26.01.2022, 15:15
Оқылды: 38

Шаңғы жорығы өтті

Жақында Бәйтерек ауданы Янайкин ауылындағы Талғат Бигелдинов атындағы білім ордасының ұжымы «Менің Отаным – Қазақстан» атты шаңғымен туристік-өлкетану жорығын ұйымдастырды.

CDA67923-1B5C-4C45-AFEB-837308FEAA26

Білім алушылардың Отанға деген сүйіспеншілігін ояту, елін, жерін құрметтеп, сүюге тәрбиелеу және бұқаралық спортты дамытып, қысқы спорт түрлеріне деген қызығушылықтарын ояту мақсатында өткен шараға «Сұңқар» спорттық бағдарлау үйірмесінің 6-8 сынып оқушылары қатысты.

Бүгінде янайкиндік жастар спорттық бағдарлаудан аудан мен облысты былай қойғанда республиканың бірнеше дүркін чемпиондары атанды. Бұған бірден-бір себепкер – аталмыш спорт түрінің қыр-сырын үйретіп жүрген мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері Сырым Бекешов пен Сергей Щербань. Шаңғымен туристік-өлкетану жорығының өтуіне де ұйытқы болған осы жандар.

Әріптестерінің айтуынша, жетекшілер демалыс кездерінде де аудандық туризм орталығының әдіскерлерімен байланысқа шығып, ауылға шақырып, оқу жаттығулар өткізіп отырады екен.
Сосын да шығар, күні кеше өткен шаңғымен туристік жорыққа қатысқан мектеп оқушыларының деңгейі кәсіби спортшылардан кем болмады. Ауа райының суығына қарамастан балалар белсенділік танытып, діттеген мақсаттарына жеткен. Бұл жайлы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Замир Ғұмаров кеңінен айтып берді.

-Ауданымыздың құрама командасының басым бөлігі біздің мектептің оқушыларынан жасақталғаны қуантады. Спорттық бағдарлау үйірмесі аудандық туризм және экология орталығы жанынан ашылды. Қазір ұзын саны отыздан астам бала түрлі қашықтықта жүгіруді, қыста шаңғымен бағдарлауға үйренеді,-дейді Замир Ғиссатдинұлы.

Сонымен қатар мектеп жасындағы балаларды салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелейтін шара алдағы уақытта жалғасын табатынын тілге тиек етті.

Назерке Сыйлыбай,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале