Бүгін Теректі ауданына қарасты Шалқар ауылдық округінің орталығы Сарыөмір ауылында аудандық «Жасұлан» жазғы сауықтыру лагері жұмысын бастады.
Лагерьдің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов, аудан әкімі Әділ Жоламанов, аудан әкімінің орынбасары Махамбет Батырғалиев, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Жанаргүл Хусаинова, ардагер ұстаздар, мектеп оқушылары және ауыл тұрғындары қатысты.
-Құрметті Сарыөмір ауылының тұрғындары, мектеп оқушылары! Бүгін сіздер үшін қуанышты күн. Ораза айт тұсында балалардың игілігі үшін «Жасұлан» лагері есігін айқара ашты. Өңірімізде бүлдіршіндердің жазғы демалыстарын жақсы өткізуге қолайлы жағдай туғыздық. Облыс бойынша мектеп жасындағы балалардың 94 пайызы оқу жылы аяқталған соң, жазғы сауықтыру лагерьлерінде демалады. Оған 250 млн. теңге қаражат бөлінді. Бүгінде облысымызда 600-ден астам нысан балғын бөбектерге керемет көңіл-күй сыйлап, ұмытылмас демалыс ұйымдастыруға сақадай-сай тұр, - деді Ғабидолла Абдоллаұлы.
Шарада бірнеше жыл бойы Х.Есенжанов атындағы мектепті басқарған ардагер ұстаз Шарапи Шотанов сөз сөйлеп, жас ұрпақтың қамын ойлаған азаматтарға алғыс айтты.
Содан соң ғимараттың құрылысымен айналысқан мердігер «Алтим» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Азамат Агелеуов лагерь басшысы Самал Тулешоваға нысанның кілтін табыстады.
Жаңа нысанның лентасын облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Абдоллаұлы мен ардагер ұстаз Шарапи Тәжібайұлы қиды.
113 млн. теңгеге салынған 48 орындық лагерьде 8 ауысымда 400 бала демалады деп жоспарлануда.
Аягөз Айтқалиева,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер