Казталов аудандық мәдениет үйінде қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне арналған «Шіркін, Шәмші әндер-ай!» атты «Ардагерлер әуені» вокальдық тобының ән кеші өтті.
Қазақ өнерінде айрықша із қалдырған атақты композитордың құрметіне арналған ән кешінде ең алдымен Шәмшінің өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды.
«Алып анадан туады» демекші, концерттік бағдарлама композитордың үлкен жүрек тебіренісінен туған «Ана туралы жыр» әнімен ашылды. Ән басталысымен көрермен қауым әнді қосыла шырқап, ілесе кетті. Жүрек қылын шертіп, сырлы сезімнің сан пернесін басар «Қайықта», «Ақ бантик», «Сыр сұлуы», «Қайдасың» деген секілді көптеген Шәмші әндері кезек кезегімен шырқалып, көрермен көңілі ән көгінде қалықтады. Ән кешінде «Ардагерлер әуені» вокальдық тобымен қатар, Ермек Айдынғалиев, Ұштап Ғабдоллина, Гүлмай Базартаева, Сауия Досқалиева, Нұрлан Есенғалиев, Светлана Қожағалиева, Зәуреш Базарғалиева, Көбен Базарғалиев сынды аға буын өкілдері және халықтық «Гүлдерайым» әжелер ансамблі өте жоғары деңгейде өнер көрсетті.
Кеш барысында композитордың өмірі мен шығармашылығына қатысты викториналық сұрақтар беріліп, белсенділік танытқан көрерменге шағын сыйлықтар тарту етілді. Сонымен қатар Шәмші әндеріне сусаған көрермен композитордың әндерін қосыла айтып, әдемі әуен аясында шыр айнала би биледі.
Кеш соңында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Қадер Нұрғалиев концертті дайындауға мұрындық болып, жоғары деңгейде алып шыққан ансамбль жетекшісі, «Еңбек даңқы» төс белгісінің иегері Нұрия Самиғоллақызына және көрерменге керемет кеш тарту еткен ардагер өнерпаздарға аудан әкімінің атына зор алғысын білдіріп, алғысхат табыс етті.
Жансая Жұмажанқызы,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz