“Сырым елі” қоғамдық - саяси газетінің тарихында басылымды 28 редактор басқарыпты. Жымпитылықтар әлі күнге аудандық газет туралы сөз болғанда Бақтығұл Ойшыбаевтың есімін бірге атайды.

Бүгінгі күні еліміздің бетке ұстар телеарнасы - “Хабар Агенттігі” АҚ басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев та бала күнінде әкесінің жұмысына барғанын, газет шығару процесіне сан рет куә болғанын, шашына газеттің иісі сіңгенін жиі айтады.
“Сырым елі” газетінің 95 жылдық тойынан Кемелбек ағамыз да сырт қала алмады. Редакция ұжымы мен әкесінің көзін көрген ардагерлерге Астанадан, “Хабардан” арнайы құттықтау хатын жолдапты.

- «Сырым елі» – Алаш рухынан нәр алып, уақытпен бірге жаңарған, бірақ бағытынан жаңылмаған басылым. Бұған газет ардагерлерінің адал еңбегі, сабырлы ақылы, кәсіби мектебі негіз болды. Бүгінгі жас журналистер үшін бұл үлкен өнеге, баға жетпес тәжірибе, - делінген хатта.
Елдегі ағайын да Кемелбек мырзаның жанұясына амандық, қызметіне табыс тілеп жатыр.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
Суретті түсірген: Рафхат Халедов