Маңайымызда өнерді, спортты да серік тұтқандар аз емесі қандай ғанибет! Аудан, облыс, республика көлемінде танымал болған талантты ақындар, күміс көмей, жез таңдай әншілер, он саусағынан күй төгілген өнерпаздармен қатар деңгейлі бәсекелерде ел байрағын жеңіспен желбіреткен мықты балуандар Ақжайықта жетерлік.

Міне, осындай спорт тарландарын шыңдап шығаратын ауылдағы қарапайым жаттықтырушы ғой. Ақжайық ауданында дене шынықтыру мен спорт саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған жанның бірі – Дәулет Мұңайтпашев.
Д.Ишанғалиұлы 1954 жылдың 25 желтоқсанында Камен ауданы, 2-Чижа ауылында дүниеге келген. Бала кезінен спортқа әуес болып өскен оның сол шақтағы арманы өмірін осы саламен ұштастыру болатын. Періштелердің балғын тілекке «Әумин» дегені – ол бар қызметін жас буынды спортқа тәрбиелеуге арнап, шәкірттерін қырандай баптады.
Мектеп бітірісімен Чапаев ауылындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде алғашқы еңбек жолын бастаған жас маман 1973-1975 жылдары Отан алдындағы борышын өтеп келді. Әскер қатарынан оралған соң, Бітік орта мектебінде дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады. 1978 жылы қайтадан Чапаев ауылындағы спорт мектебіне еркін күрестен жаттықтырушы болып ауысып, талай баланың спортқа бет бұруына себепші болады.

Ұзақ жылдық еңбегінің маңызды бір белесі — 2000 жылы Ақжайық ауданы әкімінің шешімімен аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры қызметіне тағайындалады. Бұл қызметте де ол кәсіби біліктілігін, ұйымдастырушылық қабілетін танытып, аудан спортын жаңа деңгейге көтеруге өз үлесін қосты. 2002 жылдан бастап аудандық БЖСМ-нің жаттықтырушысы ретінде де көптеген жетістіктерге қол жеткізді.
«Дәулет жаттықтырушы қандай?» деген сұраққа шәкірті Қайрат Нағибовтың жауабы: «Дәулет Ишанғалиұлы – біз үшін тек жаттықтырушы емес, өмірге баулыған ұстаз. Ол бізге тек спорттық әдіс-тәсілдерді ғана емес, шыдамдылыққа, жеңіске деген жігерді жануға, адалдық пен табандылыққа үйретті. Оның әр сөзі, әр ісі – шәкіттеріне ұлағатты тәрбие, өнеге»
Д.Мұңайтпашев – өзі де мықты спортшы ретінде талай додада топ жарған азамат. Ол 1971-1978 жылдар аралығында қазақша күрес, еркін күрес, самбо, классикалық күрес түрлерінен облыстық, республикалық, тіпті Азия турнирлерінде топ жарып, талай рет жеңіс тұғырынан көрінді. Атап айтсақ, 1971 жылы қазақша күрестен Орал облысының чемпионы атанса, үш жыл қатарынан Қазақстан оқушылар спартакиадасында, классикалық күрестен облыс чемпионаттарында жеңіске қол жеткізді. 1974 жылы еркін күрестен Украинада өткен Армия біріншілігінде ІІІ орынды иеленгені де – спортшының мерейі.
Бүгінде Ақжайық аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебін басқарып отырған Марат Ығылманов жаттықтырушылық қызметте тәжірибелі ұстаздан үйренгені мол екенін айтады:
– Бірге қызмет атқарған әріптес ретінде айтарым, Дәулет ағаның бойынан табандылық пен қарапайымдылық қатар табылады. Ол мақтанды жақтырмайды, бірақ еңбегімен талайды мойындатқан азамат. Оның ұйымдастырушылық қабілеті, шәкірттермен тіл табыса білуі, қиын сәтте де сабыр сақтап, дұрыс шешім қабылдауы – артынан қызметке келген бізге үлгі.
Жаттықтырушы, һәм спортшының елге адал еңбегі елеусіз емес. 2019 жылы Д.Ишанғалиұлына «Спорт ардагері» медалі берілсе, 2020 жылды қорытындылаған аудан спортшылары оны зор құрметпен «Спорт ардагері» аталымымен марапаттады. Сонымен қатар, бірнеше мәрте облыс, аудан және ауыл әкімдерінің алғыс хаттарын иеленді. Бұл марапаттар оның тек спортшы, жаттықтырушы ғана емес, нағыз халыққа қызмет еткен тұлға екенін дәлелдейді.

2017 жылы зейнеткерлікке шыққан Дәулет Ишанғалиұлы бүгінде Гүлбаршын апай екеуі – ұл-қыздарының, немере-жиендерінің қызығына бөленіп отырған бақытты ата мен әже.
Орайы келгенде, есімі Ақжайыққа мәлім жаттықтырушыға «Сіз секілді алдағы буын ағалар салған ізгі дәстүрді үзбей, байытып, жалғастырушылар, байрақты бәсекеде туған мекеннің мерейін асыратын чемпиондар қатары қалыңдап келе ме?» деп, біз де сұрақ қойдық.
– Небір мықтылар ауылдан шығып жатқан жоқ па?! Шүкір, Ақжайығымызды танытқан спортшылар көп, балғын балуандардан да көп үміт етемін. Саулық болса, соның бәрін көрерміз. Ең бастысы, денсаулығы мықты, ширақ, буыны бекіген, көз қызығар тұлғалы, саламатты жас ұрпақ тәрбиелесек, халық алдындағы бір парыздың орындалғаны осы, – деп сабырмен жауап қатты жаттықтырушы.
Әлия Шарапиева,
Ақжайық ауданы