10.06.2020, 23:43
Оқылды: 23

«Шаруалар жаңа технологияны пайдаланып, бәсекеге қабілетті болуы қажет»

Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев іссапармен Теректі ауданына келді. Аталмыш ауданның әкімі Әділ Жоламанов, аудан басшысының орынбасары Ержан Досмақов және округ әкімдері ауылдардың тыныс-тіршілігімен таныстырды.

E4890C95-20C4-493B-BAFB-EA496ABB72F2

Облыс әкімінің бірінші орынбасары ең алдымен Ақсуат ауылдық округіндегі «Теректі өнімдері» ЖШС-нің жылыжайы жұмысына қанықты. Айта кетейік,  жылыжайдың жалпы аумағы - 4 гектар. Жылыжайдың иесі Нариман Көпешов кәсіпті бастауға «Агро Бизнестен» мемлекеттік бағдарламасы аясында 30 млн. теңге несие алған. Жылыжайдың 3000 шаршы метрі іске қосылған.  Оның 2500 шаршы метрінде қияр, қалған жерінде қызанақ өсіп жатыр. – Жұмыс істеймін деген адамға бір күрек табылатыны рас. Мінекей,  еңбек етіп жүрген Наримандай азаматтарға әркез қолдау бар, – деді Мұхтар Наурызбайұлы. Сонымен қатар осы ауылдық округтегі Сұлусай су қоймасының жай-күйін білді.

6B33BAB4-F849-4F5F-A55D-6942FD793D65

Одан әрі Новопавлов ауылдық округіндегі «Мәдиев» шаруа қожалығына атбасын бұрды. Бұл  жерде биыл егілген барлық егіс көлемі 4261 гектар. Соның ішінде, дәнді дақыл 1558 га, майлы дақыл 2368 га, мал азықтық 335 гектар салынған.

Мұнан кейін Шаған ауылдық округінде орналасқан «Балакирев» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Қожалық басшысы орынбасарының айтуынша, биыл барлығы 1742 гектар жерге егін егілген.  Мәселен, оның 869 гектар жеріне дәнді дақыл, 873 гектар жеріне майлы дақыл егілген екен. Сонымен қатар 105 гектар жерге картоп, 15 гектарға пияз, 20 гектарға сәбіз отырғызған.

Әмбеге аян, Подстепный ауылындағы «Төлеңгіт» шаруа қожалығы қазіргі таңда  кәсібін жан-жақты дамытуда. Жұмыс барысында облыс әкімінің орынбасары М.Манкеев мал және егістік шаруасымен шұғылданатанын Қанат Дакешовпен тілдесуді құп көрді. Шаруаның айтуынша, бүгінгі уақытта 152 мал басы бар. Шаруашылық жылына 130 500 литр сүт өндіреді. – Биыл барлығы 440 га жерге мал азығы егілді. Айталық,  60 га судан шөбі, 100 га еркекшөп, 200 га - құмай. Былтыр 25 гектар жерге жүгері егіп, нәтижесінде 90 тонна өнім жинап алдық. Ал биыл жүгеріні екі есе өсіре салдық, – дейді ол.

AC66D89E-3A54-4627-B49F-7C771902EB85

Мал басын көбейту –  арманы екенін жеткізген Қанат Дакешов, малдың өзін кепілге алатын бағдарлама болса деген ойын айтты. Қазір мал шаруашылығына көбінесе кепілдік жетіспейтін көрінеді.

– Қазіргі  таңда пайдаланылмай және пайдаланып жатқан жерлерді көру – жұмыс сапарымыздың басты мақсаты. Баршаға белгілі,  облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен аудан әкімдерінің қатысуымен айына бір рет осы жер мәселесі жөнінде бас қосамыз. Жүздесу барысында «кімде қандай жер бар деп» ең әуелі анықтап алып, пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтарып, ауыл шарауашылық айналымына қайтадан енгізу мәселелерін қарастырамыз. Мал және егін шаруасымен айналысатын жандар жетерлік. Алайда жаңа агро техникаларды қолданып, өсімдік  өнімінің деңгейін көтеру жұмыстары әлі де болса кемшін. Мәселен,  біздер шаруашылықпен шұғылдануға жер бердік,  инфрақұрылымды да тарттық. Енді шаруалардан сұрайтынымыз, жаңа техникаларды тартып, бәсекеге қабілетті болу.

B7970474-09BF-475A-AB4C-C5EBF4216C6D

  Жалпы, ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту үшін жердің тапшылығына тірелеміз. Жеріміз көп, десек те, мәселенің мәнісі мынада: бұрын бәзбіреулер жерді алып қойған. Енді ол жерді не өздері пайдаланбайды, не өзгеге бермей отыр. Мінекей, осындай азаматтарымыз бар. Мұндай шаруаны шешу мақсатында жұмыстар атқарып жатырмыз. Соңғы екі жылда 800 мың гектардан астам пайдаланылмай жатқан жерді анықтадық.

   Елдегі індетке қарамастан,  шаруалар жоспар бойынша жүзеге асуда. Облыста бесжылдық жаңа тұжырымдама әзірледік. Ол төрт басты бағыттан құралған. Біріншісі,  мал шарупшылығын, ет өнімін арттыру, екіншісі, егістік жерлерге су тарту. Ал үшінші бағытта көкөніс сақтау қоймаларының деңгейін көтеру, жаңа технологияларды тарттыру қарастырылады. Төртіншісі, жылыжай секілді жобаларды дамыту, – дейді Мұхтар Наурызбайұлы.

Айшабибі Мәмет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале