Осыдан 2 жыл бұрын Жаңақала ауданының әкімі Алпамыс Көшкінбаев аудан орталығын аралап, көшпелі жиналыстар өткізгенде тұрғындар ауылішілік техникалық су беруді ретке келтіру туралы мәселелер көтерген болатын. Бұл мәселенің шешілуі қазір қандай деңгейде?

Мәселеге жауапты Жаңақала ауданы әкімдігінің (шаруашылық жүргізу құқығындағы) «Коммунал» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны. Мекеменің негізгі жұмыс функциясына жылу беру, бөлу және жеткізу, су шаруашылығы жүйелерінің қызметі, кәріз жүйелерінің қызметі, қауіпті емес қалдықтарды жинау, автомобиль жолдарын күтіп ұстау кіреді. Жаз шыға жыл сайын өзекті бола түсетін ауыл ішін техникалық сумен қамту мәселесі алға шығады.
«Коммунал» МКК-ның басшысы Асылбек Төлешевтің сөзімен алғанда, мекеме бюджетке тәуелді, экономикалық тұрғыдан ауыр жағдайда жұмыс істеуде. Су беруде негізгі мәселелер мыналар: Техникалық су, ауыз су, кәріз жүйесі бойынша көрсетілетін қызметтер шығынмен жұмыс істеп тұр; Қызметкерлердің жалақысы, салық, міндетті аударымдар – бәрін өтеу қиынға соғуда; 2024 жылы техникалық су сорғысына кеткен электр қуаты бойынша шығын – 500 000 теңге, ал 231 абоненттен түскен қаржы – бар болғаны 300 000 теңге. Қолданыста болғанына 50 жылға жуықтаған құбырлар тозып, күн сайын жарылып, жиі жөндеуді талап етеді. Сәуір айынан бастап жүргізілген жөндеу жұмыстары әлі күнге дейін жалғасуда, яғни мәселе жүйелі емес, тек уақытша шешілуде.
Ауыл әкімі Ақан Қапановтың айтуынша, техникалық су беру мәселесі күрделі деңгейде. Ауылдағы су құбырлары 100 пайыз тозығы жеткен. Техникалық суға алуға мүмкіндігі бар 1500 астам абоненттің тек 231-і ғана нақты су алып отыр. Ауыл теңгеріміндегі саябақшаларға да су жеткізу мүмкін болмай тұр. Қазіргі таңда жаңадан салынған саябақтарды бөшке арқылы су тасып суаруға тура келуде. «Қанша жөндесек те – ескінің аты ескі. Жаңа құбыр тартылмай, мәселе шешілмейді», - дейді.
Аудандық тұрғын коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Абат Ишановтың редакцияға берген мәліметінде, техникалық су мәселесінің түпкілікті шешімі қаражатқа байланысты. «Жазғы су құбырын қайта жаңғырту» жобасының құны — 800 млн теңгеден асады. 2023 жылғы 22 қарашада мемлекеттік сараптамадан сәтті өтті. Аудандық бюджет мұндай ауқымды жобаны қаржыландыра алмайды. Сол себепті жоба тиісті облыстық басқармаға жолданып, қаражат сұралды. Қаражаттың бөліну-бөлінбеуі бөлім құзырында емес.

Сонымен қатар ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап «Жаңақала топтық су құбыры» «Коммунал» МКК қосылуына байланысты қызметкер саны өсіп 72 адам мекемеде жұмыс жасауда. Қазіргі жағдайда мекемеге мекеме қосылғандықтан республикалық бюджеттен бөлінетін субсидияны алу үшін құжаттар қайта жинақталуда. Соның өзінде ауыз судың тарифі көтерілген жоқ. Бұл шығын үстіне шығын, мәселе үстіне мәселе туындатып отыр. Құжат жинақтап санитарлық-эпидемиологиялық қызметтен оң қорытынды алу, «Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы» республикалық мемлекеттік мекемесінен рұқсат алу жұмыстары жүргізілуде.
Ауыл бау-бақшасы ауыз суды пайдалануда
Бұл мәселе ауыл инфрақұрылымын жақсартуда басым бағыттардың бірі ретінде қарастырылып, тиісті органдардан нақты шешімдер күтілуде. Ауыл тұрғындарының өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды түйткіл, әрі бұл – тек қаржылық жетіспеушілік емес, жауапкершілік жетіспей тұрғанын да көрсетеді. Халықтың сұранысы бар, мәселе әлеуметтік желіде жиі көтеріледі. Депутаттар үнсіз, өкілетті тұлғалар тарапынан бастама жоқ. Аудандық экономика және қаржы бөліміне нақты ұсыныс хат, өтінім де берілмеген. Тұрғындар ауласындағы жеміс ағаштары мен бақшасын ауыз сумен суарып, ауыз суды ысырап қылуда. Енді не істеу керек?

Шешімдер табылғанша, саябақтарға бөшкемен су тасу, уақытша жамап-жасқау – амалсыз шара. Бұл – ерік, жігер мен шын жанашырлықты қажет ететін мәселе. Егер жергілікті билік, депутаттар және белсенді азаматтар бірлесе әрекет етпесе, мәселе шешілмейді де, қозғалыссыз күйінде қала береді. Тозған құбыр, «Жаңақала-гүл қаламыз» құм қалаға айналып, ауыз суымыз сарқылы, абыройымызды қара халық шашпай тұрғанда мәселенің шешімін табатын уақыт жетті. Айтпағымыз, техникалық судың орнына ауыз суды пайдалануды тоқтатпасақ, алдағы жылдары ішер суға зар болуымыз ықтимал.
Талғат Байжұмашев, ауыл тұрғыны:
-Мен 20 жылдан астам «Коммунал» МКК мекемесінде жұмыс жасадым. Қазіргі кезде зейнеткермін. Ауылымызда көл суы мәселесі бар. 2015 жылға дейін ауданаралық сауықтыру орталығына дейін кедергісіз жеткізіліп тұрды. Жыл сайын тозған су құбырларын мүмкіндігінше ауыстырады. Бұрынғы 300 диаметрлі құбырдың орнына 100 немесе 200 диаметрлі құбыр салынды. Ол судың қажетті жеріне жеткізуге қауқарсыз. Қатты қысыммен су жібергенде ескі құбырлар шыдамайды. Сонымен қатар қазіргі су айдайтын жер ауылдан 6-7 мерт аласада орналасқан. Мұнарасын пайдалану да нәтиже бермейді. Себебі 10 метрден әрең асатын мұнара су жібергенде аудан акімдігінен әрі аспауы мүмкін. Бізге жаңа 25 м болатын мұнара, жаңа құбыр керек. Сонда ғана су беру реттелуі мүмкін.
Сыйлыхан Жұмасалық,
Жаңақала ауданы