Батыс Қазақстанның інжу-маржанына айналған Шалқар көлі жағасында республикалық «Шалқар толқыны -2022» ән байқауының жеңімпаздары анықталды. Екі күнге созылған өнер додасына Қостанай, Атырау, Ақтөбе, Павлодар және облысымыздың аудандарынан барлығы 20 әнші қатысып, Шалқар жағасын әсем әнге бөледі.
Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасы және Теректі ауданы әкімдігінің қолдауымен, Теректі аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастырумен жүзеге асқан байқау аудан төрінде осымен үшінші мәрте өтіп отыр. Осыған дейін, нақтырақ 2017 жылы «Шалқар толқыны» деңгейі облыстық болса, 2018 жылы республикалық деңгейге дейін көтерілген. Жаһанды әбігерге салған пандемия кезінде тоқтап қалған ән додасы жаңа тыныс алып, өнерсүйер қауымға қайтадан оралды.
Байқаудың бірінші күнінде қатысушылар Шалқар ауылдық округінің орталығы Сарыөмір ауылына ат басын бұрып, дайындықтарын пысықтап, Шалқар жағасында демалуға мүмкіндік алды. Сонымен бірге Сарыөмірдегі білім ордасы Хамза Есенжанов атындағы мектепті аралап, мұражайды көзбен көрді.
Ән додасының екінші күні қатысушылар үшін нағыз сын сағаты еді. Республиканың әр түкпірінен үкілеген үміттерін арқалап келген таланттар екі кезең бойынша сынға түсті. Байқау шарты бойынша бірінші кезеңде қатысушылар Қазақстан композиторларының шығармаларынан ел, жер, Отан тақырыбындағы әндерін шырқаса, екінші кезеңде Ақжайық өңірінің ақын-копозиторларының шығармаларын орындауы тиіс.
Қазылар алқасы құрамы да өз ісінің шеберлері һәм елімізге танымал тұлғалар еді. Құрамында «Алтын домбыра» Президент сыйлығының және «Ерен еңбегі» үшін медалінің иегері, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филормония әншісі, жерлесіміз Марат Сарбөпеев, Е.Хасанғалиев әндерін орындаушылардың «Атамекен» ән байқауының Гран-При иегері, елімізге танымал кино әртісі Асхат Үрпеков, облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Мәулет Жұбатов, танымал әнші, І «Шалқар толқыны» республикалық ән байқауының жеңімпазы, «Үш қоңыр» триосының әншісі Таңат Жексенбаев және І «Шалқар толқыны» республикалық ән байқауының жеңімпазы, «Үш қоңыр» триосының әншісі Асыланбек Шайхин бар қазыларға мықтылардың арасынан ең үздігін таңдау тапсырмасы тұрды. Байқаудың екі кезеңі Сарыөмір ауылдық мәдениет үйінде өрбісе, Гала-концерт Шалқар көлінің жағасында өтті.
«Шалқар толқыны-2022» республикалық ән байқауының қорытынды марапаттау сәтінде БҚО мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Қуанышбек Мұханғалиев сөз алып, аталмыш байқауды жүйелі түрде ұйымдастыруды қолға алған Теректі ауданы әкімдігіне алғысын білдірді. Сөз сөйлеушілердің қатарында Теректі ауданы әкімінің уақытша міндетін атқарушы Ержан Досмақов та болды.
- Осымен үшінші мәрте өтіп отырған ән байқауы талай таланттардың шығармашылығына серпіліс беріп, жаңа есімдердің танылуына сеп болғандай. Бұл дарындылар додасына тек облысымыз емес, еліміздің түкпір-түкпірінен әншілер келіп, өзара тәжірибе алмасып, танысып, мақтанышымыз саналатын Шалқар көлін көруге мүмкіндік алады. Бүгінгі байқау өз дәрежесінде өтті деп ойлаймын. Теректі ауданына келген барша қонақтарға «қош келдіңіздер» айтамыз. Қазақтың өнері өміршең болсын, - деді Ержан Нұржанұлы өз сөзінде.
Сонымен, ІІ «Шалқар толқыны-2022» республикалық ән байқауының Гран-при иегері болып Атырау облысы, Индер ауданынан келген Мұратбек Жұмашев танылды. Жеңімпазға 300 мың теңгелік сертификат табысталды. Ән байқауының І орнын (200 мың теңге ақшалай сыйлық) оралдық Рустам Хафизов еншілесе, ІІ орынды қазылар алқасының шешімімен екі қатысушы тең бөлісті. Қостанай облысынан келген Тасқын Әжібай және Бөкейорда ауданының әншісі Рауан Қажығалиев 150 мың теңгені бөліп алды. Ал қаратөбелік Рүстем Ақташев және Ақтөбе облысынан келген Нұржан Әбжан ІІІ орынды місе тұтты. Қос әншіге 75 мың теңге қаржылай сыйлық берілді.
Сонымен қатар Бәйтерек ауданының өнерпазы Ақан Жекеков, Орал қаласының намысын қорғаған Балауса Әжгереева және Павлодар қаласынан ат терлетіп келген «Самғау» квартеті байқаудың дипломанттары атанып, ұйымдастырушалар ұсынған 50 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Теректілік Айбек Дәулетқалиев, Атырау қаласынан келген Ержан Мырзахметов, Ақжайық ауданының әншісі Рысбек Жанаисов, Бөкейорданың өнерпазы Ерасыл Сәрсенбекұлы, Казталов ауданының әншісі Еділ Мақсотов, Ақтөбе облысынан келген Ердәулет Қуандық, тасқалалық Әсия Тоқсанова, сырымдық Нұрлыбек Байнияз, Бөрлі ауданының әншісі Аружан Баймурзина, Жәнібектің өнерпазы Райымбек Каримов және Ақтөбе облысы, Алға ауданынан келген Сандуғаш Тұрмуханбетова алғыс хатқа лайық деп танылып, естелік сыйлықтарды еншіледі.
Әділет Орынбасарұлы,
Теректі ауданы,
zhaikpress.kz