Әр мұғалім оқушылардың өз пәніне деген қызығушылығын арттыру үшін сабақты қызықты етіп өткізуге тырысады. Солардың бірі - Ақсайдағы №3 ЖОББ мектептің көркем еңбек және технология пәндерінің мұғалімі Рамиз Каюпов.
Рамиз Талғатұлы Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінде бейнелеу өнері, сызу және технология мамандығын бітірген. Ең бірінші еңбек жолын 2016 жылы Теректі ауданында бастаған. Қазір 6 жылдық еңбек өтілі бар. 2022 жылдың қыркүйек айынан №3 ЖОББ мектептің мұғалім болып жұмыс жасайды. Ол 4-9 сыныптарға көркем еңбек және технология пәнінен сабақ береді.
Кез-келген пәнді жақсы меңгеру үшін оқушылардың сол пәнге деген қызығушылығын арттыру керек. Оқушылардың қызығушылығын арттыру мұғалімнің шеберлігіне, біліктілігіне келіп тіреледі. Оқушыға жан-жақты білім беру әрбір ұстаздың басты міндеті. Сыныптағы әр оқушының ойлау қабілеті мен шығармашылық қабілеті бірдей болмайды. Әрбір ұстаз өзіне берілген сабақ уақытын тиімді, қызықты етіп өткізуі керек. Көркем еңбек пәнінің мұғалімі Рамиз Каюповта өзінің сабақтары оқушыларға қызықты өтуі үшін мектеп бағдарламасынан бөлек, өзінің қолынан келетін істі балаларға үйретуді жөн санаған. Ол балаларға жинақ сандықша, мақтадан мүсіндер жасауды үйреткен. Алғаш бастағаннан бастап оқушылар қызығып, әртүрлі мүсіндерді жасап көрген. Айтуынша, балаларға осылай жұмыстану ұнаған. Қазірде оқушылар өздері қалаған мүсіндерді жасап, оларды бояу үстінде. Оқушылардың қызыққаны соншалық, сабақ сайын әртүрлі мүсіндерді жасайды.
-Оқушыларға сабақты қызықты етіп өткізу менің басты қағидам. Сол себепті сабақ жоспарынан бөлек, оқушылардың басқа да заттарды жасауды үйренуін қаладым. Қазіргі кезде оқушылардың көпшілігінде жинақ сандықшасының бары анық. Өздерінің қолдарымен жасаған сандықшаға ақша жинағаны жақсы емес пе? Негізінде жинақ сандықша жасауды жолдасым екеуміз шағын бизнес бастаймыз деп арнайы оқыған болатынбыз. «Даму start» жобасы арқылы жинақ қобдишасын қалай жасау керектігін үйреніп, интернет-дүкеннен құралдарына тапсырыс бердік. Мысалы, гипс және жинақ қобдишасын жасайтын арнайы пішіндер. Қазіргі таңда тұрақты жұмысымнан бөлек өзім осы шағын бизнеспен айналысып жатырмын. Қолымнан келіп тұрғасын неге оқушыларға үйретпеске деп ойладым. Алғашқы бастағаннан-ақ оқушылардың қызығушылықтары ашылды. Тек сабақ жоспарымен ғана жүрмей, арасында осылай қызықты жұмыстармен айналысқанда балаларға пайдалы деп санаймын, - дейді Рамиз Талғатұлы.
-Бұл мүсіндерді жасау бізге қатты ұнады. Сабақ уақыты өте қызықты өтті. Қоңырау уақытында да өзіміздің жасаған пішіндерімізді келіп қарап кетеміз. Мен аюдың мүсінін жасаған болатынмын. Аюды анам екеуміз үйде бірге боядық. Мүсінді жинақ қобдишасы емес, кәдесый ретінде жасадым. Маған бұларды істеу ұнағандықтан, анама арнайы пішіндер алып беруін сұрадым, - дейді 4-сынып оқушысы Тілекқабыл Ескендір.
Ұстаздың айтуы бойынша, мүсіннің кебуіне үш күн уақыт кетеді. Содан кейін балалар өздерінің қалауы бойынша сабақ уақытында немесе үйге алып кетіп бояуларына болады. Бояу үшін гуашь, акрил бояуы қолданылады.
Рамиз Талғатұлы 4-6 сыныптар аралығына жинақ қобдишасын жасаса, 7-9 сыныптарға мақта және фольгамен әртүрлі жануарларды жасауды үйретеді. Қолдан ұсақ-түйек заттарды жасау балалардың ең жақсы көретін шығармашылық жұмыстары. Оның айтуынша, бұл жұмыстар арқылы оқушылардың ұсақ қол моторикасы дамып, шығармашылық қасиеттері жоғарылайды.
Айдана Абдрахманова,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz