23.01.2023, 10:15
Оқылды: 372

«Шарайна-дүние» шартарапқа тарайды

Теректі ауданы орталығында Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Парасат» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі, Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері, ҚР Білім саласының Құрметті қызметкері, ҚР Мәдениет саласының үздігі, белгілі ақын, публицист Дариға Мұштанованың «Шарайна-дүние» кітабының тұсаукесер кеші өтті.

d28d2612-2300-41d5-9b00-11c2137396c0

Сыршыл поэзия, әсерлі әңгіме, әдемі әнге сусап қалған аудан халқы үшін аталмыш шара өлең тойы еді. Содан шығар Теректі мәдениет үйінің залында ине шаншар орын болмады. Жасы да, жасамысы да осында. Ақынды халық асыға күтті. Оған дейін аудандық кітапхана ұжымы кеш кейіпкерінің шығармашылығына шолу жасап, онымен қоса кітап көрмесін ұйымдастырыпты.

ff034f7d-96ca-4fc3-b4a3-4fc13f48aa77

Ақынды және оған ілесе келген құрметті қонақтарды теректіліктер ерекше ілтипатпен қарсы алды. Кимешек киген әжелер әуелетіп әнге салды, сәні келіскен бұрымдылар ақ ұсынды. Қонақтар қонақжайлыққа риза болысып, «Теректі қазақыланып қалыпты» десіп жатты.

14053955-0a78-4bec-8638-2328b52e1db0

Дариға Мұштанованы, оның өлеңі мен өнерін сыйлап келген қонақтарды, атап айтсақ, «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Табылғали Сапаров, облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Қуанышбек Мұханғалиев, белгілі ақын, актер Қуаныш Амандықов, Қадыр сарайы директорының орынбасары, ақын Талғат Мықи және Дариға Ғазезқызының өнердегі құрбы-сіңілілері Үзілдік Елеубаева, Гүлбаршын Қасиетова, Сәуле Таудаева, Зияш Аманғалиева, Күләш Қуанышқалиеваны Теректі ауданы әкімі Тілек Габдушев қарсылап, құрмет көрсетті.

c39477dc-b78b-4291-a60d-d793f8b68f77

Ал кешті «Парасат» орденінің иегері, Х.Бөкеева атындағы облыстық драма театрдың көркемдік жетекшісі, актриса Нұрлыгүл Жұбатова жоғары деңгейде жүргізіп шықты.

«Шарайна-дүниенің» тұсаукесеріне арналған кеш ақынның «Сармат қызбен сырласу» атты туындысымен ашылды. Аталмыш туындыны аудандық мәдени-демалыс орталығы жанынан құрылған халықтық «Дат» театры әртістері көрерменге әсерлі етіп жеткізді. Долин ауылы маңында табылған Тақсай ханшайымын «сөйлетіп», оны ақын Дариғамен диалог бағытында сырласу форматымен ұсыну, әрине өте ұтымды болды.

87c232ef-01a0-40a6-83e9-130f9316e9f3

Шағын қойылым аяқталған  сәтте дүйім Теректі ақынға қошемет білдірді.

adcaebe0-9195-47a3-98a8-a3fb513d023b

Сол кездегі Дариға Мұштанованың теректіліктерге деген ыстық махаббатын оның көздерінен көрдік. Халықпен сағынысып жүздескен ақын сахна төріне көтеріліп, әңгіме тиегін ағытты.

– Теректі жері мен үшін жат емес. Осы кешті облыс орталығында, яки өзім өскен Жалпақталда өткізуіме болатын еді. Алайда, мен осы Теректіден жаныма тыныштық табам, осы Теректінің әр адамы маған етене таныс. Оған дәлел залды лық толтырған Сіздер, ағайын. Жалпы, соңғы өлеңдер жинағымды шығарғалы да біраз уақыт өтіпті. Бағамдасақ, жинақ болатындай дүние молая бастады. Осы орайда, «Шарайна-дүниені» шығаруға жәрдемдескен Теректі ауданы әкімі Тілек Александрұлына ризашылығымды білдіремін. Шыны керек, су жаңа кітапты өзім  әлі ашып оқыған жоқпын. Жүрексініп жүрмін. Бағасын өздеріңіз бере жатарсыздар,- деді Дариға Ғазезқызы.

Ия, Теректі ақынға жат емес. Себебі, аудан халқы Дариға Мұштанованы айтыскер ақын ретінде ғана емес, ұлағатты ұстаз деп те біледі. Республикаға «Үміт» атауымен танылған, қазіргі таңда Абай атындағы гимназияда ақынның ізі сайрап жатыр. «Үміт» Дариға Ғазезқызының өз баласындай. Осы жерде ақыннан тәрбие алған балғындар бүгінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етуде.

Ақынның кеші болғасын әрине өлең оқылып, ақын сөзіне жазылған әндер шырқалуы тиіс. Солай болды да. Өңірімізге белгілі  әнші, өзі білдей есепші мамандығын бітіргенімен Алла берген таланты арқылы көпке танымал болған Зияш Аманғалиева бастады әуелі. Дариға Ғазезқызы өнерде жүрген құрбыларына өлең арнауды , оны сосын әнге қосып айтуды жақсы көреді. Зияш апамыз да ақынның сөзіне жазылған «Зияштың әнін» әуелеткенде залда үнге де, әнге де тамсанбаған адам қалмады. Одан кейін кезекті облысымызға танымал өнерпаз Күләш Қуанышқалиева алды. Эстрадалық және дәстүрлі ән бағытын  қатар меңгерген ол ақын сөзіне жазылған «Беу, қыздар-ай» әнімен сахна көркі болды. Ақын апамыздың өнердегі құрбылары да, сіңлілері де қазақ өнерінің дамуы һәм өсуіне зор үлес қосып жүрген тұлғалар. Солардың қатарында Гүлбаршын Қасиетова мен Сәуле Таудаева бар. Кешке арнайы келген қонақтар бірі баян, бірі домбырамен ән айтып беріп, теректіліктердің қошеметіне бөленді.

f5629e68-b071-4150-bed0-f37cd8ddc654

Батысқа аты мәлім ақын, жұбантанушы Үзілдік Елеубайқызы кеш иесіне арналған өлеңін оқып берді.

d6ca10cc-39d9-412e-9dc8-1464069d6a9f

Осы орайда, Дариға Мұштанова өзінің құрбылары, яғни Сәуле Таудаева, Зияш Аманғалиева, Гүлбаршын Қасиетова және Үзілдік Елеубайқызынан құралған «Беу, қыздар-ай» атты топтың бар екендігін, өнер сапарына шығуға дайын екендіктерін әзілге қосып жеткізді. «Шарайна-дүниенің» де тұсауын «Беу, қыздар-ай» кесті.

fb362bcb-df9b-4610-818c-e81529147f36

Сахна төріне көтерілген «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Табылғали Сатқалиұлы кеш иесінің адами келбетін, еңбекқорлығын, журналистика саласындағы өнімді жұмысын атап өтсе, облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Қуанышбек Жанболатұлы Дариға апамыздың ұрпақ тәрбиесіндегі рөлін тілге тиек қылды.

1ae6020c-885f-4492-9361-ee66481b837b

Сонымен қатар, Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы басшысының орынбасары Талғат Жұмабекұлы Қазақстан Жазушылар Одағы БҚО филиалы директоры Бауыржан Халиолланың Құттықтау хаты мен естелік сыйлығын табыстаса, ақын, актер Қуаныш Амандықов «Шарайна-дүниенің» шартарапқа тарауына тілектестік білдірді. Аудан халқы атынан ақынға жылы лебізін Теректі ауданы әкімінің орынбасары Ержан Досмақов жеткізіп, естелік сыйлық ұсынды.

6d40e9bc-da52-40b8-b120-a1af06bd4780

Кеш барысында Федоров қазақ ЖОББМ оқушылары және аудандық мәдени-демалыс орталығы өнерпаздары ақын өлеңдерін жатқа оқыса, жас ақын Әділет Әлібекұлы Дариға Мұштановаға арналған өлеңін оқып беріп, ақын батасын алды.

Дариға Ғазезқызының сөзіне жазылған «Асыл мекенім» туындысын ән авторы Дәурен Жұмағалиев пен Асыланбек Шайхин орындап, кештің әдемі нүктесін қоя білді.

494c9ebf-1895-40ac-bd55-f35238f07655

Шара соңында Дариға Мұштанова қаумалаған оқырмандарын қолтаңбасы қойылған кітаптарымен қуантты.

Әділет Орынбасарұлы,

Теректі ауданы 

zhaikpress.kz 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале