Мамырдың 17-сінде Хан ордасында түйткілді мәселелердің тінін тарқатқан келелі кездесу өтті. Алдымен Хан ордасындағы мәдениет үйінде ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Асхат Қайнарбековтың қатысуымен жиын өтті.
Бұл жиынға Нұр-сұлтан, Алматыдан арнайы келген ғалымдар, "Охотозоопром" РМКК басшысы Марлен Айнабеков, облысымыздың оңтүстігіндегі төрт ауданның шаруа қожалық жетекшілері қатысты.
Аудан басшысы Нұрлан Рахымжанов төрағалық еткен бұл жиында кезген киік, тарылған жайылым, судың жеткіліксіздігі сияқты түйткілді мәселелер талқыланды.
Жарыссөзді алғаш боп жәнібектік шаруа қожалық жетекшісі Ескендір Елемесов бастады. Ол:
– Осы киік мәселесін соңғы бес жылдан бері түрлі деңгейдің назарына ұсынып, айтудай-ақ айтып келемін. Бірақ ешқандай іс-шара қабылданған жоқ. Дәл қазіргі таңда Жәнібек аумағының жүз шақырымдай аумағын киік иеленіп, төлдеп жатыр. Ел президенті асыл тұқымды мал санын арттыру керек деген тапсырма берді. Мынадай қарқынмен ол тапсырма сол сөз күйінде қала бермек. Он төрт жыл осы аумақтық инспекцияда жасағанмын, киік мәселесі мен үшін таңсық тақырып емес. Резерват киікке тұсау бола алмайды. Даланың еркін мақұлығы айдағанға жүретін, иіргенге тұра қалатын қой емес. Киік көші-қонын қолға алуымыз керек. Жақын күндері киік санын реттей алмасақ, малымызды сатып, әр шаруа қожалығы иеліктеріне ақбөкеннен бөліп алып, бәріміз ел боп киік бағайық. Әйтпесе күннен-күнге мал азығын табу қиын боп барады, – деді.
Ескендір ағамыздың бұл сөзін кездесуге келген шаруа ағайынның бәрі бірауыздан қостады десек, артық айтқандық емес. Жаңақалалық Энгельс Әлмұқанов малға жайылым көлемін арттыру үшін үкіметтік деңгейде полигон аумағын азайтуды ұсынып, Жаңақала аумағындағы он жеті көлдің он алтысының Арал теңізінің кебін кешіп, қаңсып қалғанын назарға ұсынса, Едіге Текебаев киік отап кеткен жайылымнан мал азығын жинай алмаған ағайын Орал маңынан шөп шауып, 300-500 шақырымнан тасып, малдың азығын алтыннан кем түспей отырғанын айтты.
Ауыл ақсақалы Майдан Батыров:
– Бұрындары қолмен 20 см ұңғыласақ, құмның таза суын ішетін едік. Қазір 2 метр терең қазсаң да су шықпайды. Орда үшін су мәселесі осыдан 35 жыл бұрын Қарашев, Минажев пен Зұлқашев сияқты ақсақалдарымыздың кезінен күн тәртібінен түспейтін мәселеге арналды. Су деңгейі түссе, құм көшіп, тал-терек семіп, экологияң құлдырайды дей бер. Бұл әсірелеп айтқаным емес. Көзіміз көргенді айтамын. 1951 жылы аудан таратылған кезде ауылды құм басты. Қазіргі музей-қорығы аумағындағы қазынашылық үйін құм басып, бала біткен сол қазынашылықтың төбесінде ойнап жүретін, – деп көптің көкейінде жүрген мәселені қозғады.
Облыстық мәслихат депутаты Исатай Ғабдоллин киік өлексе уақытында жиналуы керек дейді. «Әйтпесе киіктің өзі тұрмақ түгелі өлексенің де дейін кесірін тигізеді. Дер кезінде жиналмаған киік өлексесі пастереллез сияқты түрлі аурудың көзі болуы ықтимал» дейді халық қалаулысы.
Орман шаруашылығының ардагері Талғат Саматов тал-терек егу мәселесін түбегейлі, кешенді ойластыру керек деді.
– Бұрын бір орман шаруашылығы 400-450 га-ға ағаш егетін, қазір бұл жүктеме облысқа беріледі. Бұл өте аз. Мекеме егістік жұмыстарын суретке түсіріп, тапсырманың орындалғанын айтады. Мекемеде егілген тал-теректі одан әрі күтіп-баптауға қаржы да, арнайы қызметкер де қарастырылмаған, – деді.
Шаруалардың шағымын тыңдаған ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Асхат Қайнарбеков:
– Резерват мәселесі енді қолға алынып жатыр. Бұл сәл де болса осы аумақтағы киік жүктемесін азайта алады деп отырмыз. Осы кезге дейін киік санын реттеу қолға алынбай келді, оған себеп ақ бөкен санағы елдегі жағдайға байланысты жүргізілмей келді. Бірер күннен кейін санақ нәтижесі белгілі болады. Сол кезде тиісті шаралар қолға алынбақ, – деп жауап берді.
Түйткілді мәселелерді қаузаған шара тек мұнымен шектелмеді. Кездесу қарағай тоғайындағы министрмен кездесуде жалғасты. Экология, геология және табиғи ресустар министрі Мағзұм Мырзағалиев, облыс әкімі Ғали Есқалиев пен экология мәселесімен айналысатын ғалымдар, бірқатар мекеме басшылары арнайы келіп, ел азаматтарының айтарына құлақ түрді.
Тоғайдағы кездесу БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Қайрат Қадешевтің мәлімдемесімен басталды.
– Ауыл азаматтары киіктің шабындық пен мал жайылымын отап кетуінен зардап шегіп, мал шаруашылығында үлкен шығынға батып отырғандарын айтып, түрлі деңгейдегі атқарушы органдарға, әлеуметтік желілерге шағымдануда. Осы мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін төрт бірдей ауданның шаруа қожалық иелері осы алаңға келіп отыр. Сөзімізді атқарып отырған жұмыстарымыз бен қолға алған іс-шаралар туралы баяндап өтсем деймін. Резерват құру қажеттілігі "Жасылдану" сонау 2014 жылдан бастап бағдарламасы аясында айтылды. Бірақ белгілі бір жағдайларға байланысты кейінге қалдырылып келді. Резерват құрудың тиімділігі неде? Осы мақсатқа көршілес төрт ауданнан 343 мың га жер қарастырылған. Бөкей ордасы ауданы бойынша белгіленген жер көлемі 70 мың га, оның 45 мың гектары Аралсор аумағынан белгіленіп отыр. Сор жерлер ешкімнің иелегінде емес. Киік бұрын Жыланды, Аңқаты аумағында да кездесетін еді. Қазір табиғаттағы өзгерістерге байланысты қоныстану орындары өзгерді. 2000-дай киік Қаратөбе, Ақтөбе аумағына бағытталған еді, нәтижесі жаман емес. Киіктеріміз ол жерге тез бейімделіп кетті. Осындай мақсаттағы жұмыстарымызды жалғастырсақ, аудандағы киік тығыздығы біртіндеп өзгерер еді. Киіктер төлдеу маусымында үдіре көшіп, қоныс ауыстыратын еді. Хаки сорын мекендеген 15 000-дай киік қоныс аудармастан сол маңда төлін өрбітіп, тұрақтанып қалып отыр. Бұл да жақсы нышан. Киіктің қоныстану, көшу, аумақтан шығу орындарын назарда ұстау үшін шекара қызметімен де әріптестік қарым-қатынас орнаттық, – дейді Қайрат Қадешев өз сөзінде.
Аудан басшысы Нұрлан Рахымжанов Қопа мәселесін көтерді.
– Аудан бойынша 1 млн. 921 мың гектар жайылымдық жеріміз бар. Оның 944 мың гектары полигонға тиесілі болса, 16 405 гектары орман алқабы. Қарағайдың құлауы, тал-теректердің қурауы да күрделі мәселе. Бұған түрлі себеп әсер етуі мүмкін. Атап айтқанда, судың, ылғалдың жетіспеушілігі, өсімдіктер дүниесінің түрлі ауруы, жасы да себеп болуы мүмкін. Соңғы кездерге дейін осы ауыл іргесіндегі Қопа орманның тіршілік көзі боп келді. Қазір сол Қопамыз қаңсып тұр. Қопаны қалпына келтіруге аудан бюджетінен жеті миллиондай қаржы да қарастырылды. Дегенмен мұндай жұмыстардың жобалық-сметалық құжаттамасын жасайтын мекемелер "Мұратсай су қоймасына су келмей, жобалау жұмыстарын жасау ақшаны желге шашқанмен бірдей" деп тәуекел етпей отыр. Қопаны қалпына келтіру Үкіметтің ғана араласуымен шешімін таппақшы. Ол үшін Мұратсай су қоймасына келетін Еділ суының мөлшерін арттыру керек. Осы мәселенің оңтайлы шешімін табуына ықпалдастық танытсаңыздар екен, – деп ұсынысын айтты.
Бұған министр Мырзағалиев "алдағы аптада ауданымызға орман мәселесін жан-жақты зерттеу үшін ғалым-зерттеушілерден құралған арнайы жұмыстобы келеді" деп жауап берді.
Облыс басшысы Ғали Есқалиев:
– Киік – бір жылдың, өткен қыстың ғана мәселесі емес. Мал баққан ағайынға айтарлықтай кедергі келтіріп отырғанын түсінеміз. Бірақ бірден әрекетке көшіп, киік санын азайта алмаймыз. Малды ауыл үшін де, дала еркесі киік үшін де екі жақты тиімді шешімге келуіміз керек. Осы мәселені шешу үшін арнайы сала министрі Мағзұм Мырзағалиев, министрліктің аппарат басшысы Шафхат Өтемісов, экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Асхат Қайнарбеков бастаған ғалымдар тобы арнайы кеп, өздеріңізбен кездесіп отыр. Киік те басқа аумақта көптеп кездесе бермейтін, біздің облысқа деген Тәңірдің сыйы деп қабылдаймыз. Күрделі мәселені эмоциямен емес, салқын ақылға салып шешуге шақырамын, – деді өз кезегінде.
Жәнібектік шаруа қожалық иесі, халық қалаулысы, танымал кәсіпкер Ескендір Елемесов келген қонақтарға қазақтың брендіне айналған ақ бас сиыр туралы жадынама мен кәдесый тарту етіп:
– Шекара шебінде мал баққан, бар ырысымызды осы ақ бас сиырдан тапқан шаруа елміз. Кәсібін аяққа қойып алған көп шаруа қолдағы малына сеніп, субсидия, несие алды. Енді кеп жағдайымыз шатқаятап кетті. Жазғы қуаңшылық, шөптің шығымсыздығы, бар шөпті киіктің отап, іске алғысыз қылғаны көп шаруаға кесірін тигізіп отыр. Мал басын айтарлықтай азайттық. Өтелмеген несие бар, оны қайтпекпіз? Біз киік біткенге жауығып отырған жоқпыз. Бірақ киік санын реттеп, қысқартуды сұраймыз, – деді.
Жәнібек аудандық "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы филиалының басшысы Жасұлан Басиров министр назарына Жәнібек аумағындағы киік пен киік ауруларын, су мен құм мәселесін қырық жылдан астам уақыттан бері зерттеп келе жатқан Мамай Сапановтың ғылыми тұжырымдарын ұсынды.
Бұдан кейін сөз алған ауыл ақсақалы Майдан Батыров қарағай мәселесін қозғады.
– Бөкей елінің бренді деп хан кесенесі мен бай музейін, қарағайлы тоғайы мен мөлдір суын айтамыз. Сол су мәселесінің кесірінен туған жеріміз жасыл желегінен айырылып барады. Су көршілес Жәнібек пен Жаңақалаға тартылып, тұтынушы саны күн санап көбейіп келеді. Техникалық мақсатта тұтынатын су да жоқ. Осы себепті астыңғы қабаттағы су қоры түгелсіп, жоғарғы қабаттағы су қоры да түсіп кетті. Сол үшін де Қопа мәселесін кейінге қалдыруға болмайды. Ол үшін аудан басшысы айтқандай, Мұратсай су қоймасын толықтай іске қосуымыз керек. Мұратсай су қоймасының сыйымдылығы 16 миллион текше метр, қазір ондағы су шамамен 5 миллион текше метр шамасында ғана, – дейді.
ҚР Ғылым және білім министрлігі зоология институтының директоры Роман Ященко "Ол үшін киік пен үй жануарлары арасындағы теңгерімді сақтау маңызды. Киік миграциясы, жасанды су қоймасы осы маңдағы киік жүктемесін азайта алады. Моңғолия, Ресейде ара-кідік кездесіп қалатын киік біздің ауданда еркін жайлап жүр. Бұл біле білсек, үлкен байлық" десе, осы саланың маманы Қазақстандық биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының қолданбалы биология орталығының директоры Сергей Скляренко киіктің көбеюі күн тәртібінен тұрған шұғыл мәселе екенін айтып, кейінге қалдыруға болмайтынын, бұл мәселені шешуді кешенді түрде қолға алу керектігін дейді.
Облыс басшысы Ғали Есқалиев биыл су қоймасына жіберілетін су көлемі арттып, оған бөлінген қаржы мөлшері де еселенгенін айтты. Нақтылап айтсақ, 1,2 млн. теңгеге 30 млн. текше метр су алынады де жоспарлануда.
Жаңақалалық шаруа қожалығының жетекшісі Энгельс Әлмұқанов:
– Су мөлшері артты, су алуға төлемақы қаржысы да еселенді дейсіз. Рақмет! Бірақ сол қаржыны тиісті мекемелер дер кезінде бөлмейді. Сыққаннан тамғаны беріледі. Күн әбден ысып, жер әбден кеберсіп тұрған кезде береді. Мұндайда қандай көлемде су берілсе де жұмырға жұқ та болмайды. Қыстың қамын жаз ойлап, жаздың шаруасын қыста ұйымдастыруға болмай ма? – дейді.
Шаруалармен кездесуді қорытындылаған экология, геология және табиғи ресустар министрі Мағзұм Мырзағалиев алда тұрған міндеттер мен межелі жоспарлар турасында сөз алды.
– Киік, су мәселесінің күрделі екеніне талас жоқ. Осы мәселені екі жаққа да тиімді етіп шешу маңызды. Осы тұрғыда тығырықтан шығудың бірнеше жолы қаралды. Біріншіден, жалпы ауданы 343040,1 га «Бөкей орда» мемлекеттік табиғи резерватын, сонымен бірге осындай аумақта «Ащыөзек» мемлекеттік табиғи қаумал құру қолға алынбақ. Бұл мәселенің ұйымдастыру жұмыстары, қаржылық, жобалық құжаттамасы әзір. Мұндай арнайы орындардың ашылуы тұрақты жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді. Нақтырақ айтсақ, ауданның 78 тұрғыны тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі. Екіншіден, резерват жұмысын қолға алсақ, су көздерін анықтап, жасанды суат қалыптастыру шешімін табар еді. Бұл тек киікке ғана емес, осы жердің тұрғылықты халқына да аса тиімді. Үшіншіден, киіктердің Орал популяциясының бір бөлігін Жайқтың оң жағалауына өткізу мәселесін қарастырамыз. Бұл айтылған іс-шаралар киік мәселесін біржолата шешіп береді деп уәде бере алмаймыз. Бірақ оң септігін тигізері сөзсіз. Бұл іс-шараларды жоспарлауды уақыт сүзгісінен өткізіп, ғалымдарымыздың ой-елегінен өткізіп барып қабылдап отырмыз. Бәрінің де нәтижесін уақыт көрсетеді. Киік те кез келген өңірде кездесетін жануар емес. Тек осы Батыс Қазақстан облысында кеңінен кездесетін жануар. Сондықтан сабырлық сақтауға шақырамын. Мен сіздерге Президент тапсырмасымен келіп отырмын. ҚР Ғылым және білім министрлігінің зоология институтының бір топ ғалымдары да осы арада. Олардың негізгі зерттеу нысанасы – киіктер. Мақсатымыз - аталмыш мәселені кешенді түрде қарастыру, киікке де залалымыз келтірмей, малды ауылдың да дамуына тежеліс туындатпайтын ұтымды жолды табу, – деді сала министрі Мағзұм Мырзағалиев.
Министр мұндай кездесудің әлі де жалғасын табатынын, қолға алынатын іс-шараларға жергілікті шаруа қожалық жетекшілерін тарту да жоспарланатынына сендірді.
Ұлпан Әнуарқызы,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz
Суреттерді түсірген Еркебұлан Рахметолла