18.05.2023, 16:00
Оқылды: 50

Шапан жауып, ат мінгізді

Тасқала ауданы орталығындағы "Жастар" стадионында дзюдодан халықаралық дәрежедегі төреші, самбо күресінен КСРО спорт шебері, КСРО-ның "Ерен еңбегі" үшін медалінің иегері Қайыржан Мұхамбетжанұлы Баймағамбетовтың 70 жас мерейтойына орай Батыс Қазақстан облысының ашық біріншілігі өтті.

Аталмыш додаға 2010-2011 жылы туған жасөспірімдерден құрылған 14 команда  қатысып,  боз кілемде бақ сынады. Командалар қатарында Ресей Федерациясының Саратов қаласынан, БҚО спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп интернаты, Ұлттық жекпе-жек спорт мектебі мен «KODOKANSPIRIT» дзюдо орталығы және «Намыс» клубы, дзюдо-самбо спорт клубы мен Теректі, Ақжайық, Сырым аудандарының командалары бар.

Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімінің міндетін атқарушы Талғат Шакиров, сондай-ақ, мерей той иесінің сыныптастары мен достары, шәкірттері мен ұлдары және БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының директоры Әскербек Нұрмұқанов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Әнесов, сонымен қатар "Спорт жұлдыздары" журналының Орал қаласындағы филиалының бас редакторы Алтынгүл Мұханбетқалиқызы арнайы қатысты.

IMG_9280

Алғаш болып сөз алған аудан әкімінің міндетін атқарушы Талғат Асқарұлы, Қайыржан Мұхамбетжанұлын мерейлі 70 жасымен құттықтап, аудан әкімі Бауыржан Айтмағамбетовтың алғыс хатын табыстады.

Иығына шапан жауып, астына ат мінгізді. Сондай-ақ, өз кезегінде Орал қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, мерейтой иесінің досы Марат Әнесов Қайыржан Мұхамбетжанұлына «Асыл ардагер» төсбелгісін табыс етсе, «Спорт жұлдыздары» журналының бас редакторы Алтынгүл Мұханбетқалиқызы мерейтой иесінің кеудесіне «Патриоттық және азаматтық белсенділігі үшін» медалін тақты.

IMG_9292

Турнирде Қайыржан Баймағамбетовтың шәкірті, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Сұңғат Беккалиев бас төреші болды. Жарыс  нәтижесінде 30 келі салмақ дәрежесінде жүлделі бірінші орын оралдық Әділхан Мәлікке бұйырса, 34 келі салмақ дәрежесінде I орынға жекпе-жек мектебінің оқушысы Мұхаммед Ержан қол жеткізді. 38 келіде жүлделі I орынды көршілес Ресей елінің Саратов қаласынан келген Михаил Соловьев еншілесе, 42 келіде жекпе-жек мектебінің оқушысы Санжар Мұрат қол жеткізді. 46 келі салмақта Саратов қаласынан келген жас палуан Рауль Каримов жүлделі орынды жеңіп алса, 50 келі салмақта тағы да ресейлік Дмитрий Черсакқа бұйырды.  55 келіде жекпе-жек мектебінің  оқушысы Артем Мартынюк пен 60 келі салмақта тасқалалық Аңсар Ульданов жеңіске жетті. Ал 66 келі салмақ дәрежесінде I орынды тасқалалық Елдос Қанатқали еншілесе, 73 келіде Саратов қаласынан келген  Виталий Байкенге бұйырды.  73 келіден жоғары салмақта жүлделі I орынды оралдық Ерарыстан Құрмаш еншіледі.

Назгүл Серікқызы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале