7.04.2023, 9:45
Оқылды: 17

Шахматты серік еткен жан

Бәйтерек ауданының Трекин ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Бақи Тоқбаевтың 85 жасқа толу мерейтойына орай шахматтан ауылдық турнир өтті.

baiterek (2)

Аталмыш ауылдағы «Абзал ағалар» клубы ұйымдастырған жарысқа 8 адам қатысты. Олардың бірі әрі ең жасы үлкені - мерейтой иесі.

-Бақи Кәкімжанұлы - біздің клубымыздың белді мүшесі һәм ақсақалымыз. Өзі әуесқой шахматшы. Былтыр клубымыздың құрылғанына бір жыл толуына орай алғаш рет шахматтан аудандық турнир ұйымдыстырдық. Бұл - екінші сайысымыз. Ауылдық турнир өтетінін естіген көршілес Достық ауылынан Есім Кенжалиев деген тұрғыны арнайы келіп қатысып, ІІІ орын алды. Ал І және ІІ орындарды трекиндік Шайқы Бертілеуов пен Боран Құбиев алды.

baiterek (1)

Мерейтойына орай өзіне құрмет көрсетіп, шахматтан турнир ұйымдастырған ауылдық округ, ауылдық мәдениет үйінің басшылығына, «Абзал ағалар» клубына ризашылығын білдірген Бақи Кәкімжанұлы шахматпен бала кезден серік екенін айтты. 1956 жылдан бері талай жанмен шаршы тақтада текетіреске түсіп келеді.

-Ауылымыздағы он шақты зейнеткер аптасына екі-үш мәрте клубқа келіп, шахмат ойнап тұрамыз. Шаршы тақтаға үңілгенде жаным жай табады. Жалпы шахмат ойнында дұрыс шешім қабылдаумен қатар, оған ұтымды жауап беру маңызды. Бұдан өзге шахматшының физикалық дайындығы мықты болуы тиіс. Бұл - еңбекқорлықты, жинақылық пен табандылықты талап ететін спорт түрі. Сондықтан жастарды да, жасамыстарды да шахматпен дос болуға шақырамын, - дейді Бақи ағамыз.

baiterek (3)

Айта кетейік, Бақи Тоқбаев 1938 жылы Орынбор облысында дүниеге келген. Ата-анасы - Жымпитының тумасы. 1939 жылы Приурал ауданының Чесноков (қазіргі Сұлукөл) ауылына келіп тұрақтаған. Мектептен соң Оралда техникуда оқып, әскери борышын өтеп, Чесноковта түрлі жұмыс атқарды. 1965-1976 жылдары Щевченко атындағы колхоздың бас инженері болды. Осы қызметіндегі еңбегі үшін «Құрмет» орденімен марапатталды. 1976-1985 жылдары Чесноков  ауыл кеңесінде басқарма, бригадир болды. 1986 жылы Трекин ауылындағы Желаев шарушылығында бригадир, инженер-гидротехник, кәсіподақ төрағасы сынды жауапты қызметтер атқарды. 2000 жылдан бері зейнет демалысында. Бүгінде отанасы Ақзия апай екеуі тәрбиелеп өсірген үш қыз, екі ұлдан 8 немере-жиен, 16 шөбере-жиеншар көріп, Алла Тағаланың жазған тағдырына разылығын білдіріп отырған жан.

Қуаныш Қали,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале