Мал азығын дайындау науқаны басталды. Көктем шыға төскейге төрт түлігін өрбітетін жұрттың ала жаздайғы тірлігі осы науқанмен тікелей байланысты. Шаруаның шабындық іздеп, шала бүлінетін уақыты да осы кез.
Шабындық жер жоқтың қасы
Жуырда Жәнібек ауданы Борсы ауылдық округіне қарасты Тегісшіл елді мекенінде шабындық жерге байланысты түсініспеушілік орын алды. Ауылдағы шаруа қожалығы жетекшісі өзінің 2200 гектар жері бола тұра, әкімдіктен тағы 1200 гектар жер сұрап алған. Оны естіген басқа қожалық иелері де шөбі мол шабындық керектігін айтып, дау шығарды. Расында, шөбі шүйгін шабындық жерлер болса, неге шаруаларға уақытша бөліп бермеске деген сұрақ туындайды. Өйткені аудандағы шаруа қожалықтарының көбінде жер бар. Бірақ олардың айтуынша, жер болғанмен, шөп шығымы төмен екен. Осы мәселе төңірегінде аудан әкімінің орынбасары Асхат Молдағалиевті сөзге тарттық.
– Бүгінде жеке тұрғындар мен шаруа қожалықтарының мал басы көбеюде. Сәйкесінше малдың жайылымдарға жүктемесі өседі. Бұл мал ұстайтын тұрғындардың көптен көтеріп жүрген күрделі мәселелерінің бірі. Мәселен, 2000 бас малы бар шаруа қожалығын алайық. Оның жер телімі 5000 гектар. Бірақ жүктеме бойынша бір ірі қараға жылына 11,5 гектар жер бөліну керек. Ал 1500-2000 басты жаңағы жүктемеге көбейткенде, оған тиесілі жер телімі оның қазіргі жер телімінен көп болуға тиіс. Осылай жүктеменің көп болуына байланысты және мал басы бір жерде көп шоғырланғандықтан, жайылыс кемиді және шабындық та болмайды. Мал азығын жинаудың өзі мәселеге айналады. Сол себептен мал басын көбейткен шаруаларға малын асылдандыру керектігі турасында түсінік жұмыстарын жүргізудеміз. Саннан сапаға көшу – қазіргі заман талабы. Ауданда мал басын асылдандыруға бет алған шаруа қожалықтарының саны артуда. Аудан басшысының бастамасымен жүргізіліп келе жатқан жұмыстарды күнделікті бақылауда ұстап отырмыз. Тегісшіл елді мекеніне келетін болсақ, жер сұраған шаруа қожалықтары жер телімдерін алып, шөп шабуға кірісті. Талов, Борсы ауылдары мен Өнеге елді мекенінен келіп, жер телімін алған шаруа қожалықтары бар. Олар алдымен өздеріне шауып алып, артылғанын ауыл тұрғындарына тиімді бағамен сататын болады. Бұл бағытта жерді бөліп бола келдік. Әлі де өтініш жазып жатқандар бар. Ешкімнің көңілін қалдырып жатқан жоқпыз. Бірақ бәріне бірдей жер беру мүмкін емес. Жер көлемі аз немесе жері өртенген шаруа қожалықтары ғана басты назарда, – деді аудан әкімінің орынбасары.
– Ауданның барлық жер көлемі 821323 гектар. Соның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер 796914 гектарды құрайды. 2018 жылдың 31 желтоқсанына аудандағы шаруа қожалықтарының саны 353 болса, жайылымдық жер көлемі 367935, шабындық жер 3818 гектар болды. Күні бүгінге ауданда 365 шаруа қожалығы тіркелген. Олардың пайдалануындағы жер көлемі 388904, егістік жер 2715, шабындық 3926 гектарды құрайды. Бүгінде ауданда төрт ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі бар. Олар 4500 гектар жайылымдық жерді пайдаланып отыр. Жалпы, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері тұрғындардың жеке табынындағы аналық мал басын асылдандыру бағытында жұмыстануда. Қазіргі уақытта тек Талов ауылдық округіндегі «Мирхат и К» мен «Таловка-452» кооперативтері жұмыстарын өз деңгейінде атқаруда. Ал Жақсыбай, Ұзынкөл ауылдық округтеріндегі «Достар-86» және «Жігер Агро» кооперативтері туралы мұны айту қиын, – деді аудандық жер қатынастар бөлімінің басшысы Нұрболат Әбдірешев.
«Әкімдер жағдайымызды сұрамайды»
Күйгенкөл ауылдық округіндегі «Ерлан» шаруа қожалығының жетекшісі Боранбай Айтқалиев:
– Соңғы жылдары Күйгенкөл ауылында шөп тапшылығы қатты байқалуда. Жағдайымыз нашар. Биыл мал азығын дайындау үшін Қамысты ауылындағы шаруа қожалығымен келісіп, шөбін шауып жатырмыз. Сол жерге будкамызды қойып, қона жатып жұмыстанудамыз. Таңғы сағат 4.30-дан 11.30- ға дейін, кешкі 20.00-ден бастап қараңғы түскенше шабамыз. Әйтпесе күннің ыссылығынан аяқ асты өрттің пайда болу қаупі бар. Қамыстыдан Күйгенкөлге бір күнде тек бір рейс жасап үлгереміз. Арақашықтық біраз жер. Әрине, өзіміз үшін оған да көнеміз. Басқа округтерде шабындық жерлер бар деп естиміз. Соны қожалықтарға неге бөліп бермейді екен деп ойлаймын. Бұрында аудан, ауыл әкімдері жағдайымызды сұрап, көмектесетін еді. Ал қазір көмектеспек түгіл, жағдайымызды да білмейді. «Қысқа дайындық қалай, қандай қиындықтар болып жатыр?» деп те сұрамайды.
Киіктер шөпті азайтуда
Талов ауылдық округіндегі «МирЭль» шаруа қожалығының жетекшісі Майдан Коняев:
– Басқа округтерге қарағанда, жағдайымыз жақсы. Біздегі басты мәселе – киік. Көктем айында көктей бастаған шөпті тапап, жағдайды нашарлатады. Киік республика бойынша проблема болғаннан кейін оған ештеңе айта алмаймыз. Қолымыздан келгенше шабындық жерлердің барлығын шауып алуға тырысамыз, – дейді.
Мамандар бір жылда бөкендердің саны екі есе артқанын айтады. Киіктің көбеюі жақсылықтың нышаны болғанымен, желден жүйрік жануарлар ауыл шаруашылығына айтарлықтай зиян келтіруде. Шаруалар бөкенді қуса, «Охотзоопром» мекемесінің өкілдері киікті қозғауға болмайтынын, әкімшілік жауапкершілікке тартылатындарын айтып, қорқытатын көрінеді.
Шөп бағасының өсуіне тұтынушылар кінәлі
Тұрғындар биыл шөп бағасының қымбаттағанын айтады. Әсіресе Жәнібек ауылында шаруалар бір төк шөп бағасын 400 теңгеден түсірмейді. Мәселен, 2017- 2018 жылдары бір төк шөп 250 теңге болса, 2019 жылы 300-350 теңгеге өсті. Биыл 400 теңгені құрады.
– Мал азығымен әлі қамданған жоқпын. Себебі шөптің бағасы көтеріліп кетті. Жақында көршім шөп сатып алған. Бағасын сұрағанымда, бір төгін 400 теңгеден алыпты. Былтыр 350 теңгеден алып едік. Биыл қалтаға кәдімгідей салмақ болмақ, – дейді Жәнібек ауылының тұрғыны Самиғолла Лұқпанов.
Бағаның көтерілуіне шөп сатушылар тұрғындардың өздерін кінәлауда. Осы ретте Тау ауылдық округіндегі «Сұңқар» шаруа қожалығының мүшесі Жанболат Темірғалиев былай деді:
– Биыл шөптің шығымы аз дегенді естіген халық қандай бағаға әкелсең де сатып алуға дайын. Жәнібек ауылына сатамыз. Ауылдың кіреберісінен күтіп тұрады. Бірінші кезіккен адамға сатып кетеміз. Әрине, арасында талғап, сапасын мұқият қарайтындары да бар. Жанар-жағармайдың қымбаттығын, шөптің шығымы төмендігін есептеп, 400 теңгеден сатудамыз. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Рустам Аманғалиев та шабындықтың аздығы, жанар-жағармайдың қымбатсуы бағаның көтерілуіне әсер еткенін айтады.
– 2018-2019 жылдары құрғақшылық болды. Сол себептен шабындық жоқ. Шөп бағасын қадағалау үшін арнайы мониторинг жүргізілмейді. Тек шаруа қожалықтарына ауызша ғана айтылады. Жылдан жылға шөп шығымы төмендеп келеді. Осыған қатысты бір шешім бар. Ол – дәнді және мал азықтық дақылдарды егу. Мал басын арттырам деген шаруа қожалықтарының иелері осыған ден қойғандары дұрыс. Сонда ғана мұндай мәселе туындамауы мүмкін, – дейді бас маман.
Гүлзара Тілекқабылқызы,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz