1.06.2020, 17:49
Оқылды: 71

Шаңырақ шайқалса шаттық ортаяды

Ажырасу – бүгінгі қоғамның үлкен кемшілігі. Ең қысқа жанұяның ғұмыры 24 сағат болғанын білесіз бе? Олар тойдан соң сыйлықты бөлісе алмай ажырасып тыныпты.

Ажырасуды  социологтардың бірі тәрбиедегі кемшілік деп таныса, бірі қоғамнан, ортадан көреді. Бірі материалдық құндылықтардың алға шығуынан, енді бірі ұлттық салт-дәстүрдің ұмытыла бастауынан, өзге елге, өзге ұлтқа еліктеуден, т.т. деп жатады.FB7C5F57-A415-4464-BC76-7FF97FDCBCB9

 Ажырасу - әлемдік дерт

Әлеуметтік желідегі желдей ескен ақпараттардың айтқанына сенсек, бұл дерт бүгінде бүкіл әлемді жайлап алған екен. Танымал американдық әлеуметтанушы, психолог Констанция Аронс әлемде әрбір 13 секунд сайын бір отбасы ажырасатынын есептеп, дәлелдеген. Бір АҚШ-тың өзінде жыл сайын 1 миллион отбасы ажырасады. Ажырасу - әлеуметтік проблемаға айналып, енді қоғамда қалыпты жағдай ретінде қабылдана бастаған. Журналист Гүлжан Рахман да  «Әкелі бала жаужүрек, әкесіз бала сужүрек» деген мақаласында ажырасудан ТМД елдері арасында алтыншы орында екенімізді атап кеткен. – Британдық Economist басылымының статистика мәліметіне сүйене отырып, ажырасу саны жағынан көрші қырғыз елі әлем бойынша 48 орында, ал 1 миллиардтан астам халқы бар Қытайда мың адамға шаққанда ажырасу көрсеткіші 108 пайыз болса, 18 миллион халқы бар Қазақстан алғашқы ондыққа кірген. Біздің көрсеткіш мың адамға шаққанда 2,8 пайызға жеткен, - деген ақпараттар келтірген.

 Аудандағы ахуал

Аталмыш дерт біздің Бөрлі ауданында да бар. Бүгінгінің сүйіп қосылған «Қозы мен Баяндарының» махаббаттарының беріктігі қандай екенін білу үшін Бөрлі ауданының азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне бас сұқтық. Мамандардың мәліметіне сәйкес, төмендегі көрсеткіштерді ұсынып көрейік. Мысалы, 2017 жылы 457 «шағын мемлекет» құрылып, үлкен өмірге қадам басқан. Тиісінше осы жылы 217 отбасының жолы екіге айырылып, ажырасу шамамен 48 пайызды құраған екен. Ал 2018 жылдың статистикасы бойынша 418 «Жібек пен Төлеген» табысып, оның 211-і жеке өмір сүруді дұрыс көрген. Бұл осы жылдағы жарасқандар көрсеткішін құраған отбасылардың 50 пайызынан асқан. Демек, алдыңғы жылмен салыстырғанда ажырасу көп. Әрине айтуға ауыз бармайды. Бірақ шындықтан қашып құтылмаймыз. Бүгінгінің бет-бейнесі осы болса, айтпасқа шара бар ма?

Осы тұста сіздерге ажырасу істеріне сәйкес АХАТ бөлімі мамандарының салыстырмалы түрде жасаған сараптамасына көз жүгіртіп көрсек.

Жылы 

Отасқандар саны

Ажырасқандар саны

2017

457

218

2018

418

211

2019

412

250

 Отасқан жылдарына байланысты ажырасу көрсеткіші

Жылы 

1 жылдан асқан

3 жылдан асқан

5 жылдан асқан

2017

20

24

17

2018

33

34

24

 Жас ерекшеліктеріне байланысты ажырасу көрсеткіші

Жылы 

20-30 жас

30-40 жас

40 -50 жас

2017

72

84

32

2018

51

92

46

 Бала санына байланысты ажырасу көрсеткіші

Бала саны 

1

2

3

4

5

2017

77

54

7

3

1

2018

77

53

10

1

1

 Отбасын құру жасына байланысты көрсеткіш

Жылы 

16-20 жас

21-25 жас

25-30 жас

30-35 жас

35-40 жас

40-50 жас

2017

18

104

157

53

29

27

2018

17

149

115

62

22

20

 Көрсеткіштерге қарай отырып, баласы бар отбасылардың да өзара үйлесім таппайтындарын байқауға болады. Бөрлі аудандық сот мамандарның мәліметінше, ажырасқандардың 90 пайызынан көбі мінездеріміз сәйкес келмейді деп ақталады екен. Жас отбасылар өмірдің қиындықтарына төтеп бере алмай бір-біріне қолдау жасай алмағандықтан ажырасады десек, орта жастағылардың көресеткіші де қуанарлық жағдайда емес. Артындағыларға үлгі болады деген орта буын осылай жасаса, отбасы құндылығының құлдырап кеткендігі анық сезіледі емес пе? Бұл тұста «түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан ізденің» нақ өзі болып тұр. Сойқандықтың сойылы осы жерде жатыр. Әкесі мен анасының мәміле тауып, ортақ ас іше алмайтынын көрген ұрпақ, замана желіне шыдас беретін, шайқалмайтын шаңырақ құра алады деу тазша баланың қырық өтірігімен өзімізді алдарқату сияқты. От баспай тұрып, отбасылар осыны ұқса игі.

 Психолог пікірі

Ажырасқан жағдайда балалы отбасыларда ең алдымен ата-анасын бірдей жақсы көретін балаға қиын екені белгілі. Ата-анасының жолының екіге айрылуы баланың ертеңіне үлкен соққы болуы ықтимал. Осы төңірегінде жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының жанынан құрылған «Психологиялық кабинеттің» психолог маманы Ботагөз Байқадамованың пікірін білдік.

- Тікесін айтқанда толық емес отбасында тәрбиеленген баланың психологиясы толыққанды отбасында тәрбиеленген баланың психологиясынан әлдеқайда кем дамиды. Өйткені отбасындағы махаббатты, жылулықты, қамқорлықты бала үнемі күтеді. Оны көзімен көргісі келіп, іштей аңсап тұрады. Бірге жүрген әке мен ананың бірден бір-бірінен ат тондарын ала қашуын бала жүрек қабылдай алмайды. Бұның бәрін әке мен шеше біледі, білсе де мойындамайды. Өзіне өмір бойы қамқор бола алады деп есептеген екі жанның өзара жанжалын көргенде бала бірден кінәні өзінен іздей бастайды. Бұрынғыдай бақытты отбасы боламыз деген ішкі түйсігі сыртқы ортаға басқа көзбен қарауға мәжбүр етеді. Осыдан баланың психологиясы стреске ұшырайды. Бойындағы үрей, қорқыныш, болашағына сенімсіздік барлығы қатарласа соққы болып, не баланы томаға тұйықтыққа, не болмаса шектен тыс ашушаңдыққа жетелейді. Осы кезеңдердегі баланың бар ойы әке мен ананың арасындағы кикілжіңді тоқтатып, бәрін қалпына келтіру ғана болып тұрады. Егер бұл қолынан келмесе, өмірін қос арнаға бұрған ата-анасын қоса алмаса, бала толығымен өзін ешкімге қажетсіз, жеке ой мен пікірі жоқ, отбасына, қоғамға бөтенсінген күйде оқшаулана бастайды.

Қазір ажырасу мәселесі бойынша үш отбасымен жұмыс істеп жатырмын. Мысалы, әкесімен бірге тұрып жатқан бір қыз бала анасын қатты сағынады. Екеуінің бірге болғандарын қатты қалайды. Анасына тым жақындап кетсе, әкесінен айырылып қаламын деп үрейленеді. Осылай екі оттың ортасында жүр. Осыған ұқсас тағдырлар қаншама. Ажырасқан отбасылардың балаларының көбі анасымен қалады. Бұл, әсіресе ер бала үшін өте ауыр. Көз алдында өзі арқа тұтатын асқар тау әкесінің беделінің төмендеуі немесе оның басқа балаға әке боп кетуі, ол туралы кері пікірлер ер балаға тікелей әсер етеді. Осындайды көріп, оның үстіне әкелік махаббатқа қанықпаған бала толыққанды отбасының тірегі болар азамат болып қалыптасуы екіталай. Айналып келгенде бұл алдағы уақыттағы тағы бір отбасыға әке қамқорлығы жетпей қалмайды ма деген сауал туындатады. Сондықтан ер мен әйел ажырасуға бармас бұрын баланың тағдырын, болашағын ойлағаны абзалырақ.

 Түйін

«Қуана білгенге құт, бағалай білмегенге бақ қонбайды». Қазақ ескіден осылай деп бекер мақалдамаған шығар. Бабамыз «Отбасы болғасын ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» дейді. «Жеті рет өлшеп, бір рет кесіп көріңізші». «Менікі дұрыстың» орнына, «Сенікі де жөн- ау» деп көрсеңіз қалай болар екен?

Әлемдік тәжірибеде жұптар ажырасуға өтініш беру үшін ер жігіт смокингпен, әйел адам той көйлегімен келуді міндеттейді екен. Оларға психологиялық шабуыл болған бұл әрекет өзінің жемісін беріп жатқан көрінеді. Бәлкім, бізге де осы тәжірибе артықтық етпейтін болар? Кім білген?

 Мейрамбек Сыдықов

Бөрлі ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале