17.07.2022, 22:47
Оқылды: 14

Шаруалардың қарқыны қандай?

Облыс әкімі Ғали Есқалиев жұмыс сапарымен Теректі ауданына келді. Өңір басшысын аудан әкімі Тілек Габдушев қарсы алып, атқарылып жатқан бірқатар жұмыспен таныстырды.

1 коллаж

Алдымен облыс әкімі Подстепный ауылдық округіне қарасты Юбилейный ауылындағы «Ringo Milk» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне ат басын бұрды. Серіктестіктің негізі 2018 жылы қаланған. Шаруашылықтың негізгі бағыты – тауарлы сүт фермасын салу. Қуаттылығына келер болсақ, жобаның бірінші кезеңінде тауарлық сүт өндіруді жылына 7 мың тоннаға дейін жеткізіп, суармалы жем-шөп өндіру 8 мың тоннадан басталады деп күтілуде. Ал екінші кезеңде 300 тонна дайын сүт өнімін өндірмек. Бүгінгі таңда серіктестік 50-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бұл жөнінде «Ringo Milk» ЖШС директоры Айдос Жақсымбетов мәлімдеді. Күзде 640 бас сүтті бағыттағы «Гольштейн» ірі қарасының алғашқы бөлігін Германиядан әкеледі. Сонымен қатар серіктестік американдық гидроприводты тамшылатып суару «Т-L» маркалы фрегат қондырғасының 6 данасымен толыққан. Облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы серіктестіктің суармалы жерлерін аралап, сүт фермасының қазіргі таңдағы құрылысымен танысты.

1 кол
Теректідегі өңір басшысының сапары Барбастау ауылындағы «Хасанғалиева Б.М.» бау-бақша шаруашылығының тынысын бағамдаумен жалғасты. Шаруашылық жылына 3 тонна алма, 80 келі алмұрт, 150 келі жүзім, 80 келі құлпынай, 50 келі таңқурай және 350-ден астам жеміс көшеттерін сатылымға шығарады екен. Расымен, аядай ғана ауланы көз тартар бау-бақшаға айналдыру үлкен еңбекті қажет етеді. Шаруашылықты жүргізіп отырған Қуаныш және Бақытжамал Хасанғалиевтер - көпке үлгі болатын жандар. Олар 2021 жылдың мамыр айында 412 мың теңге көлемінде мемлекеттік грант ұтып алып, алма, таңқурай, құлпынай көшеттері мен қажетті құрал-жабдықтарды сатып алған. Қуаныш Хасанғалиев кезінде Барбастау бағында агроном болып жұмыс жасаған. Бүгінде көрген-білгенін іс жүзінде жүзеге асырып отыр. Алдағы уақытта еңбекқор жұп жылыжай салуды жоспарлауда. Оған жер тапшы. Облыс әкімі маңдай термен осындай деңгейге жеткен жандарды атқарушы билік әрдайым қолдауы керек деді.

1 колл
Келесі бағыт – Ақжайық ауылдық округіне қарасты «Агрофирма Ақас» ЖШС. 1995 жылы негізі қаланған қожалықты жылдар бойы Қатауолла Ашығалиев басқарып келді. Әкенің сара жолын жалғастыруды құп көрген Гафар Қатауоллаұлы облыс басшысына шаруашылықтың бүгінгі жағдайын бандады. Серіктестік негізінен өсімдік және мал шаруашылығымен айналысады. Тұрақты түрде 23 адам жұмыспен қамтылып отыр. Егіс алқабының аумағы - 5677 гектар. Оның 904 гектары күздік, 594 гектары жаздық, 1230 гектары майлы дақылдар, 444 гектары мал азығы және 2505 гектары көпжылдық шөптерді құрайды. Ірі қара 2310 басқа жеткен. Қожалық басшысы Гафар Ашығалиевтың айтуынша, мал су ішетін орындарды өз күштерімен 7 метр тереңдікте қазып, дайындаған. Шаруа облыс әкімінің алдында бұралқы иттер мәселесін көтеріп, жоспарларында егістік аумағын «электр-бақташымен» қоршау бар екендігін айтты.
Подстепный ауылындағы «Әліп» шаруа қожалығы 2004 жылы құрылған. Қожалық тек өсімдік шаруашылығымен айналысады. Биыл егіс алқабы 1650 гектарды құраса, оның ішінде 100 гектар күздік қара бидай, 700 гектар арпа, 100 гектар сорго және 750 гектар көпжылдық шөптер. Бүгінгі мал азығының бағасы «ұшып» тұр. Қарапайым халықтың жағдайын түсіну, жем-шөп бағасын тұрақтандыру мәселесі Теректіде соңғы бір айда жиі көтерілді. Осы жұмыстардың нәтижесі кей қожалықтарда өз жемісін беруде. Соның бірі – Тимур Батыров басқаратын «Әліп» шаруа қожалығы. Шаруаның айтуынша, қазір бір орама шөптің бағасы 5 мың теңге көлемінде сатылуда. Сонымен қатар аз қамтылған отбасыларға да арнайы көмектер қарастырылған. Осындай игі істі қолға алған шаруаға облыс әкімі Ғали Есқалиев алғысын білдірді.
Дәл осындай жұмыс Подстепный ауылындағы «Төлеңгіт» шаруа қожалығында да жүзеге асуда. Өсімдік және мал шаруашылығын қатар алып жүрген Қанат Дәкішев екі адамды тұрақты, бес адамды маусымдық жұмыспен қамтып отыр. Бұл жерде де бір орама шөптің бағасы 5-6 мың теңге көлемінде. Шаруа 280 гектар егіс алқабының 100 гектарына арпа, 80 гектарына жүгері және 100 гектарына судан шөбін еккен. Облыс әкімі шаруамен тілдесіп, Теректідегі жұмыс сапарын түйіндеді.
- Теректідегі шаруалардың қимылы ширақ, жоспары айқын. Биыл қыста қардың көлемі көп, жауын-шашын да мол болды. Бұл егін егіп, мал ұстаған жандар үшін қуантарлық жайт. Егін мол шығады деп сенеміз. Осы орайда қарапайым халықтың жағдайын алдыңғы қатарға қоюымыз керек. Мал азығын негізсіз қымбаттатпау қажет, - деді Ғали Нәжімеденұлы.

Әділет Орынбасаров,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале