14.04.2022, 15:30
Оқылды: 55

Шаруасы шираған «Жаннұр»

Биылғы қыс «сәуір болмай, тәуір болмас» деген сөздің бекер айтылмағанын дәлелдеді. Көктем енді шықты деп, көңілі жадыраған шаруаның ызғыта соққан боран, белуардан түскен қар біраз абдыратып тастады. Енді, міне, сәуір жетіп, қар кетіп, жер аяғы кеңіді. Қақаған қыстан аман-есен шығып, көктемнің шуақты күндеріне жеткен базартөбелік «Жаннұр» шаруа қожалығының қорасында қой қоздап, мал төлдеп, тірлік қайнап кеткен. Иеліктің тізгінін ұстаған Ержан Сейтімов ірі қара мен жылқы өсіріп, игілігін көріп отырған шаруа, өзінің ақ адал еңбегі, маңдай терімен шаруасын шалқытып отырған жандардың бірі.

DSC_0068

Ағамыздың қиындығы бір басқа жетіп артылатын мал шаруашылығымен айналысып, ата кәсіпті қолға алғанына біраз жылдың жүзі болды. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дейді дана халқымыз, мал басын көбейтіп, шаруашылықты нығайтамын деп тәуекел еткен азамат ширақтығының, алғырлығының арқасында бетке алған бағытынан жаңылыспай, ірілі-ұсақты тірлігін дөңгелентіп алды. Әрине, сайын даладағы бейнеті, машақаты мол еңбек, шынтуайтында, темірдей жүйкені, тосын қиындыққа дайындықты талап ететінін айтып жату артық шығар. Ержан осының бәріне әзір еді.

Аталған қожалықты Ержан Жанғабылұлы баласы Жарас екеуі 2013 жылы құрыпты. Сол жылы мемлекеттік бағдарламамен төмен пайызға  қайтарымды несие алған олар қолда бар он шақты малымен Базартөбе ауылынан он екі шақырым қашықтықта орналасқан «Қарабек» нүктесінен жер алып, шаруаларын бастап кетті. Қиындықсыз, әрине, бастаманы баянды ету мүмкін емес. Дала төсінде қора-жайларды жайғастыру, малға кесел тимеуін, түз тағысынан аман болуын қамдау, жем-шөбін даярлау – осының бәрі еңбеккердің уақытын талғамайтын жұмыстар. Әйтсе де тер төкпей, еңбектің жемісін татпайтынын білген Е.Сейтімов табиғатынан дарыған табанды төзімділігімен, шыдамдылығымен осының бәрін еңсере білді. Қазірде шаруашылықтың жұмысы бір жүйеге түскен. Малдың саны жыл санап өсіп келеді. Шаруашылық құрғанға дейін түрлі салада еңбек еткен азамат бар тәжірибесін енді дала төсін төрт түлікке толтыруға бағыттады.

– Мемлекетіміз ауыл шаруашылығын, оның ішінде мал шаурашылығын дамыту үшін мол мүмкіндік бергені түрлі бағдарламалар, малшы ағайынды қолдауға бөлінген демеуқаржыдан көрініп тұр. Соған орай біз де ерінбей, аянбай жұмыс істеуіміз керек. Несиені алып, малды сатып алып, әрі қарай тірлікке қадам баспай үйде жатып алсақ, ешқандай өсім-өнім болмайды. Әрі ауылда тұрған соң, ата кәсіпті жандандыру – міндетіміз. Малды бағым-күтімі оңай шаруа емес. Әр басты балаша мәпелеп, уақтылы қарап, ерекше күтім жасау керек. Түрлі кеселге қарсы уақтылы вакциналарын алып, ветеринарлық құжаттарын толтырып, түгендеп отыруды да ұмытпаған абзал. Мал шаруашылығына бет бұрғаныма биыл 9 жыл. Бастапқыда қорадан 10 шақты сиыр өретін, тынымсыз еңбек, берекелі тірлікке талпыныстың нәтижесінде қазір 120 бас ірі қара, екі үйір жылқы бар. Әрине, қандай жұмыстың болмасын, өз қиындығы болады. Тәуір табыс еңбексіз келмейтіні де ақиқат. Ата бабамыз «Еңбегіне қарай өнбегі» деп бекер айтпаған ғой. Ерінбесең ғана адал қызметіңнің игілігін көресің. Қазір халық табиғи өнімнің пайдасын түсінді. Ет пен сүттің таза, қоспасыз болғанын қалайды. Сондықтан мал өнімі әманда сұранысқа ие болары анық.  Шүкір, қазір ел қатарлы жүріп жатқан жайымыз бар. Жұмыстың жеңілі жоқ, қиындықтың бәрін жеңіп, алға ұмтылу керек. Ерінбей еңбек етсең ғана, бақыт келіп басын иеді, барлығы маңдай термен келетінін де әр адам жадынан шығармаса, игі, – дейді шаруа.

Әлбетте, малшы ағайынды сынға алатын кезең – қыс айлары. Қыстаққа тұрған әр түлікке жетер мал азығын жазда қамдап алмаса, қыстың қаһары екі бүйірден алып қысары да белгілі. Жаннұрлықтар да қыс арбасын, жаз шанасы сайлап, ертеңгі күннің қамын қамдапты. Шабындықтың уағында құс ұйқылы болса да, шөптің бір талын да шашау шығармай, қораға тайлап үйіп алды. Соның арқасында өздері дайындаған шөбі молынан жетті.

Түлігінің қысқы жем-шөбін қамдайтын техниканың да біразын жаңартып үлгерген. Шабындық басына науқан кезінде 3 трактормен, шалғысы, шөп тайлағышымен түседі. Кезінде лизингке «МТЗ-82» тракторын шөп тайлағыштарымен қоса алған Ержанның бұл қамын ертеңіне алаңдаулы, шаруасына мығым азаматтың ісі деп білеміз.

Қазір мал төлдету маусымының нағыз қызған шағы. Төрт түліктің төлі көбейіп, мал басының артуы құт пен берекенің ғана емес, толайым табыстың да нышаны. Қыс аяғы созылып, біраз қауіптенген жаннұрлықтар енді білек сыбанып, бел шешіп еңбек етіп жүр. Әйткенмен жаң туған төлдің бауырынан сыз өткізбей, аман аяғынан тұрғызып жіберу де – тәуекелге толы іс.

– Биыл бір ырысты жыл болғалы тұр. Жаңа туған төлдің күйі жаман емес. Бастысы, төл басы аман. Олар да бала сияқты, ерекше күтім қажет. Қазір төлді аман сақтап қаламыз деп қиналсақ, есесіне өсіп, семіргенде, нәтижесін көреміз. Бұйырса, басына бас төл болсын, – дейді қыр басындағы тынымсыз жұмыстан бас алмаған Е.Сейтімов.

Шаруашылықты аяқтан тұрғызуда небір ауыр кезеңдер өтсе де, қиындық атаулыға мойынұсынбаған шаруа әңгіме барысында барлық малшы ағайынға ортақ су мәселесін де бізге аманат етіп айта кетті. Жайықтың бұқар бетіндегі малды ағайынның суға зәру екендігі көпке бесенеден белгілі. Бұл жағдай «Жаннұрды» да айналып өтпегені   айқын.Осы уақытқа дейін өздері құдық қазып, содан малдарын суарып отыр екен. Бірақ жер асты суының сапасы шамалы, кермек татыған ащы, сонда да малы ішіп жүрген көрінеді. «Азнабай-Тайпақ» арнасы маңында жерлері бар. Қазір ол арнада жөндеу жұмыстары жүргізілуде, егер осы арнаға жан бітсе, жылдан-жылға шығымы азайған шөп те бітік болып, малдың да қоңы кірер еді деген ойын жеткізді Ержан.

Жаннур (1)

Айналасындағы шаруасын ширатып, үйде де, түзде тірлігі түзу жанды «төрт құбыласы түгел екен» деп жатамыз. Ержан да осындай азаматтардың санатынан. Жан жары Ырысты екеуі бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Қатарынан кем қылмай, өсірді. Ұлдары үйленіп, келін жұмсап, олардан өрген ұрпақтың қызығына бөленіп отыр. Үлкен қызы тұрмысқа шығып өз алдына шаңырақ көтерсе, кіші қызы Өскемен қаласында өз таңдаған мамандығы бойынша білім алуда.

Мал басын өз төлі есебінен өсіру арқылы өнімдерінің сапасын молайтуды көздеген шаруа қожалығының әлі де алға қойған мақсаты, көздеген жоспары көп. «Тынымсыз еңбек еткенге бақыт басын иеді» деген, дамылсыз қызметтен қол үзбеген «Жаннұрдың» тірлігінен заман талабына сай серпіліс байқалады. Тындырымды тірліктен рахат тапқан шаруа үшін бақыт деген осы емес пе?!

Нұрбек Ихсанов,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале