8.02.2022, 9:50
Оқылды: 25

Шағырлойға медициналық пункт салынады

Кеше Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев Сарой ауылдық округіндегі жиналысқа қатысып, халықпен бірге округ әкімі Айбол Жакиевтің есептік баяндамасын тыңдады. Округ әкімінің есептік баяндамасынан кейін, ауданнан барған денсаулық сақтау, ауылшаруашылығы, жер қатынастары салаларының өкілдері хабарлама жасады.

IMG-20220208-WA0004

Бұл округтің де негізгі бағыты – мал шаруашылығы. Кейінгі кезде саройлық шаруалар түлік тұқымын түрлендіру жұмыстарына ден қоя бастады. 2021 жылы Шағырлой ауылында жеке және қосалқы шаруашылықтардағы мал басын асылдандыру үшін «Мақсат - С» және «Болашақ - Береке» кооперативтері құрылды.

Шаруалар айтқан негізгі мәселе – жаңағы кооперативтерге жер керек. Әсіресе, ауылдағы мал ұстаған ағайынға жайылым жердің зары өтіп тұр. Екіншіден, жұқпалы індет енді малға да ауыз сала бастаған. Округте төлден шығын бар. Айбол Жакиев оны жасырмады. Жиналыста халыққа ветеринарлық шараларды атқару, малға екпе салдыру, сақтық шараларын сақтау туралы толық түсінік берілді.

Былтырғы жылы өткен есептік кездесуде тұрғындар бірқатар мәселелер көтерген болатын. Олардың орындалуына шолу жасай кетсек, Көздіғара елді мекеніне спорт алаңын салу мәселесі биыл шешімін таппақ. Құрылыс жұмыстары сәуір айында басталады. Шағырлой ауылынан модульді фельдшерлік-акушерлік пункт ғимаратын салу 2023 жылға жоспарланған. Биыл жобалық-сметалық құжаттар жасақталады. Халық ауылдың қолайлы, кең медицина мекемесіне зәрулікті растап отыр.

IMG-20220208-WA0002

2021 жылы жүзеге асқан игі істің бірі – Көздіғара ауылындағы мектептің терезелерінің жаңартылғаны. Енді күн тәртібінде сол мектептің жас мамандарына баспана мәселесін шешу тұр.

Шағырлойлықтар ауыл көшелерінің уақтылы қардан тазартылмайтынын айтып шағымданды. Ал М.Маметова көшесінің тұрғындары көшеге жарықшам орнату, су нүктесінің жұмысын қалпына келтіру турасында жазбаша ұжымдық өтініш түсіріпті. Ал, ұстаздардың ұялы интернеттің сапасын 4G деңгейіне көтеру, ауылдың кіреберісіне төселетін қатқыл табанды жолды мектепке дейін созу сияқты мәселелері бар.

Округтегі негізгі мәселе – ауыз су. Сұраққа жауап берген Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, ғасырлық жобаға баланған «Кеңащы -Жымпиты» су құбырын тартудағы басты мақсат – аудан орталығы мен іргесіндегі округтердің ішім су мәселесін шешу екенін айтты. Биыл Бұлан, Жамбыл, Қособа, Жырақұдық ауылдарына су құбыры тартылады. Осы істен Алғабас пен Қарағанды да қалыс қалмауы тиіс. Ал, Шағырлойға кезек келер жылы тимек.

 

Осыған дейін Төлеген Төреғалиевтің Сырым ауданының 2021 жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндамасының тезистері аудандық «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетіне жарияланған еді. Жиналыс алдында баяндама негізінде дайындалған бейнефильм көрсетілді. Сондықтан аудан әкімі ресми мәліметтерді қайталамай, уақытын ел көтерген мәселелерді зерделеуге, шешу жолдарын ұйымдастыруға бөлді.

IMG-20220207-WA0042

Жеке мәселелер жеке қабылдауларда айтылуда.

IMG-20220207-WA0044

Аудан басшысы Сарой ауылдық округіндегі сапарында мешіттің құрылысымен танысты.

 

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале