Көктемгі қар суының күрт еруіне байланысты Қаратөбе ауданында төтенше жағдай жарияланды. 1 сәуір күні облыс әкімі Ғали Есқалиев оқиғаның себеп-салдарын анықтау, жағдайды бақылау және тұрғындарға алғашқы көмек ұйымдастыру мақсатында Қаратөбе ауданының Шалғын ауылында болды.
Ағымдағы жылдың 31 наурыз күні Қоскөл ауылдық округі Шалғын елді мекенінде Шилі өзенінің деңгейі көтеріліп арнасынан тасып, ағын судың салдарынан су басу жағдайы орын алды. Шалғын елді мекенінде 196 тұрғын тұрады, 45 аула бар.
Соңғы ақпарат бойынша Шалғын ауылында 29 тұрғын үй және Шалғын негізгі орта мектебі, ауылдық медициналық пункт, ауылдық клуб сонымен бірге жеке кәсіпкердің үйі жанында орналасқан азық-түлік дүкені тасқын су салдарынан зақымдалды.
Қазіргі таңда елді мекеннен 96 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Соның ішінде 78 адам округ орталығы Қоскөл ауылына, 18 адам Орал қаласына жеткізілген.
Қауіпсіз аймаққа көшірілген тұрғындардан 11 адам Қоскөл ауылындағы балабақша ғимартына орналастырылса, қалғандары өз қалаулары бойынша тума-туыстарының үйлеріне орналастырылған.
Шалғын негізгі орта мектебінде білім алатын 37 оқушы. Оның 17 оқушысы Қоскөл ЖОББМ-де, 14 оқушы Орал қаласындағы мектептерде оқуларын жалғастыратын болады.
Шалғын елді мекенінде орын алған жағдайға және Қаракөл ауылдық округінің орталығы Ақтайсай ауылына кіреберістегі өткелді су шайып кетуіне байланысты табиғи апат салдарынан келтірілген шығындарды анықтау мақсатында ауданда комиссия құрылды.
Шалғын ауылында аудан әкімі, тиісті мекеме басшылары, төтенше жағдайлар бөлімінен құралған комиссия жұмыс жасауда. Ауыл тұрғындарын эвакуациялауға ауданнан 3 көлік (газель, уаз, автобус) 3 дана трактор 28 адам және №18 өрт сөндіру бөлімінен 1 УАЗ техникасы 7 жеке құрам, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінен 2 адам, аудандық полиция бөлімінен 3 техника мен 8 адам, БҚО ТЖ Департаментінен 15 техника, 70 адам жұмылдырылды.
Табиғи апат салдарынан Шалғында жалпы 7 ауладан 2 бас қой, 22 бас қозы, 3 бас ешкі, 15 бас лақ және 3 бұзау барлығы 45 бас мал шығынға ұшырады.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мәліметінше Шалғын елді мекенінде 1 сәуір күні сағат 19:00-ден бастап түнгі сағат 02:00 ге дейін Шилі өзенінің деңгейі көтеріліп арнасынан тасып, ауылды екінші қайтара су басқан.
Қазіргі таңда Шалғын ауылының тұсында 300 метрдей мұз кептелісте тұрған көрінеді. Су деңгейі арнасынан түскен.
Мемлекеттік комиссия шығындарды анықтағаннан кейін, тұрғын-жай мен әлеуметтік нысандарды қалпына келтіруге қажет қаражатты республикалық және облыстық деңгейдегі органдарға ұсыныс берілетін болады.
Сонымен қатар Қаратөбе ауданы аумағы бойынша еріген қар суының салдарынан бірнеше округке қатынайтын жолдар мен өткелдер зақымдалды.
3 сәуірдегі жағдай бойынша Қоскөл-Егіндікөл аудандық маңызы бар автожолының 12 шақырымында (Орлыкөл) 15 метр бөлігінен еріген қар суы өтіп жатыр. Егіндікөл ауылына көлік қатынасы бірқалыпты. Елді мекенге қауіп жоқ.
Қаратөбе ауданы аумағында ауа-райы күрт жылып, қар суы еруі салдарынан 30 наурыз күні Таян өзені арнасының деңгейі көтеріліп, тасыған су екпіні Ақтайсай ауылының кіреберісінде орналасқан ұзындығы 180 метр болатын өткелді шайып бұзып өтті. Қазіргі таңда Ақтайсай ауылына көлік қатынасы үзілген. Ауылдың кіре берісіндегі өткелдің шайылған бөлігіне керме тарту жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта керме арқылы үрмелі қайықпен қажетті тауарлар мен шұғыл шығуды қажет ететін ауыл тұрғындарын өткізу жүргізіледі.
Қалдығайты өзені арнасынан асып, сәуірдің 3-і күні сағат 11:00-де Қаратөбе ауылдық округіне қарасты Жымпиты–Қаратөбе облыстық маңызды бар жолдың 101 шақырымда орналасқан көпірді Қалдығайты өзені арнасынан асу салдарынан екі жерден бұзып өтті. Көпірге келтірілген шығын көлемі аудандық комиссия мүшелерімен есептелетін болады. Қаратөбе ауылына су кіріп кету қаупі туындаған жерлерге жергілікті атқарушы органдар, төтенше жағдайлар бөлімі, ауылдың ерікті азаматтарымен қапшықтарға құм толтыру арқылы көтеру жұмыстары жүргізілуде.
Аталған аумақта жергілікті атқарушы органнан 4 арнайы техника мен 130 адам, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінен 1 техника мен 16 адам және Қаратөбе ауданына көмекке Маңғыстау облыстық Төтенше жағдайлар Департаментінен екі техника мен 14 жеке құрам жеткізілді.
Аудан орталығынан Аққозы, Саралжын, Қаракөл ауылдық округтерімен көлік қатынасы үзілді.
Серікбай Хасанов,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz