25.09.2023, 16:45
Оқылды: 37

Шекара қызметінің ансамблі концерт берді

ҚР ҰҚК Шекара қызметінің ән-би ансамблі Жәнібек ауданы тұрғындарына ұмытылмас кеш сыйлады. Тәуелсіздігіміздің ең басты кепілі – Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің құрылығанына 31 жыл толуына орай өңірді аралап жүр.

жу (1)

Мәдениет үйіне асыққан жұрт олардың өнерін әлеуметтік желілерден бақылап, ауданға келгенін ынтызарлықпен күткенін жеткізді. Залда ине шаншыр орын болмай, халық концерттің басталғанын тағатсыздана күтті.

Көрермендердің бойында қан тасып, рухты әндерге еріксіз қол соқты. Жарық сөнсе де, концерт жалғасып, жанды дауыста әндер шырқалды. Ілияс Жансүгіровтің «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі, қайдан тапсын кемеңгерді» деген сөзінен-ақ аталған қызметтің еншісіне жеңіл жүк артылмағанын аңғаруға болады. Олар нағыз жауапты істі атқарған қызметкерлер екені белгілі. Сол себепті мемлекет те, ел де, қарапайым тұрғындар да оларға жоғары баға беріп, мәртебесін көкке көтереді.

жу (2)

Ансамбль қатарында аудан топырағынан түлеп, абыройын биіктеткен Нұрлыбек Жолекенов болды. Ол туған жерге сәлем беріп, елдің ыстық ықыласына бөленді. Көрерменнің ішінен анасын орнынан тұрғызып, алғысын айтты. Өзге де әріптестері әннен шашу шашып, кешті бимен өрнектеді. Күй күмбірлеп, жыр самғаған әсерлі концертте көрермен түре келіп қошеметін білдірді.

жу (3)

Соңында аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Каримоллаұлы мен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Қуанышбек Нұржауұлы естелік сыйлық табыстады.

 

Ақтілек Әілбекұлы,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале