23.01.2023, 17:45
Оқылды: 77

Шетелдік көлік: бағым ба, сорым ба?

Соңғы кезде көшелерімізде өзге елдерде тіркелген, шетелдің мемлекеттік нөмірлерімен жүрген көлік күрт көбейді. Осы орайда Үкімет Қазақстан аумағына әкелінген шетелдік көліктерді заңдастыру ережесін бекітті.

1

Фото дереккөзі: azattyq-ruhy.kz

«Қазақстан Республикасының аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген көлік құралдарының жекелеген санаттарын бастапқы тіркегені үшін алым мөлшерлемесін қолданудың қағидаларын, шарттары мен мерзімдерін бекіту және осындай көлік құралдарын әкелуді жүзеге асырған жеке тұлғаларды өндірушілердің (импорттаушылардың), сондай-ақ көлік құралдары санаттарының кеңейтілген міндеттемелерінен босату туралы» қаулыға қол қойғанын хабарлады.

Шетелдік көліктерді заңдастыру биылғы жылдың 23 қаңтарында басталып, 1 шілдеге дейін жалғасады. Хош, сонымен ...

Қалай өтініш береді?

Заңдастыруға өтінішті «электронды үкімет» порталы арқылы онлайн немесе мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына (ХҚКО) барып, оффлайн беруге болады. Бұл ретте мамандандырылған ХҚКО-ларда заңдастыруға қажетті құжаттарды қабылдайтын арнайы секторлар ұйымдастырылады.

Көлік иесі төрт құжатты ұсынуы керек. Ол өтініш, өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін), көлік құралының паспорты немесе көлік құралын тіркеу туралы куәлік. Сонымен қатар көлік құралына меншік құқығын растайтын құжат. Яғни мүлікті сатып алу-сату, айырбастау, сыйға тарту немесе иеліктен шығару туралы өзге де мәміле шарттары, мұрагерлік құқығы туралы куәлік.

Аталған құжаттардың растығы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы тексеріледі. Бұл жұмыспен арнайы сарапшы–криминалист маман айналысады. Және   орталықта  әкімшілік полиция қызметкері заңдастырудан өту тәртібін түсіндірсе,  мемлекеттік кірістер басқармасының маманы қажет болғанда кедендік төлем бойынша  кеңес береді.

Рәсімдеуге қанша уақыт кетеді?

Мамандандырылған ХҚКО-да құжат қабылданғаннан кейін машина тексеріске жіберіледі. Портал арқылы өтініш бергенде де иесі көлікті жақын жердегі арнайы ХҚКО-ға апаруы керек болады.

Тексерістен кейін екі жұмыс күні ішінде деректер базасынан машинаның іздеуде немесе кепілде бар-жоғын анықтайды. Содан кейін заңдастыруға рұқсат беру немесе бас тарту туралы шешім шығады. Егер бас тартса, көлік иесі құжатты қайтаруға негіз болған себепті жойып, 2023 жылғы 1 шілдеге дейін қайта өтініш бере алады.

Заңдастыруға рұқсат алған көлік иесі алғашқы тіркеу ақысы ретінде - 200 000 теңге, техникалық паспорт ресімдеуге - 4313 теңге, мемлекеттік нөмір алуға 9660 теңге мемлекеттік баж төлейді (барлығы 213 973 теңге ). Сосын құжаттардың түпнұсқасын ХҚКО қызметкеріне тапсырады.

Тексеруден кейін көлік иесінің ұялы телефонына нәтижесі және көлік құралын тіркеу үшін авто ХҚКО-ға келу туралы хабарлама жіберіледі.

Заңдастырылмаған жағдайда қандай жаза қолданылады?

Сырт елден әкелінген автокөлікті белгіленген уақытта заңдастырмаған жағдайда қандай жаза қарастырылған? Полиция мамандарының айтуынша, шет елдік көліктерді заңдастыру - бірреттік акция. Ол биыл 1 шілдеге дейін жалғасады.

Шетелдік автомобильді талап бойынша тіркемеген жағдайда заңға сәйкес жауапкершілік қарастырылады. Еліміздегі шетелдік көліктердің дені сақтандыру полисі негізінде қолданылып жүр. Егер автомобильді белгіленген уақытта заңдастырмаған жағдайда сақтандыру полисі тоқтатылып, көлік коммуналдық автотұраққа қойылады.

Айта кетейік, бүгінгі таңда ел аумағында сақтандыру полисі арқылы жүрген 300 мыңнан астам шетелдік автомобиль бар.

Шетелден әкелінген қандай көлікті заңдастырудың қажеті жоқ?

Заңдастыруға жатпайтын шетелден әкелінген көлік түрлері белгілі болды. Мамандардың мәліметіне сүйенсек, шетелдік көліктерді заңдастырудың Үкімет бекіткен ережесі мен талабының бизнеске арналған автокөліктерге қатысы жоқ. Оның қатарында жүк таситын ауыр көліктер мен автобустар бар. Дегенмен аталған автокөлік түрлері жеке мақсатта қолданылатын болса онда заңдастыруға жатады. Заңдастыру процесі сырт елден әкелінген элиталық автомобильдерге де қатысы бар.

Шетелде тіркелген машиналарды заңдастыру барысында М1, M1G, M2, M2G, N1, N1G санатындағы жеңіл көліктер, сондай-ақ 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін келген шағын автобустар мен шағын жүк көліктері жеңілдікпен тіркеледі (бұл тізімге оң рөлді автомобильдер де кіреді).

Полицейлер машина елге кірген күнді шекара қызметі мен мемлекеттік кірістер органының базасынан анықтайды немесе Қазақстанда алғаш сақтандыру полисін рәсімдеген күнге қарайды.

Заңдастырып, елде тіркеу үшін автомобиль - іздеуде жүрмеген, бұрын тіркелген мемлекетте есептен шыққан, кедендік тазартудан өткен болуы керек.

Теректілік тұрғындар не дейді?

Жаңа тәртіптің енгізілуі хақында теректілік автокөлік иелерінен сұрап көруді құп көрдік.

- Егер көлік алу өз елімізде арзан болса, өзгеге тұра шаппас едік. Барлық мәселе баға мен сапада болып тұр ғой. Шыны керек, Қазақстанда жинақталатын машинаны сатып алуға қалтамыз көтермейді, сол себепті сырттан алуға мәжбүрміз. Шетелдік көліктің шығарылған жылы ескі болғанымен, сапасы біздікінен әлдеқайда жақсы. Қазақстанда құрастырылатын көліктердің бағасы тым қымбат және өзінің құнына татымайды. Жеңілдіктер қарастырылмаған. Кейін өзіндік құнына сата алмайсыз.

Жалпы, темір тұлпарды тас-талқаны шыққанша мінбей, жиі жаңартып отырғанды қалаймын. Ал Қазақстанда арзан бағаға көлікті күнде жаңарта алмағандықтан, көрші елден әкелуге тура келеді. Бүгінгі уақытта көлік иелерінің басты уайымы тіркеуге тұрғызу. Егер бұл көлікті Қазақстанға тіркеуге қоятын болса, бірінші кезекте Қазақстанның нөмірін алу керек. Ол үшін утилизациялық жинақ, кедендік баж салығы сияқты бірнеше төлем төлейді, - дейді 15 жылдық тәжірибесі бар ақжайықтық шопыр Нұрлан Дүйсенғалиев.

Ал Подстепный ауылының тұрғыны Ерлан Сағыналин шетелдік көлікті Қазақстан аумағында заңдастырғанды жөн санайды. Сонымен қатар ел бюджетіне ақша түсіп, заңсыздық жасайтын автокөліктер саны азаятынын тілге тиек етті.

Ақсуат ауылының тұрғыны Әлібек Айтқалиев:

- Біздің отбасымызда соңғы алты жыл ішінде шетелдік қос көлік болып еді. Бір көлікті шетелде тұратын нағашымнан алдық. Бұл көлік қиындық тудырмады. Ал екінші машинаны шетелдік бейтаныс кісіден алдық. Осы уақытқа дейін шетелдік көлікпен жүруге шектеу қоймағанымен, жолда жүргенде уақыт алу жағынан қиын болды. Құжаттарын көп тексеретін. Шетелдік көліктерді заңдастырудың жақсы-жаман тұстары баршылық, - дейді өз сөзінде.

Түйін: Тоқ етері, заң үкім етті, енді ол орындалуы тиіс. Сондықтан өзге елдің көлігін тізгіндегендердің, амалы нешік, заңға бағынуына тура келеді. Қалғаны уақыт еншісінде. Ең бастысы, діттеген жерімізге аман-есен жеткізер темір тұлпарымыз тоқтамай, жолымыз оң болғай!

Самал Жамет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале