20.07.2022, 15:02
Оқылды: 107

Шалқарым, қашан шалқисың?..

Батыс Қазақстанның қай түпкіріне барсаңыз да Шалқар көлі туралы білмейтін жан таппайсыз. Маңайдағы Бөрлі, Бәйтерек өз алдына, ту сонау Жәнібектен бала-шағасын Шалқарға алып келгенді көзіммен көрдім. Ол аз десеңіз, алыстан қыдырып келген қонақты да сол Шалқарға апарамыз.

IMG-20220719-WA0055

Ал сол Шалқардың жағасы демалуға келген адамға қолайлы ма?

Бұл жөнінде жыл сайын айтып-жазып, аудан-облыс көлемінде мәселе көтеріліп жүр.

Десек те, жылдан-жылға жалғасқан осы мәселенің шешімі болмай тұрғаны...

Шындығын айту керек, қазір Шалқар жағасында ұйымдастырылған демалыс орны жоқ. Жағалай киіз үй тіккен жергілікті тұрғындар әрқайсы өз бетінше тырбанып, ас-су жасап қызмет көрсетіп жүр. Дегенмен бұл киіз үйлер жайлы демалыс қамтамасыз ете алмайды.

Күні кеше өңірдегі белсенді азамат, тарихшы, өлке жанашыры Айболат Құрымбаев фейсбук әлеуметтік желісіндегі өзінің жеке парағында біздің Шалқарға демалуға келіп, ойға түйгенін жариялапты. Астына халық өз ойын жазып, қызу пікірталас болған екен.

IMG-20220719-WA0056

Алты бөлек жарияланған жазбаның қысқаша мазмұны - Шалқар жағасында сапалы демалу мүмкін емес. Киіз үйлерде демалушыларға жағдай жасалмаған. Жағажай лас. Не таза су, не дәретхана жоқ.

Осыдан келіп, ол жағажайды жайландыру, киіз үй тігушілерді бір ізге салу, ойын алаңдарын, көлік қою орнын жасақтау және т.б керемет ұсыныстар жазған.

Шындығына келсек, бұл жыл сайын айтылып жүрген әңгіме. Мәселе оның іске асуында болып тұр.

Алдымен киіз үйлер жайына тоқталайық.

Шалқар көлі жағасында 30 қожайын киіз үй тігіп отыр. Оның ішінде 5 көпбалалы отбасы егесі, 2 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Грант алып, кәсіпкерлік қылуға санаттары сәйкес келеді. Дегенмен, грант алуға олардың қызығушылығы жоқ. Қалыптасып қалған бағытпен жүре беруден артыққа құлықсыз.

Жалпы, Шалқар жағасы қараусыз қалды деп айтуға негіз жоқ.

Өткен аптада Сарыөмір ауылдық мәдениет үйінде Шалқар көлі аумағын абаттандыру, суға шомылу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелері бойынша ауыл тұрғындарымен және жағада құрылған киіз үй иелерімен жиналыс өтті.

IMG-20220719-WA0054

Жиынға облыс орталығынан мамандар келіп, тәжірибелерімен бөлісті. Олардың қатарында кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының туризм бөлімінің маманы Е.Қайырғалиев, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бөлімінің басшысы Ж.Қуанышкалиева, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының эксперті Е.Адиев, төтенше жағдайлар департаменті басшысының у.м.а М.Қалиев болды.

Күн тәртібінде санитарлық тазалық, қоғамдық тәртіпті сақтау, салық басқармасына заңды түрде уақытша жеке кәсіпкер ретінде тіркелу, көл жағасындағы киіз үйлерді бірқатарға жылжыту мәселері қаралды.

Басқосуда мамандар Шалқар көлінің аумағын абаттандыру, суға шомылу қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау жұмыстарын үнемі бақылауға алу қажеттігін түсіндірді.

Жиналыс аяқталған соң, Шалқар көлінің жағасында сенбілік ұйымдастырылды. Оған киіз үй иелері, Шалқар, Анқаты, Ақсоғым ауылдық округінің қоғамдық жұмысшылары қатысты. Тұрғындардың көмегімен көл жағасындағы қалдықтар тазартылып, қосымша контейнерлер орнатылды.

IMG-20220719-WA0057

Және бұл бір мәрте ғана жасалған «көпірік» шара емес.

Шалқар ауылдық округінің әкімі Сабырбек Мусин:

-Көл жағасында тазалық болуы үшін қоғамдық ақылы жұмысқа тартылған 15 адамды осы жұмысқа бағыттадық. Апта сайын сенбілік жасап, жиналған қоқыс-қалдықтарды арнайы орынға шығарып тастаймыз,- деп күнделікті жұмыстарды айтты.

Иә, жүздеген адам келіп аткөпір жасаған 11 мың шаршы метр жерді он бес адам жинап, тазалап ұстап отыруы мүмкін де емес. Осы жерде демалушылар да тазалық сақтау жайын ойланса екен...

Алысқа бармай-ақ, өз көзім көргенді айтайын. Осыдан оншақты күн бұрын демалыста Шалқарға бардық. Жазғы демалыста қыдырыстап келген жиендер Шалқарды көрмеген екен. Киіз үйлерден әрегірек кеттік. Қасымызда бір-екі отбасы демалып жатты. Жағада от жағып, кәуәп пісірді, шәйнек қайнатты. Кеште кетерінде сол орынды ыбырсытып тастап кетті. Ошақ өз алдына, пластик құтылар, қаптамалар қалды жайрап. Кетерінде сол жерді жинап кетсе, болмай ма?

Осыған байланысты жағаны бақылап, әкімшілік жазаға тартатын бір өкілетті қызметкер керек. Қазір жағаны Шалқар ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы бақылайды, демалыс күндері Ақжайық полиция бөлімінен қосымша қызметкерлер келеді. Десек те, «Демалып жатырмын» деп жүгенсіз кететіндер баршылық...

Осы қоқыс мәселесі тек Шалқарда ғана емес, жалпы қай жерде де бар. Дегенменаудан әкімшілігі жаздың күні адам көп шоғырланатын көлге ерекше назар аударып отыр. «Көл жағасын абаттандыру, әжетханалар орнату, қоқыс жәшіктерінің санын көбейту өзекті мәселелердің бірі.Қазіргі таңда көл жағасына түсетін жерде 2 әжетхана, 10 күл-қоқыс контейнері бар. Ол аздық етіп отыр. Сондықтан  жақын арада қосымша  10 әжетхана және 20 қоқыс контейнерін орнатуды жоспарлап отырмыз. Қоқыс шығаратын ұйымды анықтаудамыз» деген мәлімет берді аудан әкімдігі.

Осыған байланысты демалуға келіп, «Әжетхана алыс», «Киіз үйлер судан алыс» деген адамдардың қаперіне салар тағы бір жайт бар – су бұрынғы жағалауынан шамамен 1 км алшақтап кеткен. Ал, заңнамалық тәртіп бойынша анықталған жағалаудан жақын жерді кәсіпкерге жалға беру болмайды. Дәл осы себеппен жағалауға жақындатып әжетхана салу да мүмкін емес.

Дегенмен, «Болмайды», «Мүмкін емес» деген шолақ жауаптармен тыйып тастамай, аудан әкімдігі бірқатар абаттандыру шараларын қарастырып жатыр.Оның ішінде жағажайда спорттық алаң жасақтау, автотұрақ орнын белгілеу, сауда нүктелерін ұйымдастыру бар екен.

Алдағы уақытта Шалқар жағасы тіпті керемет демалыс орны болайын деп тұр.

Көл жағалауында замануи туристік демалыс базасын ұйымдастыру үшін аудан әкімшілігі жүргізген жеке инвесторларды тарту жұмыстарынәтиже берді.

Биыл жеке кәсіпкер «Е.М.Куксова» жеке инвестициялық жобасын іске асыруды қолға алды. Жобаны іске асыру үшін жалпы ауданы 2415 га жер учаскесін жалға алу жұмыстары аяқталды. Осы жобаны іске асыру тәулігіне 4000 туристке дейін қызмет көрсетуді көздейді. Инвестор демалыс базасын құруды жоспарлап отыр, оның ішінде: жазғы демалыс базасы, арқан жолы, демалыс және балық аулау аймағы, бекіре тұқымдас балықтарды ашық торларда өсіру, азық-түлік сататын дүкендер, қайық станциясы, ыстық тамақпен қамтамасыз ету үшін кафе салынады.

Жоба шеңберінде киіз үйлер, үйлер мен глэмпингтер салу және орнату, ыстық тамақ беру, азық-түлік тауарларын сататын дүкендер, тәулік бойы құтқару қызметі, медициналық көмек көрсету, биодәретханалар, концерттер ұйымдастыруға арналған сахна және жергілікті көрікті жерлерге турлар ұйымдастыру көзделген. Бұл жобаны іске асыру  мерзімі – 2022-2026 жылдар. Жобаның бірінші кезеңін бастаған инвестор ашық торда бекіре өсіруді бастады. Сондай-ақ көл жағалауындағы қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында бақылау мұнарасын орнатпақшы.

Бұл жоба іске асқан соң, Шалқар көлінің жағасы жайлы демалыс орны болайын деп тұр.

Ал әзірге демалушылар да, оларға қызмет көрсетушілер де тазалық сақтап, табиғаттың сыйын сақтауға күш салса екен. Сонда ғана Шалқар шалқиды.

Камелия Қарекесова,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале