1.08.2023, 16:30
Оқылды: 36

Шаруаның жайын сұрасаң...

Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтың екпін берген тапсырмасына сәйкес ауданға облыстық ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Наурызбай Қарағойшин келді.

363844718_808208934642116_4453040628132926149_n

Таудай жұмысты арқалап, көзге көріне бермейтін елеулі еңбек иелерімен жүздесіп, қаһарлы қысқа азық дайындау, егін жинау жұмысымен танысты. Ұзынкөл, Тау, Қамысты ауылдық округінің шаруаларымен кездесу барысында басқарманың еншісіндегі ауыл шаруашылығын дамытып, шаруаларды қолдау туралы кезек күттірмей, бірден қолға алынуы керек жұмыстарды хабардар етті.

Шаруа қожалық жетекшілерінің мұңына құлақ асып, еркін әңгіме өрбітті. Соның ішінде шөп шабу науқанына аса қажет дизель отынының бағасын төмендетуді ұсынған шаруалар киік таптаған жерлердің өтемақысын алу жөнінде де мәселе көтерді.

 Темірді қызған кезінде соққан олар ет өнімдерін өткізу ісіндегі біраз кедергілерді жайып салды. «Кублей» ет комбинатының қызметі көңіл көншітпейтінін жеткізіп, шекарадан мал азығын өткізу үшін ақ тер, көк тер күйге түсетіндерін жасырмады. Шаруаның жайын сұрасаң, мәселе деген сөздің өзі мың қайтара айтылады. Басқарма басшысы күні ертең орындалатын арзу-арманға қатысты нақты қолдан келер шараны жасайтынын айтты.

Ал шешімі әзір табылмайтын жұмбақты облыстағы басшыларға жеткізіп, ауыл шаруашылығы үшін барынша «шабатынын» мәлімдеді. Аудан әкімі Тимур Шиниязов, орынбасары Жақсылық Абдолов, ауыл әкімдері мен бөлім басшылары жұмыстармен таныстырып, мәселелерді бүкпесіз баяндады.

Ақтілек Орынбасар,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале