Батыс Қазақстан облыстық жолаушылар тасымалдау және автомобиль жолдары басқармасы, "Қазақавтожол" ұлттық компаниясының облыстық филиалы, шекарашылар, БҚО көлік инспекциясы, Бөкей ордасы ауданы әкімшілігі өкілдерінен тұратын топ ресейлік әріптестермен кездесті.
Бұл кездесу Ресей Федерациясының Омбы қаласындағы форум аясында қос президент Қ.Тоқаев және В.Путиннің кездесуінен кейінгі тапсырмаларға байланысты облыс әкімі Ғ.Есқалиевтің арнайы өкімімен іске асты.
– Екі мемлекет басшысы күні кеше 7 қарашада Омбыда кездескенінен хабардарсыз. Осы кездесуде көршілес елдердің өндірістік кооперация мен ауылшаруашылығындағы ынтымақтастығына қатысты келелі мәселелер қозғалған еді. Кездесу нәтижесі бойынша 8 қарашада шұғыл тапсырма беріліп, екі елдің ресми өкілдері шекара басында кездесу өткізіп, акт рәсімдедік. Құжат министрлікке жолданды. Бұл – қыруар жұмыстың бастамасы. Шекара бекетін ашу, мамандармен, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету деген көптеген шаруалар қолға алынбақ. Ең бастысы, «Молодость» жеңілдетілген өткізу пунктін екі жақты өткізу пунктіне айналса, сауда қатынасы дамып, ет экспорты жолға қойылар еді. Туризм жұмысы жанданады. Тарихтан белгілі Бөкей хандығы мен Астрахань тамыры бір, түбі бір ел. Ресейдегі ең үлкен қазақ диаспорасы осы елде. Тек қандасымыз емес, ағайын жұртымыз осы Астраханьда тұрады. Ағайындық қарым-қатынасымыз, бауырлық тініміз үзілмей, беки түсер еді. Күтетін нәтижеміз осындай, - дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бисенбек Насимоллин.
Ұлпан Әнуарқызы
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер