Еліміздің мықты болуы отбасының татулығы мен береке-бірлігіне байланысты. Отбасы – кез келген адам өмірінің ең маңызды бір бөлігі. Баланың болашақта жақсы азамат болып өсуі үшін, жан-жақты тәрбиелі болуы отбасында берілетін тәрбиеге байланысты екені рас.
Бөрлі ауданының Кеңтүбек аулындағы көпбалалы отбасылардың бірі - Шарибдановтар отбасы.
Алға қойған мақсаттары айқын, салауатты өмір салтын ұстанатын отбасы.Ел қатарлы қызмет ететін Әділбек пен Гүлдана Шарибдановтардың отбасы құрғанына 19 жыл толған. Бақытты ата-ана бүгінде үш ұл мен бір қызды тәрбиелеп отыр. Балалары Абылайхан, Еркебұлан және Ернар Кеңтүбек жалпы орта білім беретін мектебінде білім алуда. Негізінен осы ауылдағы шаттығы мол шаңырақтан саналады. Өйткені мектеп жасындағы ұлдар үйлеріне үнемі қуаныш сыйлайды екен. Үлкен ұл Абылайхан биыл 11-сыныпты аяқтап жатқан жас түлек. Ол көптеген аудандық, облыстық, республикалық олимпиадалардың жүлделі орын иегері. Мысалы, биыл Академик Букетов атындағы Қарағанды университетінде өткен физика пәнінің халықаралық олимпиадасына қатысып, жүлделі ІІІ орынға ие болған. Абылайхан математика пәнінің мұғалімі болғысы келеді екен. Қазір жоғарғы оқу орнына түсуге дайындалуда. Екінші баласы Еркебұлан биыл 9-сыныпты аяқтады. Ол мектепте өтетін қоғамдық жұмыстарға үнемі белсене қатысып, ортасында жүреді. Кіші ұл Ернар 2-сынып оқушысы. Спортты жақсы көретін Ернар қазақша күрес үйірмесіне қатысады. Кішкентай бүлдіршін - 2 жастағы Айзере ауылдағы «Жұлдыз» бөбекжайының тәрбиеленушісі.
- Отбасы – өмірдегі ең маңызды құндылық. Біз үшін отбасы – сыйластық пен келісімнің белгісі. Тәрбие берудегі маңызды қадам баланың бойына жақсы қасиеттерді жинау деп ойлаймын. Елімізде біз сияқты көпбалалы бақытты отбасылардың саны артып келе жатқаны мені қуантады. Балаларым үнемі қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүреді. Мектепте қатарластарының алдында беделді. Жолдасым екеуміз балаларымыздың осындай жетістіктерін мақтан етеміз. Ана және жар ретінде мен отбасымның берекелі, тату және бақытты болуы үшін әрдайым бар күш жігерімді саламын. Балаларымның елге сыйлы, ақылды болғандарын қалаймын. Біз балаларымызға әрқашан жақсы тәрбие беруге тырысамыз, - дейді отанасы Гүлдана Асқарқызы.
Бір қызығы Әділбек пен Гүлдана Шарибдановтар да көп балалы отбасыдан шыққан. Отағасы Әділбек тоғыз баланың сегізіншісі болса, отанасы Гүлдана отбасыдағы төрт баланың үлкені.
Шарибдановтар отбасы балаларымен бірге мектепте өтетін спорттық жарыстарға үнемі қатысып жүреді. Аналарының айтуынша балалары кітап оқып, сурет салғанды жақсы көреді екен. Ауылдастары бұл отбасының балалары ақылды, тәрбиелі әрі білімді деп тамсана қарайды. Яғни, аталмыш отбасы ауыл тұрғындары арасында беделді, сыйлы отбасылардың бірі. Жанұя мүшелері ақжарқын, кішіпейіл мінездерімен, еңбекқорлығымен көпке үлгі. Сонымен бірге еліміздің ертеңі осындай үлгілі отбасылардан шыққан ұландардың қолында деп сенеміз.
Айдана Абдрахманова,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz