19.03.2025, 19:00
Оқылды: 68

Шаңырақ күнін тасқалалықтар ерекше тойлады

«Шаңырақ» күні. Ия, бұл күн Наурызнаманың маңызды бір бөлігі десек қателеспейміз. Өйткені дәл осы  күні отбасылық құндылықтар мен  үлкендерді құрметтеу, ұлттық дәстүрлерді дәріптеу алдыңғы қатарға шығады.

image-19-03-25-05-25
Аптаның алғашқы күні «Шаңырақ» күніне орай және «AMANAT» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында Тасқала аудандық денешынықтыру және сауықтыру кешенінде өткен «Қариясы бар елдің-қазынасы бар атты ашық есік күні де осы мақсатқа арналса керек. Мұндай шаралар жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп, үлкендердің өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңесін насихаттауға үлкен үлес қосады. Аталмыш шараға аудан әкімі Талғат Шакиров, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәрдемғали Балыков, «AMANAT» партиясы Тасқала аудандық филиалының төрағасы Люция Жұбанышқалиева, аудан әкімінің орынбасары Саягүл Галиева  мен еңбек ардагерлері арнайы қатысты.
image-19-03-25-05-25-1
Ашық есік күніне  жиналғандар алдымен жаңа үлгіде салынған ғимаратты аралап, тренажор, күрес залдарымен танысты. Содан соң салтанатты шараға қатысты. Жиында алдымен сөз алған аудан басшысы Талғат Асқарұлы жиналғандарды Наурыз мерекесімен құттықтап, онкүндік аясында ұйымдастырылған шараның маңызына тоқталды. Содан соң отбасын құрғандарына 60,50,25 жыл болған «Алтын және күміс» той иелерін марапаттады.
image-19-03-25-05-25-4
Одан әрі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәрдемғали Абылғалиұлыда Шаңырақ күніне орай  еңбек ардагерлерінің, зейнеткерлердің басын қосып, әдемі шара ұйымдастыруға қолдау білдіріп, мұрындық болған аудан әкімдігіне ризашылығын білдірді. Мұндай шаралар өскелең ұрпаққа  ұрпақтар сабақтастығын жалғастыра отырып, шаңырақ көтерген үлгілі отбасылар арқылы отбасы құндылықтарының маңызын ұғындырып, ұлттық дәстүрлерді жаңғыртуға үлкен үлес қосатынын тілге тиек етті.  Содан соң әннен шашу шашылып, бишілер дөңгелене би биледі.
image-19-03-25-05-25-3
Салтанатты шарадан соң үлкендер бірі дәрігерге барып қан қысымын өлшетіп, медициналық көмек алса, енді бірі шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ сынды ойындарға қатысты. Спорт кешенінің бір бұрышында әжелеріміз тоқыма тоқып, ұрышық иірсе, аналарымыз бес асық ойынын ойнады.
image-19-03-25-05-25-2
Одан бөлек  шараға жиналғандар үстел тенисі мен асық ату ойындарына да қатысты. Арасында тәттілермен шәй ішіп, әңгіме айтып, иогамен айналысып,  бойларын сергіткендер де болды. Кітапханашылар дайындаған кітап көрмесімен  танысқандар да болды. Жалпы бұл күні ұйымдастырылған шараға 60 тан  астам аудан тұрғындары қатысты. Бәрі де шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына ризашылықтарын білдіріп, бір сергіп қалғандарын айтты.
Назгүл Серікқызы,
Тасқала ауданы
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале