6.04.2022, 17:15
Оқылды: 101

«Шеберді шілтерінен танисың»

Құрақ құрау да соңғы жылдары қайта «тірілген» төл өнеріміздің бірі. Құрақ көрпе қыз жасауында жиі кездеседі. Қазір оны әр үйдің төрінен көруге болады. Құрақ құрау оңай шаруа емес, тіпті құрақ ісін шебердің шеберіне ғана десем қателеспеймін. Осыны кей әйелдер кәсіпке айналдырып, нәпақа айырып,  едәуір табысқа кенеліп отырғаны да жасырын емес. Ал біздің «Берекелі бибі» арнаулы бетіміздің келесі кейіпкері Нұрбақыт апа Еркеғалиева құрақ құрауды табыс көзі емес, жанына жақын іс деп біледі.

шебер-2

«Он саусағынан өнер тамған адам ғой»

Сайқындықтарға Бақон есімімен таныс кейіпкеріміз құрақ құрауды мақпал матасына тапшылық кезінде бастаған. Ол кезеңді қазіргі толқын біле бермейді. Алайда аға ұрпақтың есінде шығар дүкендерде сөрелер босап, мақпал түгіл бір қонақтың тамағын алу үшін Ресейдің Волгоград, Ахтубинск қалаларына баратын кезді. Ия, қолда ақша болғанменқажетіңді таба алмайтын шақта Бақон апамыз Алматыға барған сапарында құрақтың кереметіне көзі түскен. Әсемдікке әуес Бақон апамыз құрақ  көрпені тігу әдісін білмесе де,  соны өз қолымен тігуге көңілі ауған. Сөйтіп, Алматыдан құраққа қажетті мақпалды, дайын екі құрақ көпшік тысты қоса алып ауылға қайтады. Ол кезде ғаламтордың да көмегіне жүгіне алмайсың.Қазір ғой үйренем деген жанға ғаламтор қай істің де  басынан аяғына дейін қалай атқаратынын, қажеттілердің тізімін, кесінділердің түр-түсінің үйлесімділігін, кесінділердің есебін – бәрін-бәрін шемішкедей шағып, дайындап беретіні. Ал ісмер апамыз құрақты тігуге кіріскен шақта мұндай қолжетімді көмекші болмаған. «Шын шеберге тұсау жоқ» демекші, ол өзі алып келген көпшік тысты үлгі қылып, тіге бастаған. Құрақтары бірден түп-түзу, керемет боп кетпегені де аян. Алайда, Бақон апаны қиындықтар қайыстырмады. Ол өзін жетілдіруден жалықпайды. Қазірдің өзінде қиындыларды жиып қойып, қолы қалт ете қалса, құрақтың бөліктерін дайындап қояды екен. Тіпті ол сол құрақтың бірнеше өрнегін де өз бетімен үйреніп алған. Қазағымда құрақтың алуан түрлі өрнегі бар – амандасу, жебе, торпақ, тырнақша, қарқара деп бөліп жатады, керек десеңіз версачи деген заманауи түрі де бар екен.

–Көршім Бақон апам деген нағыз он саусағынан өнер тамған адам ғой. Бір тыным таппайды ғой, таппайды. Босай қалса, іске бірден кірісіп кетеді,-дейді көрші сіңлісі Лаура ??? .

Көрші сөзінің жаны бар. Бақон апаның үйіне кіре қалсаң, ілмекпен тоқылған кішкене алашалардан, орындық көрпешелерінен, құрақ көрпе мен түрлі суреттерге қарап, бұл ісмердің үйі екенін бірден аңғарасын.

шебер-8

Ол қолөнер мектебі еді

Әдетте ісмерлік бала кезден үйретіліп, адаммен бірге өсіп-дамып, шеберлікке ұласады деп жатамыз. Алайда Нұрбақыт апа туған-туыс, көрші-қоланнан ұршық иіру, тоқу сынды дүниелер көріп өскенмен, ден қойып, істемеген екен.

–Ең алдымен тоқымамен айналыстым, ол кезде тұрмыс құрмаған едім.Менің жас кезімде көрші әйелдер жиналып, үлкендері кішілеріне көрген-білгендерін үйретіп, тоқудың әдіс-тәсілдерін, жүн шұлықтың өкшесін шығару, қолғап, бессаусақтың саусақтарын шығаруды үйрететін. Ол  кәдімгідей қолөнер мектебі еді. Ол кезде марқұм көршілерім Кенжайым, Қанипа апалар бар. Солар менің ұстазым еді,–деп өткен күндерін еске алды кейіпкеріміз.

Күнделікке қажетті шұлық, қолғап, бас киім, шарфтарды тоқудан бастап, оларға қажетті жіпті иіруді үйренген апамыз уақыт өте шеберлігін шыңдай түскен. Айналасына кеудеше тоқу, бара-бара кардиган, джемпирлерді қиын өрнектермен өрнектеп, Оралдағы сіңлі туыстарына да жолдап жүрген. Тек Нұрбақыт апа бұл істі табыс көзіне айналдыруды тіптен ойға да алмаған.

–Мен кісіге істемеймін, істей алмаймын. Қай нәрсені де өзім үшін, отбасым үшін істеймін. Кейде құрбыларыма, жақындарыма сыйлық ретінде ұсынып жатамын. Тек бір рет ғана ауылдас сіңлім Толқын Мақсотова өтініп сұраған соң сырға салуға қажеттті сәукеле қобдишасын қоржынымен жасағаным бар. Жалпы бұл іс менің жан жұбанышым десем болады, – деп ағынан жарылды.

шебер-5

Әсемдікке әуестік алға жетелейді

Бақон апамызжақында пайеткамен қос аққу бейнелеген қос кофе шынысының суретін аяқтаған. Енді оған рама жасау қалды дейді апамыз. Оның пайеткамен салынған бірнеше суретібар. Негізгі тақырыбы құстар екен. «Неліктен бұл тақырыпты таңдадыңыз?» деген сауалымызға тосылып, «ұнатамын» деп қысқа қайырды. Жалпы оның қолынан ілмекпен тоқылған қос жапалақ та әдемі боп шыққан. Ырымдап, отбасынтіл-көзден сақтасын деп көздің жауын алатын пайеткалардан үлкен және кіші көз алқалар да тізген.

Апамыздың жеке бөлмесі шығармашылық адамының шеберханасы  дерсіз. Бөлменің бір қабырғасында кейіпкеріміздің қолөнер туындылары ілулі, ал құрақ жастықтары креслодан орын тапқан, бөлменің екінші қабырғасы отбасының фотосурет галереясы іспетті.

Айтқанымыздай оның қолынан шыққан туындыны үйдің әр бөлмесінен көруге болады. Жатын бөлмеде екікісілік керуетке арнап ілмекпен тоқыған жамылғы және үлкенді-кішілі жастықтыстарды көресіз.

–Қажетті жіптерді ауылдан таба алмаймын. Сондықтан Оралға барғанда керектерімді түгендеп аламын. Пайеткалардың шағын ғана көлемі біраз қаржыны құрайды. Бір суретті салу үшін оның мыңдаған данасы кететін шығар. Сондықтан оны Алматыдағы құрбым салып жібереді,–дейді кейіпкеріміз қиындықтарымен бөлісіп.

Ойлап қарасаңыз,құрақ құрау да, пайеткамен сурет салу да, ілмекпен тоқу да сағаттап отырып, үйлесімділік іздеп, ынта мен жігердің, табандылықтың және сүйіспеншіліктің нәтижесі. Алайда осы еңбекті төмен бағалайтынына қынжылады екен кейіпкеріміз. Жақында бір мекеменің басшысы апамыздың жұмыстарын облыстық көрмеге сұрап алып, көлікпен әкеткенмен, қайтарарда қызметшісінің қолына ұстатып жіберген. «Дүниелерімтүгел келмеді, біртіндеп, бас-аяғын түгендеп алдым. Ең болмағанда «рахмет» деген жылы сөзі жоқ» деп ренішін де жасырмады. Иә, шығармашылық адамына жылы сөз, шын ықыластан өзге марапат жоқ. Ал осындай селсоқтық көзқарас көңілге кірбің түсіреді. Өйткені шығармашыл адамның жаны нәзік келеді, еңбектің еленгенін қалайды.

Уақыт тапшы заманда  Бақон апамыз өінің хоббиіне қалай уақыт табады десеңіз? Оның еш құпиясы жоқ екен. Қолөнерге бет бұрған шақта Нұрбақыт апамыз теміржол бекетінде кезекшілікпен істеген. Оның міндеті келген поездті хабарлау еді. Осы қызметтегі жиырма тарта жыл істегенде апамыз тоқымасын қолынан тастамаған. Кейін Бөкей ордасы колледжінің жатақханасында істегенде де ол істі жалғастырған. Ал қазір үй тірлігін реттейтін келін мен қыз бар үйде. Сондықтан апамыз бар уақытын өзінің сүйікті ісіне жұмсап жатады.

Нұрбақыт Мұхамбетқызының өз қолынан ілмекпен тігілген жемістері, тауықтары мен түрлі-түсті жұмыртқалары, қысы-жазы жайқалып тұратын гүлдері тағы бар.

Ісмердің ізбасарлары

 Айталық ісмер жанның шәкірттері де бар екен. Ол жатақханада істеген кезінде ниет білдірген қыздарға үйретуден жалықпаған.

– Колледждің алғашқы студенттері менің хоббиіме ерекше қызығушылық танытқан еді. Кейінгі толқын да үйренуге құлықты еді.  Кейде олар әдейі келіп не хабарласып керегін сұрап жатады. Қуанып қаламын. Себебі менің үйреткенімді кәдеге асырып жатқанына риза боламын ғой. Ал негізгі шәкіртім – немерем Нұртілек, мен шұлық тоқысам, ол да тоқитын, өзге бір нәрсе бастасам, қасымнан табылады. Ол тіпті ісмерлікті мамандығына жаратты. Алайда, есейе келген жігітіміздің қызығушылығы бәсеңсіп кетті, – дейді шәкірттерінің ынтасын бағалап.

Ешқандай арнайы оқу-тоқуы болмаса да, ерік-жігерінің, ынта-ықыласының, табандылығының арқасында қолөнердің неше түрін өз бетімен үйренген Нұрбақыт апамыздың жұмыстары бір көрмеге жүк боларлық. Айтпақшы ешқандай алғыс алмаса да оның кей туындылары Орал қаласындағы Қадыр Мырза-Әли өнер орталығында бір ай көрмеге қойылған. «Шеберді шілтерінен танисың» демекші, енді Нұрбақыт Мұхамбетқызының жұмыстарын алыстан ажырата алармын деп ойлаймын.

Раушан Жанатқызы,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале