4.11.2021, 9:36
Оқылды: 62

Шалғайдағы Шағатайға жол салынуда

Жол мемлекеттің күре тамыры іспеттес. Сондықтан жол салу, жөндеу жұмыстарына аса жауапкершілікпен қарау керек. Өкінішке орай, бұл салада салғырттық басым. Алыстағы ағайынға қатынас қиын, жол нашар.  Биыл шағатайлықтар үшін күрмеуі қиын болған мәселе оң шешімін тапты.

3

Осы жылдың мамыр айында басталған жол салу жұмыстарын көзбен көріп қайттық. Шағатайдан басталған жөндеу Қоғалытүбек, Ақсоғым, Үлкен Еңбек деп аталатын жол бойындағы ауылдарды да қамтып өтеді. Аудан орталығынан 105 шақырым қашықтықта жатқан, ауданымыздағы ең шалғай ауылдан басталған құрылыс Ақжайық ауылына дейін салынады екен. Барбастау-Индер республикалық жолының 43/93 шқ бөлігі, яғни 50 шақырымға есептелген жол салу жұмыстарының 13 шақырымы салынып бітті. Құрылыс жұмыстарын алған «Uniserv» компаниясының жұмыс қарқыны қызу.

2

-«Uniserv» фирмасында инженер- геодезист болып жұмыс жасаймын. Жоғары аграрлық техникалық колледжің жер өлшеу мамандығын оқып бітірдім. Одан кейін вахталық әдіспен Тенгиз, Ақсай қалаларында жұмыс істеймін. Өзім бітірген мамандық бойынша бірінші жұмысым осы жол құрылысынан басталып отыр.

Менің қазіргі жұмысым жолды қалыпты жағдайға келтіру, тегістеу. Жұмысымызды жоспарлы түрде жасап, тұрғындар игілігіне беру үшін жұмыстанып жатырмыз,— дейді құрылыстың басы-қасында жүрген Арман Қабдолұлы.

4

Жол салу жұмыстары  жақсы жүріп жатыр.Мамандар жеткілікті, өз ісінің шеберлері жұмыстануда. Бекітілген жоспарға сәйкес 3 жылға белгіленген жол құрылысын мердігер компания межелі уақытта тапсырса болды.

- Жаңа жолдың салынуы елге үлкен серпіліс алып келді. Экономиканың дамуы  халыққа жасалған игі істерден басталады.

7

Ауылда қаламен  қатынас қиын, он шақты  жеке таксисттер бар. Олардың  техникалары бұзылып, балшық күндері батып қалып жатады. Асфальт жол төселсе ең бірінші қаламен қатынасты орнатып отырған көлік жүргізушілерге жақсы болатын болды.

Халықтың көптен күткен арманы іске асып жатыр. Құрылыс аяқталғанша басты назарға алып, қадағалайтын боламыз,—дейді ауыл әкімі Оразбек Кенжебайұлы.

«Жол мұраты—жету» демекші, діттеген жерге тегіс жолмен тезірек жетсек дейді шағатайлықтар. Ол күннің де ауылы алыс емес.Тек сапасы  сарыла күткен халықтың ойындағыдай болсын, ләйім!

Балнұр Қуанышқызы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале