26.07.2022, 11:15
Оқылды: 59

Шебер қолды Зәмзәгүл

Бүгінгі өркениет заманында жұмыс істеймін дегендерге кәсіптің түрі көп. Әсіресе, қолынан өнері тамған жандардың өз туындысын саудалауына да жағдай жасалған. 

IMG-20210221-WA0009

Иә, адам өмірінде мамандық көп. Оны икемімізге қарай ажырата білу өз қолымызда. Бастысы мамандық таңдаудан қателесіп кетпесек болды. Шындығында өмірде бәріміз халыққа қалаулы, елге елеулі болып қызмет көрсеткіміз келеді. Бірақ ол үшін бәріміз бірдей әкім, заңгер, сот болуымыз тағы да шарт емес. Адамға қарапайым мамандықпен де еңбектің нанын татуға болады. Мысалға аспаз, дәнекерлеуші, құрылысшы, шаштараз, тігінші секілді кәсіби мамандықтардың да маңызы зор.

Біздің бүгін қозғағым келіп отырған қарапайым мамандықтың бірі – тігіншілік өнері.

Қазір көрпе мен көрпеше, қыз жасауы, бесік жабынын тігу сынды ұлттық өнерді ұлықтап жүрген қыз-келіншектердің кәсібіне сұраныс өте жоғары. Жыл сайын осы ісмерлікке икемделіп, жеке кәсібін дөңгелетуге ниетті нәзік жандылардың қатары артып келеді. Жүрек қалауымен осы саланы бойына сіңіріп, кәсіп көзіне айналдырған бөрлілік Зәмзәгүл Ажикованың қолынан шыққан бұйымдарға ықыласымыз ерекше ауды.

Зәмзәгүл бес бала өсіріп, тәрбиелеп отырған көпбалалы жас ана. Кішкентай сәбиі Байхан- 2 жаста. Жолдасы Нұрболат болса қарапайым жүргізуші.

IMG-20210221-WA0010

Бес баланың тәрбиесімен жүріп, бәріне үлгеретін Зәмзәгүлдің түрлі маталардың тігісін үйлестіріп, әсемдеп, «әр үйдің төрінде шаңырақтың берекесі артып, әр ісі үйлесім тауып құралсын» деген ниетпен жасалатын құрақ көрпесі мен қазақы нақышта оюмен әсемделген терезе жапқыштарына сұраныс жоғары.

Интернетті игілігіне икемдеп...

– Шүкір, мақтанғаным емес, тапсырыс жақсы түсіп тұрады. Кейде үлгермей де қалып жатамын. Балаларымның сабағы, тамағы дегендей. Әрі сәбиім де кішкентай. Дегенмен жолдасымның бір табысына қарап отыруға тағы болмайды. Негізінен біз бұйымдардың барлығын бүгінгі трэндке сай етіп жасауға тырысамыз. «Біз» деп неге айтты деп отырған боларсыз. Мен бұл жерде жолдасым Нұрболатты айтқаным. Менің әр ісіме қолдаушым ол - азаматым. Менің тігіншілігіммен бірге жолдасым ескі сандықтарды заманауи үлгіде қаптап, жаңалайды. Шыны керек, қазір көп апаларымыздың, қыз-келіншектердің жасауымен келген өткен жылдардағы ағаш әрі қаңылтырмен өрнектелген сандықтары ауыз үйге шығып қалды. Соларды жаңалап қайтадан төрге қоюға жағдай жасап жүрміз - дейді ісмер күліп.

«Сондықтан да сұраныс жоғары деп ойлаймын»,- деп сөзін қайта жалғаған ол: «Қазір заман талабына сәйкес, халықтың талғамы да өзгерген. Бұрындары қызыл-жасыл түсті маталарды таңдаса, қазіргі күні жарық, ақшыл түстерге бейім.

IMG-20210221-WA0006

Бастапқыда өзіме ғана тігіп жүрдім. Оны көрген таныстарым тапсырыс бере бастады. Кейіннен Instagram парақшамда жарияладым. Оқырмандар жылы лебізін білдіріп, тапсырыс көбейе түсті. Кейін өзімді жетілдіре түсу мақсатында тігіншіліктің шеберлік сыныптарына қатыстым», - дейді.

Иә, түрлі маталарды пішу, оны қонымды етіп тіге білу ізденісі мол, көз майын тауысатын шығармашылық еңбек.

Интернетті игілігіне икемдеп, оны табыс көзіне айналдыра білген Зәмзәгүлдің негізгі мамандығы- заңгер. Тұрмыс құрғанға дейін мамандығы бойынша жұмыс жасаған.

-Мамандығым бойынша жұмыс жасадым. Кейін тұрмыс құрдым, ана болдым, сол балалардың тәрбиесімен үйде отыруыма тура келді. Бірақ құр қарап тағы отырғың келмейді. Қолдан келер ісімді ақырындап бастадым. Осы қасиет менің бойыма анамнан қонса керек, себебі менің анам да тігінші. Түрлі құрақтан көрпе-көрпеше тігеді. Соны көріп өскендігімнен ба, мен тігін тіккенді бала кезімнен жақсы көремін. Сол кездерде өзім ойнайтын қуыршақтарға түрлі көйлектер тігіп кигізетінмін»,- деді Зәмзәгүл.

Сұранысына қарай тігіледі

Зәмзәгүлдің әр сөзінен өз ісіне деген шынайы сүйіспеншілігі сезіліп-ақ тұрды.

– Жасырын болмаса айта кетіңізші, бесік жабдығы мен көрпешелеріңізді қаншадан сатасыз? - дедік сөз арасында.
– Оның несін жасырайын. Барынша қарапайым халықтың қалтасына салмақ салмайтындай баға қоямын. Мәселен, құрақ емес жай ғана матадан тігілгентөсеніш көрпе, «қонақ көрпе» деп жатамыз ғой. Себебі үйге бір мейман келсе төрге көрпе төсейтін халықпыз ғой. Сол мақтасы салынған дайын көрпешелер 2500 теңгеден  басталады. Ал енді құрақтар қымбаттау. Оның неге қымбат екенін бәрі біледі деп ойлаймын. Өйткені, көз майыңды тауысатын жұмыс. Құрақ жасау шыдамдылықты талап етеді. Бұл жерде түстің бір-бірімен үйлесімділігі өте маңызды. Матаның да қалай қиылғанына назар аудару керек. Негізі әр істі жасағанда селқос, зейінсіз қарауға болмайды. Себебі ол сүйкімсіздікке және салақтыққа әкеледі. Мата түрлерін, сапасы мен сәнін айыра білетін адамдар қолымнан шыққан туындыларды артығымен де бағалап жатады, Оның үстіне тігетін матаның да сапасына қараймыз. Көрпелер, перделер «короловский» пұлыштан тігеледі делік. Ал оның бағасы қымбаттау жүреді. Әрі тапсырыс берушінің талғамына, сұранысына қарай тігіледі. Барынша көңілдерінен шығуға тырысамын. Тігіп дайындаған перделерімді өзім барып (қала ішіндегі және жақын ауылдардың) терезелеріне жауып, қайта ұзындығын, тігілгеннен кейін терезеге ілінуде сақталатын дизайнын бәрін қарап, іліп беремін. Кейде берген өлшемдері келмей қалып жатады, ондайда кері алып кетіп, қайта жөндеймін. Негізінен тапсырыс берушілерден үйінің перде тұтатын терезе бетін анықтап суретке түсіріп, өлшемдерін нақтылаймын, – дейді тігінші.

IMG-20210221-WA0007

«Кәсіпті бастасаң, мемлекет қоштайды...»

Кәсіп бастаймын деген жанға мемлекет қолдау да көрсетуде. Қаншама бағдарламалар қабылданып жатыр. Бірақ оның көзін таба алмай жүргендер де қаншама?!.. Ең бастысы – адамда өз кәсібіне, өз ісіне деген үлкен жауапкершілік пен қызығушылық болу керек. Бір білетініміз мемлекетке құр алақан жаймауда. Қолыңнан келер ештеңең болмай, «босқа маған бер» деген болмас. Әрине, алдағы уақытта осы кәсібімді кеңейту үшін мемлекеттік бағдарламаға жүгіну  біздің де ойымызда бар. Үлкен цех ашып, қолынан іс келетін қыз-келіншектерді жұмысқа алғымыз келеді. Адамда арман таусылған ба, мүмкіндік туып жатса, үйрету курстарын да өткізгім келеді.

Болашақта балаларымыз жалғастыра ма, оны уақыт көрсетеді, дегенмен осы кәсібіміздің жалғаса бергенін қалаймыз. Балаларымыз әзірге кішкентай, дегенмен қыз бала анасына жақын келеді ғой, қызымды да икемдеген болып жүрмін. Шашқа тағатын түрлі әшекейлер, шашты жинап тұратын резинкаларды матадан тігіп қаптау т.б секілді нәрселерді жасайды. Былай қарағанда ұсақ нәрсе бірақ оның өзі үлкен еңбекті талап етеді.

Ісі мен сөзі үйлескен...

Тігіншілік кәсіппен нәпақасын тауып, отбасының ұйытқысы болып отырған Зәмзәгүл келген әулетіндегі үлкен келін. Жолдасы Нұрболаттың соңынан ерген екі інісі де отбасылы.

«Келін болып түскен соң, үш жылдай ене мектебінде тәрбиелендім. Кейін ата-енем үйдің үлкені болғандықтан еншімізді беріп, бөлек шығарды. Әулетте үш абысынды-келіндіміз. Тәубе татулықты сақтап, келген жеріміздің түтінін түзу шығаруды басты міндетіміз санап келеміз» деген Зәмзәгүлдің әр ісіне қол соқпасқа болмастай. Бесіктегі сәбиімен бірге іскерлікті ала жүріп, балаларына ұлттық тәрбие беруді де ұмыт қалдырмағаны баласы Мансұр мен Нұрханның малдас құра отырып бата беруі, қала берді, Алланың 99 көркем есімін жатқа айтып, бірін-бірі іле жалғастыруынан көрініп-ақ тұр.

«Шебердің инесі де, соққан күймесі де алтын» демекші сөзі мен ісі үйлескен, он саусағынан өнер тамып, жақсыны көрмекке ұмтылған ісмер келіншекке біз де сәттілік тіледік.

Сәнім Меңдібай,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале