырған шараның ашылу салтанатына аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Руслан Биманов пен Тайпақ ауылдық округі әкімі Болат Шаленов қатысып, бәйгеге қатысушыларға сәттілік тіледі.
Даланы дүбірге толтырып, бәйгесүйер ағайынның қанын қыздырған жарыстың қорытындысында тай жарысында III орын чапаевтық Әнуарбек Елушаевтың, II орын будариндік Асхат Қамешовтың тұлпарларына бұйырса, I орынды Тасқаладан қатысқан Асхат Кулаковтың тайы жеңіп алды. Үш шақырымдық бәйге – «Қанды тайға» қатысқандардан III орынды тасқалалық Ершат Омарғалиевтің тайы, II орынды Бударин ауылынан Асхат Қамешовтың тайы иеленсе, мәре сызығын бірінші болып Жалпақталдан келген Әміржан Ерболдың сәйгүлігі кесті. Алты шақырымдық құнан бәйгеде III орынды шабдаржаптық Мерей Хамидуллиннің арғымағы, II орынды чапаевтық Нұрқанат Әміровтың, I орынды тағыда будариндік Асхат Қамешовтың құнаны алды. Он екі шақырымдық топ бәйгеде өзгелерден қара үзіп келген оралдық Қуанышбек Ғабдиловтың қылқұйрығы дара озды.
Аударыспаққа келетін болсақ, 70 және 80 келі салмақ дәрежесінде жүлделі орындарды Ақжайық ауданының спортшылары өзара бөлісті. Барлық жүлдегерлерге ауылдық кәсіпкерлер және «Жігер» спорт клубының демеушілігімен ақшалай сыйлықтар, дипломдар тапсырылды.
Әсет Орынғали.
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz