28.07.2023, 16:30
Оқылды: 78

«Шетелге шығу жақсы, бірақ Қазақстанның да көрікті жерлері көп»

Жуырда Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында Қазақстандағы туризм, медиа, PR, синтетикалық медиа тақырыбында алғаш рет І Халықаралық медиа және туризм форумы өтті. Шараға еліміздің әр өңірінен 150-ге жуық журналист пен Қазақстан, Ұлыбритания, Швейцария, Австрия, Бельгия, Германия, Франция, Нидерланд, Молдова, Солтүстік Кипр, Түркия,  Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан сияқты шет мемлекеттерден тәжірибелі мамандар қатысты.

20230722_100734

Форумның мақсаты – медиа және туризм саласындағы жаңа үдерістерді ескере отырып, тәжірибе алмасу, ақпарат алмасу кеңістігін кеңейту, өзара тиімді ортақ жобаларды жүзеге асыру, Қазақстанның тарихи-мәдени орындарын шетелдік және отандық бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихаттау, журналистер арасындағы ынтымақтастық пен әріптестік байланысты нығайту.
Форумның алғашқы күні Алматы облысының тұмса табиғатына тамсанып, Шарын шатқалы, Көлсай көлі мен Түргендегі Аюлы сарқырамасына саяхаттан басталды. Екі күнге созылған Қапшағайдағы әуе шарларының фестивалі ұйымдастырылды.

20230722_114732

Форумның басты салтанатты шарасы екінші күні Алматы облысы әкімдігінің ғимаратында өтті. Онда алғашқы сөзді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев алып, туризмді дамыту, халықтың өмір сапасын арттыру өңірдегі басты міндеттердің бірі екенін атап өтті.
- Қонаев қаласында қос бірдей халықаралық деңгейдегі шара – Медиа және туризмнің халықаралық форумы және әуе шарларының фестивалі өтіп жатыр. Әлемнің 15-ке жуық мемлекетінің және еліміздің көптеген өңірінің БАҚ өкілдері қатысып отырған медиа форумның маңызы зор. Бұл ірі екі шара өңіріміз туралы ақпараттық кеңістікте оң пікір қалыптастырады деген сенімдеміз. Себебі Алматы облысы үшін туризмді дамыту – маңызды экономикалық фактор, – деді.

IMG_20230723_124233_309

Өңір басшысы өңірдегі атқарылып жатқан іс-шаралардың маңызын, туризмдегі инфрақұрылым, қызмет сапасын көтеру сынды бүгінгі өзекті мәселелерді қозғай келе мына жайтты айтты:

«Алматы облысында кәсіпкерлер туристік нысандарды салса шығындарының 10%-ын, жол бойындағы сервистік нысандарды салса 10%-ын, туристік автобустар алса 25%-ын қайтару механизмі қарастырылған», - деді облыс әкім.

Медиа форумның ашылу салтанатына ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі арнайы қатысты.

«Баршаңызды Жетісу жерінде Түркітілдес журналистер қоры ұйымдастырып отырған форумның ашылуымен құттықтаймын. Мемлекет басшысының Жарлығымен Алматы облысы екіге бөлініп, жаңа облыс орталығы – Қапшағай қаласына Д.Қонаевтың есімін беру тарихи әділеттілік болды. Облысқа алғаш рет келіп отырғандықтан, өңір басшылығын осы тарихи шешіммен құттықтаймын. Өздеріңізге белгілі, ел арасында «тарих Шумерден басталады» деген сөз бар. Ал біздің тарихымыз Іле өзенінен басталады. Тіпті көне түрік күнтізбелік мүшел жыл санауы Іле өзенімен байланысты. Қонаев құрылғалы бері ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Облыс әкімі айтып кеткендей, туризмді дамыту үшін БАҚ-тың ақпараттық насихатының маңызы ерекше. Медиа мен туризмді бір жерге тоғыстырған бұл форум Алматы облысы туризмінің дамуына септігін тигізеді», - деді министр.

IMG-20230722-WA0020
Сонымен қатар министр қыркүйек айында өтетін Astana Media Week, New Media форумы және «Үркер» телевизиялық сыйлығында «Үздік YouTube арнасы» және «Үздік подкаст» сынды екі жаңа аталым қосылатынын айтты. Ол «бұл саланың дамуына серпін беріп, түркі әлемін жақындастыра түседі», - деді.
Әлемнің он бес елінің және өңірлік журналистердің басын қосқан игілікті іс-шараның басты ұйымдастырушысы, Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы әлемдік туризм пандемиядан кейін дамығанын атап өтіп, дүниежүзі бойынша туризм саласындағы былтырғы кіріс 1 трлн АҚШ долларына жеткеніне назар аударды.
«Алматы облысы – қазақтың ежелгі әдет-ғұрпы, тарихы, салт-дәстүрінің ең басты даму мекені. Сол себепті форум биыл осы жерде ұйымдастырылып отыр. Тамызда Анталиядан журналистер келіп, өңір басшысының қолдауымен бұл жерде тағы да ауқымды шара өтеді. Онда туризмді дамыту, инвестиция тарту секілді мәселелер қарастырылады. Шетелге шығу жақсы, бірақ Қазақстанның да көрікті жерлері көп, соларды бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желіде насихаттап, ішкі туризмді дамытуға шақырамын», – деді Н.Жоямергенқызы.

IMG-20230722-WA0065
Форум жұмысы үш сессияға бөлінді. «Қазақстандағы туризм: даму келешегі мен мүмкіндіктер» сессиясына «Alatau Aqparat» media holding» директоры Ержан Қалымбайұлы модератор болды.

«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Аманбаев Қазақстандағы медиа және туризм, Түркия Республикасы Туризм министрлігінің Орталық Азия мен Кавказ аймағындағы кеңесшісі Аслан Алпарслан Жаңа «Жібек жолы» туристік белдеуіндегі Түркі ұйымына мүше елдердің ынтымақтастық негіздері, Өзбекстанның Экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрінің кеңесшісі Лола Рахманбаева Орталық Азиядағы экотуризмнің келешегі туралы баяндады.
Екінші сессия медиа, PR және туризм индустриясына арналды. «Молдова-1» қоғамдық телеарнасының әлеуметтік-экономикалық тақырыптағы жобаларының бас редакторы Людмила Барба мемлекет, БАҚ және үкіметтік емес ұйымдардағы туризмді дамытудың ынтымақтастығына, «COJEP International» президенті Али Гедикоғұлы Франциядағы этикалық медиа, идеологиялық медиа және туризмге ықпалына, Әзербайжаннан келген қонағымыз Аида Ейвазлы түркі мемлекеттерінің мәдени-тарихи құндылықтарын насихаттаудағы туризм мен медианың рөліне, Түркияның «Еуразия мәдениет және спорт ынтымақтастығы» қоғамдық қорының директоры Ахмет Түзүн әлемдік спорт туризміне, қазақстандық PR мамандары клубының президенті Шынар Жәнібекова туризм индустриясындағы PR қызметінің ерекшеліктеріне тоқталды.
Ал үшінші сессияда Синтетикалық медиа: контент қалыптастырудағы нейрожүйе сөз болды. Жасанды интеллект (ЖИ) форум қатысушыларының қызығушылығын тудырды. Осы тақырыпқа кеңінен тоқталсақ. Қазір интернет желісінде нейрожүйе құрастырған қала, нейрожүйенің көмегімен шығарылған ән дегенді көп естиміз. Яғни бүгінде нейрожүйе тренд болып жатыр. Мамандардың айтуынша, AI (жасанды интеллект) көптеген артықшылықтарға ие болғанымен, оны журналистика мен бұқаралық ақпарат құралдарында қолданумен байланысты елеулі қиындықтар мен қауіп те бар. Оларға алгоритмдердегі бұрмалану әлеуеті, журналистердің жұмысынан айырылу қаупі және қоғамдық пікірді манипуляциялау үшін AI пайдаланудың этикалық салдары кіретін көрінеді. Бұл туралы Англиядан келген спикер Ватан Өз әңгімелеп берді. Англияда газет шығаратын спикер өзінде ешқандай журналист жұмыс істемейтінін, 50 адам істейтін жұмысты жасанды интеллект екі минутта істеп беретінін айтып, «ЖИ журналистиканы өлтірді» деген пікір білдірді
«Жасанды интеллект журналистика мен БАҚ-ты өзгертті. Үлкен көлемдегі деректерді талдау және заңдылықтарды анықтау қабілеті арқылы AI журналистерге дәлірек және тартымды оқиғаларды шығаруға мүмкіндік берді. Жасанды интеллектпен жұмыс істейтін құралдар журналистерге жаңалықтарды жинауға және тексеруге көмектеседі. Автоматтандырылған жаңалықтар агрегаторлары мен әлеуметтік медиа тексерушілері шұғыл жаңалықтарды анықтау үшін ақпараттың үлкен көлемін жылдам електен өткізе алады. AI-мен жұмыс істейтін факт-тексеру құралдары журналистерге ақпаратты тексеруге және жалған жаңалықтарды анықтауға көмектеседі», – дейді Ватан Өз.
Ал ІТ маманы Мейіржан Әуелханұлы «Журналистикадағы АІ: артықшылықтары, жылдамдық пен тиімділік» туралы сөз етті. Оның айтуынша, AI үлкен көлемдегі деректерді жылдам және тиімді талдай алады. Бұл мүмкіндікті тенденцияларды анықтау, тиісті дереккөздерді табу және тіпті бастапқы есептерді әзірлеу үшін пайдалануға болады. Мұның барлығы журналистердің уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді.
- AI сұхбаттарды транскрипциялау сияқты қарапайым тапсырмаларды автоматтандырады. Бұл журналистерге «қара күшке» салмай-ақ сұхбаттардан және подкасттардан көбірек ақпарат жасауға мүмкіндік береді. AI алгоритмдері жаңалықтар легін жеке пайдаланушылардың қалауына қарай бейімдей алады, осылайша пайдаланушының қатысуын және қанағаттануын жақсартады. Сонымен қатар AI ақпаратты жылдам тексеруге көмектесе алады. Бұл әсіресе жалған ақпарат әлеуметтік желілерде тез таралуы мүмкін дәуірде пайдалы. Болашақ оқиғаларды немесе нәтижелерді болжау үшін үлгілер мен тенденцияларды талдай алады, журналистерге ықтимал құнды мүмкіндіктер береді, – дейді Мейіржан Әуелханұлы.
АІ әлемді басып алды деген «NEO AI» негізін қалаушы Мауытхан Айдын бірқатар статистиканы мысалға келтірді. Мәселен, ОІ Жасанды интеллекті 16 күнде 100 000 жазылушы, 19,5 миллион қаралым, 1,2 миллион лайк жинаса, AI Зифа Жасанды интеллекті 25 күнде 75 000 жазылушы, 7 миллион қаралым, 1 миллион лайк жинаған. Ал Chat GPT ең жақсы әкеге арнап 25 жаңа ертегі және түрлі оқу құралын жазған. Сонымен бірге ChatGPT үлкен электроника дүкенінде 640 өнім картасын өзгерткен.
Маркетинг және коммуникациялар саласында 13 жылдық тәжірибесі бар, First/DASM сатып алу агенттігінің директоры Нұрмұхамед Ибраев: «Жасанды нейрондық желі ақпаратты өңдейтін және тасымалдай алатын өзара байланысты түйіндерден тұратын адам миының құрылымы мен қызметінен шабыттандырылған есептеу моделі деп», - атап өтті.
Қарапайым тілмен айтқанда,  Нейрондық желі – адам миының көшірмесі. Өткен ғасырдың соңғы ширегінде ғалымдар жасанды интеллектіні алгоритмдік ойлау шеңберінен шығаруды ойлады. Нақтырақ айтсақ, жасанды интеллектіге ойлау шексіздігін сыйлау идеясы туындаған болатын. Ал оған дайын модель ретінде адам миының құрылымы таңдап алынады. Осылай «нейрондық желі» құрылды. Бүгінгі ғалымдар компьютер мүмкіндігін бірнеше мың есеге күшейткенімен, оны бағдарламалау кодының шеңберінен шығаруға қол жеткізбеді.

«Жасанды интеллект» тіркесі адамның санасын жасанды жолмен жасау идеясын арқалағандықтан,  адам сияқты еркін ойлау қабілетіне ие болуға тиіс. Осылай соңғы 20 жылда жасанды интеллектіні дамытумен айналысатын институттарға нейроғалымдар (нейробиолог, невролог, нейрохимик, ми ғалымы) тартыла бастады.
Форум аясында шетелдік журналистер өздерін толғандырған сауалдарын министр мен облыс әкіміне қойды. Қатысушылар Қазақстандағы туризмнің даму келешегі мен мүмкіндіктері, Медиа, PR және туризм индустриясы, синтетикалық медиа контент қалыптастырудағы нейрожүйе тақырыбында сарапшылармен пікір алмасты.

Гүлзара Мәди,

Жәнібеу ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале