16.02.2022, 10:50
Оқылды: 107

Шаңғы жарысынан олжалы оралды

13-15 ақпан күндері Бөрлі ауданы Ақсай қаласында шаңғы жарысынан БҚО чемпионаты өтті. Бәсекеге Бөрлі, Бәйтерек, Теректі, Тасқала, Шыңғырлау аудандары мен Орал қаласынан келген 120-дан астам шаңғышы қатысты. Екі күнге созылған жарыс БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен, БҚО шаңғы жарысы федерациясы, Бөрлі аудандық шаңғы жарысы федерациясы және Бөрлі аудандық спорт бөлімінің бастамасымен ұйымдастырылды.

FB_IMG_1644984321997

Өңірдің үздік шаңғышыларының бабы байқалған байрақты бәсеке жоғары деңгейде өтті. Бірінші жарыс күні спортшылар классикалық жарыс пен спринтте сынға түссе, екінші күні ұзақ қашықтықта үздіктер анықталды.

Аталмыш додада бәйтеректік жас шаңғышылар жақсы нәтиже көрсетті.

Классикалық әдісі бойынша сынға түскен 2010 жылы туған шаңғышылар сынында Ернұр Серікқали бірінші орын иеленсе, 2006-2007 жылғы ұлдар бәсекесінде Сырым Жамил алдына жан салмай, облыс чемпионы атанды. Осы бәсекеде тағы бір бәйтеректік өрен Бахтияр Исимов үшінші орынға тұрақтады. Одан бөлек, аудан намысын 2008-2009 жылы туған ұлдар арасындағы жарыста қорғаған Данат Мусалимов екінші, Нұрбатыр Жамил үшінші орын иеленді. Қызықты жарыста 2003-2005 жылғы ұлдар да намысты қолдан бермеді. Бұл сында Айдар Галиев үшінші орын иеленді.

FB_IMG_1644984300902

Жарыстың екінші күні шаңғышылар «Еркін әдіс» бойынша бақ сынасты. Бұл жарыс қорытындысында Ернұр Серікқали тағы бірінші орын иеленсе, 2006-2007 жылғы ұлдар бәсекесіне шыққан Сырым Жамил, 2008-2009 жылы туған ұлдар жарысында Данат Мусалимов, 2003-2005 жылғы ұлдар жарысында Айдар Галиев үшінші орынға жайғасып, көпшілікті қуантты.

FB_IMG_1644984312498

БҚО шаңғы жарысынан жасөспірімдер мен жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Серік Хайруллин жеңіс тұғырларынан көрінбесе де әдемі өнерімен көрерменді сүйсіндірген Айлана Қанатқызы мен Дамира Майданбек сияқты бұрымды шаңғышылар болашағы бар екенін дәлелдегенін айтады.

Өңірдің үздік жас шаңғышылары бәсекесінің жалпыкомандалық есебінде Бөрлі ауданы бірінші, Бәйтерек ауданы екінші, Орал қаласы үшінші орынды иеленді.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлер медальдармен марапатталды.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале