Бүгін Республика күніне орай Казталов ауданы Болашақ ауылдық округінің Көпкүтір елді мекенінде шағын футбол алаңы пайдалануға берілді.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлт денсаулығының кепілі – бұқаралық спорт екенін атап өткен болса, ауданда «AMANAT» партиясы сайлауалды бағдарламасына сай біраз тыңғылықты жұмыстар мен ірі жобалар жүзеге асуда. Соның ішінде, спорттық нысандар көптеп саналады. Соңғы жылдары аудан бойынша жергілікті бюджет есебінен 30 шағын футбол алаңдары мен 8 Street workout алаңдары іске қосылды.
Енді, міне, шағын, ынтымағы жарасқан Көпкүтір ауылын мекен еткен ауылдастар тілегі ескеріліп, аудандық мәслихат депутаттары және ауданның атқамінер азаматтарының тікелей қолдауымен «AMANAT» партиясы Казталов аудандық филиалы сайлауалды бағдарламасына сәйкес аудандық бюджеттен бөлінген қаражатқа ауылда шағын футбол алаңы салынып, елді мекен тұрғындарының игілігіне берілді.
Ауыл халқы мен балаларды қуанышқа бөлеген спорттық нысанның ашылу салтанатында Казталов ауданы әкімінің орынбасары Қадер Нұрғалиев, аудандық мәслихат хатшысы Сәрсенбай Молдашев, округ әкімі Аманжол Қажығалиев ағайынның қуанышымен бөлісіп, Республика күнімен құттықтады.
Жаңадан салынған нысанның лентасы қиылып, келген қонақтарға ауыл аналары шашу шашты. Сонымен бірге ауылдың атымтай жомарт азаматтары мектеп оқушыларына спорттық киімдер мен доптар сыйға тартты.
Осындай шағын ғана ауылдың балаларын спортқа баулып, денсаулығын шыңдауға мүмкіндік берер спорт алаңында жаттыққан қарадомалақтарымыздан болашақ чемпиондар шығары анық.
Қайрат Жақып,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz