3.09.2021, 11:41
Оқылды: 31

Шағын футболдан ауыл біріншілігі өтті

Жаңақала аудандық жастар ресурстық орталығының және «Jastar» спорт клубының ұйымдастыруымен ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ерлер арасында шағын футболдан ауыл біріншілігі өтті.

Тартысқа толы шағын футбол

Жас туристер станциясының алаңында өткен жарысқа сегіз топ қатысып, бақ сынады. Жарыстың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Ақнұрлы Еслямғалиева, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Әлихан Досмұхамбетов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Талғат Жанболатов, аудандық «Jastar» спорт клубының директоры Жанболат Гумаров, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Қобыланды Сапиуллин қатысты.

Одан соң Қазақстанның көк Туы желбіреп, Әнұранымыз шырқалды.

Спорттық шара барысында құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Ақнұрлы Нұрғалиқызы әр мекемеден бақ сынауға келген қатысушыларға сәттілік тіледі. Содан кейін шараның ашылу салтанаты аяқталып, аудандық аурухана, №16 өрт сөндіру бекеті, №3 ЖОББМ, мешіт жамағаты, аудандық мәдени-демалыс ортылығы, балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, аудандық жастар ресурстық орталығы, Жаңақала жалпы орта білім беретін мектебінен сақадай сай тұрған ойыншылар жарысты бастап кетті.

Тартысты дода нәтижесіндеI орынды төтенше жағдайлар бөлімінің №16 өрт сөндіру бекеті құрамасы иемденді. Ал II орын №3 қазақ мектебі құрамасының, III орын аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының құрамасының еншісіне тиді.

Бұдан бөлек, топтан оза шапқан ойыншылар да жүлдеден құр қалмай, түрлі марапаттарға ие болды. Атап айтсақ, «Үздік ойыншы» аталымы Нұрлыбек Өтеуовке (№3 ЖОББМ құрамасы) берілді. Орынғали Сағынов (аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының құрамасы) «Үздік шабуылшы» атанды. «Үздік қақпашы» аталымын Нұрлыбек Сәрсенов (төтенше жағдайлар бөлімінің №16  өрт сөндіру бекеті құрамасы) еншіледі. Жүлделі орын және үздік аталым иелері аудандық жастар ресурстық орталығының кубок, медальдарымен және демеушілердің ақшалай сыйлықтарымен марапатталды.

Жарысқа ауданның белді кәсіпкерлері Саламат Сертеков, Манас Сәбенов, «Ғабдығали» ШҚ жетекшісі Едіге Текебаев демеушілік жасап, қолдау көрсетті.

 

Жаннұр Берікқызы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале