Бәйтерек ауданы Переметный ауылдық округіне қарасты Калинин, Қаражар және Болашақ ауылдары кітапханаларының ұйымдастыруымен «Киіз басу - дәстүрлі қолөнер» атауымен шеберлік сағаты өтті.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Калинин ауылдық кітапханасында ұйымдастырылған іс-шараға әжелер ансамблінің мүшелері және жас оқырмандар қатысты.
Шеберлік сағатының мақсаты - халқымыздың мәдени мұрасын жаңғырту, жүннен жасалатын бұйымдар туралы, жүннің қасиетіне тоқталып, мағлұмат беру.
Шеберлік сағатында қатысушы Зәуреш Күнахметова әжей киізді қалай басу жөнінде білгенімен бөліссе, Рауза Аймурзина және Дариға Тінәлиева әжелер киізге оюды салу жолдарын, Күмісханым Берекетова әжей киіз басуда қолданылатын сабау таяқ жайында түсіндірді.
Сонымен қатар Болашақ ауылдық кітапханасының кітапханашысы Айнагүл Карабалина жиналғандарға «Өнер-өшпес өнеге»атты кітап көрмесін таныстырды.
Шара соңында әжелер әуезді ән шырқап, ұйымдастырушыларға алғыстарын айтты.
Айнагүл Карабалина,
Бәйтерек ауданы
Болашақ ауылдық
кітапханасының кітапханашысы