6.08.2024, 20:45
Оқылды: 28

Шаруашылық дамымай, сән кіре ме, ауылға?

Қанымыз қазақ болған соң жанымыз ауылға құштар. Руханиятымыздың темірқазығы саналатын ауылды көркейту сіз бен біздің борышымыз. Бір күні туған топырақтың, қасиетті ауылдың тұмса табиғатына зер салып көріңізші. Қандай әсем табиғат, қандай көркем, бірден баурап алатын көрініс десеңізші?! Анау тұстан малын айдап келе жатқан ата мен немере, мынау тұста бір топ жас доп қуып жүрсе, енді бір маңнан қыстың қамы үшін шөп түсіріп, жеңін түріп тастап, қайнаған еңбектің ортасында жүрген ауыл азаматтарын байқаймыз. Иә, расымен де, ауылдың дамуына ықпал ететін ауыл шаруашылығы емес пе? Төрт-түлігін түлетіп, «малым – жанымның садағасы» деген текті жұрт қашанда қаймағы бұзылмаған салт-дәстүрге берік болып, шаруашылыққа қырағылық танытқан. Бүтін елді асыраушы саланың тамырын жаюы, құлашын сермеп, өркендеуі мемлекеттің басты назарында. Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұратынын мәлімдеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оларды қолдауға арналған ұтымды жобалар мен тиімді бағдарламаларды ұсынды. Соның арқасында бүгінгі таңда ауыл түтінін түтеткен тұрғындардың жағдайы айтарлықтай оңалды. Бұрынғыдай емес, көпшілігі жеке кәсіптерін ашып, тұрмыстарын нықтап, еңселерін тіктеп алды. Бұл ел бесігінің бос қалмауы үшін мемлекет тарапынан созылған қол, көрсетілген көмек. Тек қажырлы еңбек қана қажет. Сол кезде ғана істеген жұмысымыз жемісін беріп, өнімді болмақ. Біз текті мекен Теректідегі ауыл шаруашылығы һәм кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Сандуғаш Айтқалиевамен аудандағы мал шаруашылығы, егін ору жұмыстары, кәсіпкерлердің бағдарлама арқылы ашқан кәсіптері хақында сұхбаттасқан едік. Биыл жүзеге асқан жобалардың тінін тарқатып, ауыл шаруашылығының ахуалына тоқталды.

Сандуғаш Айтқалиева

- Сәлембердік, Сандуғаш Сайынқызы! Былтырмен салыстырғанда өнім деңгейі қалай? Жұмыс алға басты ма?

- Иә, іс оңға басып, ілгеріледі деуге толық негіз бар. 2023 жылмен салыстырсақ, өнім көлемі 100,9 %-ға өсті. Нақтырақ айтсақ, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 10584,1 миллион теңгені, оның ішінде өсімдік шаруашылығы- 30,5 миллион, мал шаруашылығы 10527,7 миллион құрады. Тағы да екпін түсіре атап өту керек жайт бар. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері бойынша 2262-сі тіркелді. Бұл 93,2%-ды көрсетеді. Оның ішінде 267 (100,4%) заңды тұлғалар, олар - ЖШС, АҚ және тағы да басқалары, жеке кәсіпкерлер – 1173 (85,6%), шаруа немесе фермер қожалықтары – 822 (103,9%). Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері – 2142 (96%), оның ішінде заңды тұлғалар – 235 (105,9%), жеке кәсіпкерлер – 1109 (86,9%), шаруа немесе фермер қожалықтары – 798 (108,6%). Барлық өнеркәсіп өнімдерінің көлемі – 4289,36 миллион теңге. Негізгі капиталға салынған инвестициялар – 8441,5 миллион теңгені құрады. Өткен жылдың деңгейінен 110,5%-ға өсті. Соның ішінде ауыл шаруашылығы саласына 683,99 (49,6%), өнеркәсіп өніміне 665,85 миллион теңге бөлінді.

- Бәрекелді! Қыстан қаймықпай шығу үшін шаруалар тырысып әлек. Егінді, күздік дақылдарды жинау науқаны қалай жүзеге асуда?

- Аудан бойынша 112 ауыл шаруашылығының тауар өндірушілері егін егу науқанында 145,77 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын екті. Тоқталып кетер болсам, дәнді дақылдар – 66804,7 гектар, майлы дақылдар – 21138,4 гектар, малға азықтық дақылдар – 57302,6 гектар, картоп және көкөніс-бақша дақылдары – 528,32 гектар. Күздік дақылдар алқабы 20924 гектарды құрайды. Жалпы күздік бидай 16260, күздік қара бидай 3399, қысқы тритикале 235 гектар болады. Бүгінгі таңда күздік дақылдарды жинау қызу жүріп жатыр. 13,4 ц/га орташа өнімділігімен 3217 гектар алқаптан 4312 тонна күздік дақыл тұқымы жиналды. Оның ішінде 2935 тонна күздік бидай және 1377 тонна күздік қара бидай бар. Бұл жұмыстар әлі де жалғасын табады.

- Осыншама келелі іске зиян келтіріп, егіннің жауы болған зиянкестер титыққа тиетіні белгілі. Күрес қалай болып жатыр?

- Дұрыс айтасыз, аудан бойынша саяқ шегірткелер мен дернәсілдердің жаппай көрінуі 16 маусымнан басталып, Аңқаты ауылдық округінің аумағында байқалды. Шегірткелердің қоныстану тығыздығы шаршы метрге 12 дана болды. Барлық анықталған аумақтарға залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Аудан бойынша саяқ шегірткелерге қарсы маусымдық жұмыстар 14600 гектарда жүргізілу жоспарланып, залалсыздандыру жұмыстары аяқталды. Нақтырақ айтсақ, 14500 гектар шаруашылықтар аумағында жұмыстар толығымен орындалды және 100 гектар мемлекеттік қордың еншісінде. Барлығы мәреге жетті. Енді келер қауіп жоқ деп ойлаймын.

- Қауіп сейілсе, алаңдамауға болады екен. Барлығы тұрғындардың көңілі жайланып, төрт-түліктің таршылық көрмеуі үшін ғой. Ендеше биыл мал азығы жеткілікті бола ма?

- 2024-2025 жылдарға мал қыстағына мал басы санына сәйкес 146,5 мың тонна мал азығын жинау жоспары бекітілді. Агроқұрылымдарда 85,37 мың тонна және жеке қосалқы шаруашылықтарда 61,13 тонна болады. Қыстаққа кіретін мал саны 56,5 мың ірі қара, 62,4 мың бас ұсақ және 16,3 мың жылқы, барлығы 67,8 шартты мал басы бар. Бүгінгі таңда 4,7  ц/га орташа өнімділікпен 39,9 мың тонна шөп жиналды.

- Техникалар талапқа сай ма? Бұл ауыл шаруашылығы үшін өте маңызды.

- Әрине, бұл ретте техникалардың маңызы зор. Техникамыз ақсап жатса, жұмыс алға баспайтыны – ақиқат. Ауыл шаруашылық және басқа жұмыстарын жүргізу үшін 2282 бірлік техника тіркелген: 1341 трактор, 136 комбайн, 663 трактор тіркемесі, 125 жол-құрылыс, 7 қар жүргіш және 10 басқа да техника. Жыл басынан 78 бірлік техника тіркелді. 22 бірлік техника тіркеуден шығарылды. 18 адамға тракторист-машинист куәлігі берілді. 8 кепіл шарт тіркеліп 25 машина кепілге қойылды. 2024 жылдың  І жартыжылдығына 48 жаңа техника сатып алынды, 7 техника «КазАгроҚаржы» АҚ және 1 «КомТрансЛизинг» ЖШС  арқылы лизингке алынды. Айталық, 30 трактор, 11 жол-құрылыс техникасы, 6 трактор тіркемесі  және 1 өзге техника. Жыл сайынғы техникалық байқаудан 398 трактор, 53 комбайн, 95 трактор тіркемесі, 11 жол-құрылыс техникасы өтті. Сондай-ақ Теректі ауданындағы шаруашылықтарда 31 шетелдік трактор - 28 Джон Дир және 3 Кейс, 24 шет елдік комбайн - Джон Дир тіркелген. 15 егіс кешені бар - 2 Флекси Койл және 13 Джон Дир. Жоспарланған көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін ауданға 2027 тонна дизель отыны бөлінді. Жеткізуші оператор болып «Neftek Operating» ЖШС анықталды. Дизель отынының бағасы литріне жеткізу құнын қоса есептегенде 238 теңгені құрайды. Бөлінген дизель отынының көлемі көктемгі далалық жұмыстарын уақытылы жүргізуге толық жетті.

- Теректіліктердің мал шаруашылығына қызығушылықтары бәсеңдемеді ме? Қысқасы, малдың жайы қалай?

- Мал шаруашылығын алға қойған теректіліктердің қызығушылығы одан ары артпаса, азаймады. 2024 жылдың 1 маусымындағы есепке сүйенсек, ірі қара мал басы саны 76272-ге жетті. Соның  ішінде  сиыр – 27430 (113,5%), қой – 82351 (94,1%), ешкі – 15400 (74,5 %),  жылқы – 20894 (102%), шошқа – 2846 (120,5%),  құс – 50717(100,5%). Осы уақыт аралығында төл алу да көңіл толтырды. Айта кетейін, 22183 бас  бұзау,   42595 бас қозы  мен  лақ, 4753 бас құлын, 2558 бас торай қатарды толықтырды. Енді біз қазақ малды асырап қана қоймаймыз ғой. Өнімдерін алу үшін барымызды саламыз. Мал өнімдерін өндіру бойынша жеке тұрғындар, шаруа  қожалықтары  және  ауыл  шаруашылық  құрылымдары 14817,1 тонна сүт,  2469,3  тонна ет, 2710,9 мың дана  жұмыртқа өндірді.

- Қазіргі таңда асыл тұқымды мал өсіруді қолға алғандар көп. Қарапайым малға қарағанда бұлардың еті мен сүті құнарлы екен. Аудан жұртшылығы, жеке шаруа қожалықтары ниетті ме?

- Биыл қаңтар айында жүргізілген санақ бойынша жеткізейін. Шаруашылықтар 13165 бас асыл тұқымды ірі қараны: ақбас – 9236, герефорд – 1128, ангус – 918, сүтті бағыттағы 1862 және ет бағытындағы – 328, басқалары 21 бас асырайды. 16 шаруашылықта 335 бас асыл тұқымды жылқы және 20 шаруашылықта 1117 бас Еділбай тұқымды аналық қой және қошқар бар.

- «Ауыл аманаты» бағдарламасының халыққа аса қажеттігін, өміршеңдігін айтпай өтуге болмас. Ауыл тұрғындарын, шаруа баққан елді мемлекет тарапынан қолдау іс-шаралары сан салалы екені де белгілі. Сондықтан аталған бағдарламаны орындауды, абыроймен атқаруды міндет деп есептеген жөн. Енді аталмыш бағдарламаға тоқталып, жүзеге асу барысын айтсаңыз...

- 2023 жылдан бастап, «Ауыл аманаты» бағдарламасы белсенді жұмыс істейді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша 117 адам ауылда өз бизнесін дамыту мақсатында 738 миллион теңге несие алды. 798 бас ірі қара мал, 715 бас ұсақ мал сатып алынды. Өндіріс, сауда және қызмет көрсету саласында 16 кәсіпкерлік қызмет субъектісі және 125 жаңа жұмыс орны ашылды. Бүгінгі таңда осы бағдарлама бойынша 64 өтінім түсіп, 11 қарыз алушы 71 млн теңге несие алып, өз бизнес жобаларын іске асыруға кірісті. Сонымен қатар субсидиялау бағдарламаларынан бөлек көктемгі далалық жұмыстарды қаржыландыруға «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы «Кең дала» бағдарламасы бойынша 195 миллион теңге несие алынды.

- Берген мәліметтеріңіз үшін көп рақмет, Сандуғаш Сайынқызы! Ауыл шаруашылығы дами берсін!

Әңгімелескен Ақтілек Әлібекұлы,

Теректі ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале