Облыс әкімі Ғали Есқалиев Жәнібек ауданының Жақсыбай, Борсы, Талов ауылдарына барды.

Аудан әкімі Азамат Сафималиев облыс басшысын ең алдымен Жақсыбай ауылдық округіндегі М.Ықсанов атындағы мектептің хал-ахуалымен таныстырды. Ескіріп, жаңбырлы күні спортзалдың төбесінен су кететін білім ордасының жай-күйін аудандық білім беру бөлімінің басшысы Бағида Сарбалина мен аталған мектептің директоры Мейірбек Сарнаулов егжей-тежейлі айтып берді.

Кейін, Борсы ауылынан тоғыз шақырым жерде орналасқан, Қазақстанның 100 киелі жеріне енген Ғұмар Қараштың кесенесіне барып, тәу етті. Аудандық ардагерлер ұйымы мен Қоғамдық кеңестің төрағалары Амангелді Уәлиев пен Бекет Әліпқалиев алаштың айбоз ақыны Ғ.Қараш хақында әңгіме өрбітті.

Күрделі жөндеуді талап ететін тағы бір нысан - Талов ауылдық мәдениет үйі. Ол туралы аталған ауылдық округі әкімінің міндетін уақытша атқарушы Нұрдәулет Қыдырғалиев пен мәдениет үйінің директоры Жасұлан Пайдин айтып берді. Сонымен қатар Ғ.Сарыбаев атындағы мектеп-балабақша кешенінде ауылдың ардагерлері мен жастары жиналып, Ғали Есқалиевке сұрақтары мен ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Борсы мен Жақсыбай, Қамысты ауылдарындағы фельдшерлік-акушерлік пункттердің тозығы жетіп тұрғанын жеткізді. Сол сияқты дәріхананың жоқтығы мен ауылда қызмет көрсететін "Қазпошта" ғимаратының нашарлығын айтты. Ауыл жастары Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің "Бақытты отбасы" бағдарламасындағы тұрғын үй құрылысына қатысты кейбір талаптарды өзгертуге ұсыныс білдірді. Облыс әкімі қойылған сауал-ұсыныстарды қаперге алатынын айтты.
Гүлзара Тілекқабылқызы
суретке түсірген Мейірбек Тажкуранов
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz