17.11.2025, 16:45
Оқылды: 204

Шап, Шалқарбай! 

Сырым ауданындағы кітапхана жанынан ашылған Қадыр атындағы руханият залы алғашқы меймандарын төрге шығаруда. Жуырда осы залда белгілі айтыс ақыны, Мәдениет саласының үздігі, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы Шалқарбай Ізбасаровтың "Ауылдан Алматыға дейін..." атты шығармашылық кеш берді. 

IMG_9756

Шалқарбай Ізбасаровтың есімі айтыссүйер ағайынға етене таныс. Әрине, айтыс ең алдымен - сөз өнері. “Күпі киген қара өлеңге шекпен жабу” - ақынның міндеті десек, Шалқарбай шекпен емес, өлеңнің арқасына “жылтыр костюм” жапқан жаңашыл талант. Оның сахнада жасаған “шоулары” - орындықтың үстінде жүз келі жүкпен селкілдеп билейтіні, саусағымен ауада сурет салатыны өзіне ғана көркем жарасады әрі езуіңе еріксіз күлкі үйіреді.

IMG_9743

Шалқар ақын Жүрсіннің жүйріктерінің қатарына зып беріп еніп кеткен жоқ. Ол ауылдан Алматыға дейін бұралаң жолдарды жүріп өтті. Жоқшылық, сәтсіздік, бақталастық - бәрі де бастан өтті. Бұл туралы “Тұлға” шығармашылық бірлестігі даярлаған (режиссер: Талғат Мықи) “Ауылдан Алматыға дейін…” атты деректі фильм баяндайды.

IMG_9772

Ай басында Атырау қаласында Шалқарбай Ізбасаровтың “Шабытты шақтар” атты қостомдығының тұсаукесері өтті. Бұл кітапта ақынның Ринат Зайытов, Еркебұлан Қайназаров, Жансая Мусина, Аспанбек Шұғатаев секілді жыр тарландарымен болған жалпы саны 70 - ке жуық айтысы жинақталған.

IMG_9899

- Шалқарбай Ізбасаров алғаш айтысқа шыққан кезде біраз қазылар оның өлендерін тым қарабайыр, қарапайым деп бағалап, мұны ақынға мін ғып тағатын. Әр нәрсенің өз қайыры бар. Осы кемшілігі жүре келе Шалқарбайдың ерекшелігіне айналды. Ауылдан келген еңбек адамының образына еніп алған айтыскер сол ауыл жігітінің көзімен айналаға назар салып, аңқаулау болмысымен барлық құбылысқа баға береді. Халыққа аса түсінікті жыр жолдары көрермендерді баурай отырып, рухани ләззат сыйлайды. Сахнада бөксесімен билеп отыратын Шалқарбай нағыз көрерменнік көзайымына айналды. Ол - қоғамдағы кеселдерді, шаруадағы шалағайлықтарды тап басып, қыбын тауып айта білетін ақын, - деп баға береді шәкіртіне айтыстың атасы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман.

Сол Шалқарбайдың “Шабытты шақтар” жинағы кеше Жымпитыда таныстырылды. Сырым ауданы әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов пен белгілі қаламгер, ҚР Журналистер Одағының мүшесі Мүсірбек Айташев кеш иесіне шығармашылық табыс тіледі.

IMG_9786

Шалқарбайдың өзі халықпен өлеңмен амандасты. Күнінде Атақ - аты болмай, ел тегіс танымай  тұрғанда да Жымпиты жылы құшақ танытып, өнеріне бата бергенін айтты. Ақынның “Ауылдан Алматыға дейін…” жобасының алғашқы аялдамасы - Сырым даласы болуының екінші себебі, тарих пен тұлғалар сабақтастығынан. Айта кетейік, Шалқарбай Атырау облысы, Тайсойған құмында дүниеге келген. Бұл өңірде Алашорда үкіметінің Батыс бөлімшесінің төрағасы Жаһанша Досмұхамедовтың саяси серігі Халел Досмұхамедов туған.

- Достығы Орал менен Атыраудың, Халел мен Жаһаншаның достығындай! - деді ақын бұл жайлы.

Кеште қызылқоғалық термеші Әділбек Қайыров Шалқарбайдың Арман Бердалиннің әніне жазылған "Тіл туралы толғауын” орындады.

Ақын, әнші - сазгер Әділ Ахметов те су жаңа екі әнді жарияға шығарды. Сөздерінің авторы - Шалқарбай Ізбасаров.

Ақынның жырларын сырымдық балғындар жатқа оқып, жүректі жылытты.

Шаһаңды (Шалқарбайды) Ақжайық жаққа тартып тұратын тағы бір тылсым күш бар десек, ол - ағаға деген аңсар. Атыраулық ақын қазақ айтысының қайқы қылышы, оралдық Бауыржан Халиолланы өзіне үлгі тұтады.

Жымпитыдағы кеште ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Ғ. Құрманғалиев атындағы академиялық филармониясының директоры Бауыржан Халиолла, сонымен бірге Шалқарбайдың туған жерінің атынан

Атырау облысы, Қызылқоға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гауһар Құрманғазиева мен Тайсойған ауылдық округінің әкімі Төреш Қозыбақов сөз сөйледі.

Жиын айтыспен жалғасты. Атыраулық айтыскер ақындар Ерқанат Мақсотов, Әділбек Қайыров, Батыржан Кәдірбай және Жайықтың жыр жүйріктері -  Айнабек Бисенғалиев, Талғат Мықи, Орынбек Меңдіқұл сахнада сөз думанын жасады.

Кешті әнші Алмаз Елшібеков “Жасай бер елі Сырымның!” әнімен аяқтады.  Ал, Ізбасаровтың керуені әрі қарай Алматыға бет түзеді. Шап, Шалқарбай!

 

Бауыржан Ширмединұлы, 

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале