Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Жақсылық Абдоловтың төрағалығымен аудан әкімдігінің жанындағы шекара мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесі болып өтті. Кеңес отырысында баяндама жасаған Жәнібек ауданы бойынша шекара басқармасының бастығы полковник А.Аштаев шекараны күзету барысында орын алған маңызды сауалдар мен шешу жолдары және шекараға қатысты басқа да мәселелерді тілге тиек етті.
Оның айтуынша, ағымдағы жылдың өзінде аудан бойынша шекара басқармасы өз күш-құралдарының және ішкі істер бөлімі қызметкерлерімен бірігіп, шекара заңнамаларын бұзған 37 тұлғаны ұстаған.
-Өкініштісі, ҚР шекарасы арқылы заңсыз еңбектік көші-қон оқиғаларының орын алуында аудан тұрғындарының ықпалы жоғары. Заңды бұзған азаматтарға өткізілген сұрастыру жұмыстарының нәтижесінде жергілікті тұрғындардың көп бөлігі саналы түрде белгілі көлемде ақша үшін көмек қолдарын созған. Мәселен, Орал қаласының тұрғыны ҚР азаматы 4 Ауғаныстан Республикасының азаматын Жақсыбай ауылына жеткізу үшін 100 мың теңге көлемінде ақша алған. Сондықтан осындай келеңсіз жағдайлар орын алмас үшін халыққа түсіндірме жұмыстарын күшейту қажет,- дейді басқарма бастығы. Басқосуда басқарма өкілдері шекара бойындағы егістерді шабу қажет болған жағдайда басқармадан рұқсат қағаз алу қажеттігін ескертті.
Сондай-ақ кеңесте шекара аумағындағы өрт қауіпсіздігін сақтау шаралары да сөз болды. Мәселе төңірегінде аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Серік Алтаев далалық өрттің алдын алу жөнінде ойын ортаға салды.
Жәнібек ауданы бойынша шекара қызметінің жедел уәкілі, капитан Абдулкадир Байкалкашев қаузалған мәселелердің әрқайсысына пікірін білдірді.
-Ірі қара мал шекарадан жиі өтіп кетеді. Біздерге Ресейден мал өтіп кеткендігі жөнінде хабарлайды. Малды қайтарып аламыз. Содан иелерін іздейміз. Шекара режимі бұзылған соң иесін жауапкершілікке тарту керек. Бұған кейде 5-6 сағат кетеді. Иесін анықтап, барғанда мойындамайтын адамдар да бар. Кейбір жануарларда сырға болмайды, ал сырғасы барлар туралы жауапты органдардан сұрағанда тіркелмеген боп шығады. Ветеринарлық қызметте барлық жануарлар тіркеліп, сырғаланса қиындықтар туындамас еді,- дейді А.Бахтиярұлы.
Жиын соңында қаралған мәселелер бойынша ұсыныстар қабылданды. Аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов ауыл округтерінің әкімдері, аудандық полиция бөлімдерінің өкілдері және басқа да тиісті органдармен жұмыстанып қолдау білдіретінін жеткізді.
Ә. СІірәлі,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz