21.05.2020, 21:10
Оқылды: 429

Шаруа екпе шөп өсір, өнімі оның көл-көсір 

Соңғы жылдары қуаңшылық зардабы ұлғайып келеді. Сол себепті мал азықтық дақылдарды егуге де басымдық берілуде.

6447B250-6766-47D0-B892-C3EC9EF85238

Шындығын айтуымыз керек, сонау кеңестік заманда Сырым ауданы бойынша 120 мың гектар егістік алқап болып, дәнді дақылдар егумен 14 ЖШС, 1 «Дәулет» өндірістік кооперативі, 215 шаруа қожалығы дендеп айналысқандығын сала мамандарынан естіп, қанықтық. Міне, мұның өзі қоғамдық мал басын құнарлы азықпен қамтудағы үлкен жетістік болатын.

Иә, бұл бұрынғы жылдардың еншісіндегі жағдай делік. Ал ауданда мал шаруашылығын дамыту бағытындағы бүгінгі ахуал қалай? Мал басын құнарлы азықпен қамтудың жағдайы қандай деңгейде жүзеге асырылуда?

Міне, көңілді осындай сауалдар мазалаған соң аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Ахат Аралбаевпен жолығудың сәті түсті.

- Ауданда бүгінгі таңда 14000 гектар егістік алқап, 48481 гектар шабындық жер бар. Шындығы керек, қуаңшылыққа байланысты егіс алқаптары азайған соң жемді көршілес өңірлерден алу жағына басымдық берілуде.

Ал қоғамдық мал басын өсіру, оның қоңдылығын, өнімділігін арттыру мақсатында малға өте қажетті судан біржылдық шөбі, еркекшөп (житняк) сияқты көп жылғы шөптерді өсіруді қолға алу жағы ауданда жоспарда бар жұмыстардың бірі.

3776E86D-5F04-4C61-BD55-9AF51C484D22

Мысалы, тәжірибе көрсетіп отырғандай аудан бойынша көктемгі далалық жұмыстар барысында өткен жылдарда егілген 3152 гектарға еркек шөптен (житняк) (әр гектарына 6,4 центнерден өнім) барлығы 20 209 центнер өнім алынды. Ал осылардың арасында Шолақаңқаты ауылдық округіндегі «Нұрдәулет» шаруа қожалығындағы (жетекшісі Қ.Мурзағалиев) 200 гектар алқапқа егілген еркекшөптен (әр гектарына 18 центнер өнім) 3600 центнер өнім алынғандығын айта кеткен жөн.

Немесе ауданда 1643 гектарға егілген біржылдық судан шөбінен 37 715 центнер өнім алынды.

Сөйтіп, алынған өнім әр гектарына 23 центнерден айналды.

Жаз маусымында екі реттен шабылатын судан шөбі, әсіресе сиыр малы сүйсіне жейтін, нәтижесінде сүт өнімділігін молайтуға септігі үлкен азықтың түрі ретінде саналады. Ал жыл сайын осы судан шөбін егумен айналысып жүрген Шолақаңқаты ауылдық округіндегі «Правда» шаруа қожалығы (жетекшісі Қ.Меңдіғалиев) 185 гектар жерден 8200 центнер өнім алуға мүмкіндік жасалды. Бұл әр гектарға 44 центнерден өнім алынды деген сөз.

Айта кету керек, аудан бойынша биыл 2529 гектарға судан және 876 гектарға еркекшөп (житняк) шөптері егілді.

Мал басын өсіріп, оның өнімділігін арттыру, жемшөп қорын молайту бағытындағы осындай оңтайлы жұмысты қолға алуға аудандағы 15 шаруа қожалығының оңды жұмыстары айтуға тұрарлықтай.

Көп жылғы шөптерді өсіруде тым тәуір тәжірибе жинақтап қалған аудандағы Шолақаңқаты, Аралтөбе, Елтай, Талдыбұлақ ауылдық округтеріндегі шаруа қожалықтарының игі жұмыстары басқаларына да жұғысты болса нұр үстіне нұр болған болар еді, -  дейді Ахат Аралбаев.

Көпжылдық және біржылдық шөптерді өсірудің тиімділігі мен пайдасының зор екендігін айтқан ауыл шаруашылығы маманының сөзінен негізгі дақылдардың тұқымына қарастырылған жеңілдікті де естідік.

Мәселен, А.Аралбаевтың айтуынша, тұқым шаруашылығынан сатып алынған І-репродукциялы көпжылдық шөптің тұқымның 1 тоннасына 1 млн. теңгеден төмен болса жұмсалған қаржысының 50 пайызын көмек қаржы есебінде Үкімет төлеп, 1 млн. теңгеден жоғары болған жағдайда 597 500 теңге қаржы көмек ретінде беріледі.

Әңгіменің әуені көпжылдық шөптің жәйі болған соң көпті көрген көне көздің бірі, зейнеткер, агроном жерге орналастырушы Сағидолла Орашевпен де тілдестік. 

- Иә, шындығын айтуымыз керек, бұрынғы жылдары жерді түбегейлі жақсарту жөніндегі мәселенің көтерілгендігі рас. Көбіне кейбір шабындық жерлерді жыртып, орнына біржылдық, көпжылдық шөптерді егуге түбегейлі бетбұрыстар жасалды.

Бірақ бір қынжыларлық жағдай аудандағы жыртылған жерлердің басым бөлігі ешқандай жобасыз, қалай болса солай жыртылып жатты. Тұзды жерлерді жыртып, тыңайтқыштар шығармаған соң алынар өнімділіктер де төмен болған кездер болды.

Әрине, кеңестік заманда аудандағы «Правда» газеті атындағы, Тасқұдық, Бұлдырты кеңшарында, «Қызыл ту» колхозында екпелі шөптерге жете мән берілгендігіне куә болдым.

Ол жылдары далалық алқаптарға қар тоқтату жағы күн тәртібіне қатаң түрде қойылатын. Көп жылғы тәжірибеме сүйеніп айтарым минералды тыңайтқыштарды енгізуді, негізінен ерте көктемде және шөп шабылғаннан соң қара күзде жүргізген дұрыс.

Тыңайтқыштардың тиімділігі көпжылдық шөптердің өсіп тұрған кезеңіне байланысты. Сондықтан минералдық тыңайтқыштарды негізінен құрғақ дала аймағына тән шөптер өспей, тыныш күйде жатқан кезде енгізген дұрыс.

Құрғақшылық жағдайында көпжылдық шөптер өнімінде минералдық тыңайтқыштарды шашыратып және қатарлап енгізудің арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Сондықтан қатарлап енгізумен бірге шашыратып енгізуді де қолдануға болады. Өндіріс үшін минералдық тыңайтқыштардың барлық түрлерін дискілі тұқымсепкіштермен немесе шашыратқыштардың көмегімен енгізген жөн.

Бастысы алқаптарға қар тоқтауға мән беріп, дұрыс агротехникалық шараларды қолдана білгенде ғана мол өнімге қол жеткізуге болады,-дейді еңбек ардагері С.Орашев.

Сонымен әңгіменің тоқ етерін айтар болсақ, көпжылдық шөптерді малазықтық мақсатта өсіру жемшөп өндірісінің шығынын едәуір азайтады. Әрі ол жерлерді жайылым ретінде ерте көктемнен қара күзге дейін, қар аз түскен жылдары жыл бойына мал бағу үшін пайдалануға болады.

Тәжірибе көрсетіп отырғандай далалық алқаптағы қырлық, көлдіктен әр гектарына алынған 7-8 центнерлік шығымдылықпен 4-5 гектар жерден алынған өнімді, екпелі шөптің 1 гектарынан-ақ алуға болады.

Сондай-ақ қырлық, көлдік шабындықтарға жұмсалған жағармай, техника күші, қосалқы бөлшектер шығыны екпелі шөптер алқабынан әлдеқайда жоғары әрі қымбат.

  Сондықтан малдың қоңдылығы мен өнімділігін арттыру үшін екпелі шөптерді егу мәдениетіне жете көңіл бөлген жөн.

Өйткені аудандағы шаруагер азаматтар мал азықтық екпелі шөптерді егуді түбегейлі қолға ала білсе, аз шығын жұмсап, мол өнім алуға батыл қадам жасаған болар еді. 

 Мүсірбек Айташев,

Сырым ауданы 

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале