29.03.2023, 11:31
Оқылды: 47

Шахматтан аудан біріншілігі өтті

Жуырда белгілі қоғам қайраткері, Тасқала ауданының құрметті азаматы Сатқали Сапаровты еске алуға арналған жасөспірім ұл-қыздардың арасында шахматтан аудан біріншілігі өтті. Бұл шараның мақсаты елге аянбай қызмет еткен азаматтарды кейінгі толқын жастарға үлгі ету және жас спортшыларды іріктеу, салауатты өмір салтын қалыптастыру болатын.

аудан біріншілігі 2 (1)

   Алдымен қонақтар аудан орталығындағы Сатқали Сапарұлының тұрған үйіне гүл шоқтарын қойып, естелік суретке түсті. Содан соң С.Жақсығұлов атындағы мектепте өткен салтанатты шараның ашылу рәсіміне қатысты. Жиында  аудан әкімінің  орынбасары Т.Шакиров қонақтарға қош келдіңіз айтып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Одан әрі сөз алған «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Табылғали Сатқалиұлы марқұм әкесінің еңбек жолын тілге тиек ете келіп, аталмыш турнирдің мақсатына тоқталды.

аудан біріншілігі (1)

«Біздің бұл турнирді ұйымдастырыр жүргенімізге бес жыл уақыт өтті. Мұндағы мақсатымыз, елге қызмет еткен азаматтар мен о дүниелік болғандарды есте сақтау үшін және ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру үшін деп бастаған едік. Бұл турнир одан әрі жалғасады деп үміттенеміз. Әр мектепте директорлар мен мұғалімдер осындай шараларды жиі өткізуге мұрындық болса деген ниетіміз бар. Тек шахмат қана емес, барлық жағынан қамтыса, сонда біздің болашақ ұрпағымыз жан-жақты болып шығады. Біз неге шахматты таңдадық. Мұнда да үлкен мағына жатыр. Шахмат тек ойын ретінде емес, ол ақыл ойды түзейтін, оны дамытатын құрал ретінде де қажет. Біздің кезімізде мынандай шахмат тақтасы болмады. Мен мектепке бармаған кезде ең бірінші, атам ақ матаға шатыраш сызып, дойбыны үйреткен еді. Соны көрген әкем шахмат алып берді. Мен сонда бірінші кластан бастап шахмат ойнағанмын. Оның ойды қалыптастыруға көп әсері бар. Сондықтан шахматты таңдадық. Бұл болашақта сіздерге жақсы азамат болып қалыптасуға септігін тигізеді. Сондықтан іске сәт. Жеңісті күндеріңіз көп болсын»,- деп Табылғали Сатқалиұлы жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

   Айта кету керек шараға Сатқали Сапарұлының көзін көрген замандастары мен еңбек ардагерлері, ауыл ақсақалдары сондай-ақ, марқұмның ұлдары арнайы қатысты.

Жарыста Мерей, Атамекен, Амангелді, Ы.Алтынсарин, С.Жақсығұлов, Қ.Сәтбаев атындағы жалпы білім беретін орта мектептің, сондай-ақ, «Сәулет» мектеп лицейінің командалары бақ сынады.

Мұнда ең кішкентай қатысушы қыздар арасынан Бірлік негізгі мектебінің 2-сынып оқушысы Рамина Айткулова болса, ұлдар арасынан Ы.Алтынсарин атындағы мектептің 2-сынып оқушысы Ерасыл Үмбетали болды.

Жарыс қорытындысы бойынша қыздар арасынан жүлделі I орынды Амангелді орта мектебінің оқушысы Айя Елеукенова жеңіп алса, II-III орындарды «Сәулет» мектеп  лицейінің оқушысы Дана Мұхтарова мен Ы Алтынсарин атындағы орта мектептің оқушысы Назерке Намазова иеленді. Ал ұлдар арасында жүлделі орын С.Жақсығұлов атындағы орта мектептің оқушысы Батыр Жақсығұловқа бұйырса, II орынды мектептен тыс жұмыс орталығының тәрбиеленушісі Нұрдәулет Мәулен еншіледі. Жүлделі III орынға Қ.Сәтбаев атындағы орта мектептің оқушысы Мақсат Тәшімов қол жеткізді.

Жеңімпаздар қаржылай сыйлық пен арнайы дипломдарға  ие болды. Жүлде қоры 1 орынға 15 мың болса, II-III орындарға 10 және 7 мың теңгеден тігілді. Қалған қатысушыларға «Белсене қатысқаны үшін» аталымы мен шахмат тақтасы табысталды.

Назгүл Серік,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале