Бүгін Жәнібек ауданы әкімінің жанындағы шекара мәселелерін үйлестіру жөніндегі кеңестің отырысы өтті.
Кеңеске ауылдық округ әкімдері, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі және Жәнібек шекара басқармасы басшысының бірінші орынбасары, полковник Дидар Хамитов қатысты. Отырыста үш мәселе қаралды. Біріншісі, ауыл тұрғындары малдың кесірінен болатын шекара бұзушылық, соның ішінде мал бағымын ұйымдастыру мәселелері айтылды. Егер де тұрғындардың малы шекара сызығынан Ресей Федерациясына өтіп кететін болса, бұл шекара режимін бұзушылық болып табылады. Режимді бұзған тұрғындарға әкімшілік айыппұл қаралған. Осы мәселенің басты мақсаты – мал бағымын дұрыс ұйымдастыру болып табылады.
Екіншісі, Жақсыбай және Талов ауылдарында жеңілдетілген өткізу пункттеріне былтыр модульді ғимараттар сатып алынып берілген болатын. Ендігі жерде қалған жұмыстарды жасақтау, жұмысшыларды ұйымдастыру туралы айтылды. 1 мамырдан бастап жеңілдетілген өткізу пункттері жұма, сенбі, жексенбі күндері және екі елде болатын мейрам күндері жұмыс жасайды. Үшінші Жәнібек шекара өткізу бекетіне су және газ жеткізу мәселесі қаралды. Аталмыш жұмыстарды атқаруға аудандық бюджеттен 19 млн теңге қаржы бөлінген болатын.
Қазіргі таңда газ-су өткізу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар шекара бойындағы дала өртін алдын алу, дала өрті шыққан кезде шекарашылар мен жергілікті құтқарушы органдар арасындағы байланысты жасақтау бойынша талқыланды.
Гүлзара Мәди,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz