5.03.2025, 9:30
Оқылды: 227

«Щорс» партизан отрядында шайқасқан жауынгер

Соғыс пен Жеңіс. Өмір мен қым-қуыт тағдыр. Қаншама уақыт өтсе де Ұлы Отан соғысының естеліктері, міне, 80 жыл бойы жаңғырып келеді. Сұм соғыста із-түзсіз жоғалған, қыршыннан кеткен қаншама адам өмірі туралы әлі де айтылып, жазылуда.  

WhatsApp Image 2025-03-04 at 17.23.31

Көне мұрағат құжаттарын ақтара келе тағы да қолымызға ескірген жазбалар түсті. Соның ішінде бір  жеке парақты ашып, жауынгердің «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері екенін білдік. Сарғайған беттер мен маржандай жазулар, соғыс даласынан тіркелген командирлердің бұйрықтары және бір - екі ғана сурет сақталған. Жеке парақ  Мусалимов Абдрахман (Алексей) Жадитұлына арналған. Бар-жоғы 29 бетке бір жауынгердің барлық өмір белестері сыйыпты. Бәлкім, соңынан іздеушілері табылар, мүмкін үрім-бұтағынан қалғандары оқып қуанар деген ниетпен жарыққа шығаруды жөн көрдік.

Абдрахман Мусалимов Шыңғырлау ауданы Шілік ауылында дүниеге келген. Әкесі Жадит, анасы Аккенже шаруа-кедей отбасынан деп жазылған. Өмір дерегіне қарап, оның Алматы облысы Шу стансасында 5 кластық білім алғанын білдік. 1938 жылы коммуналдық-құрылыс техникумының 4 курсын Алматы қаласында оқып, білім алған. 1938 жылы жол технигі болып қызметке тұрып, ал 1939 жзылы Кеңес Армиясы қатарына алынып, әскерге кетеді. Әскери жаттығуларды еркін меңгерген, оқуды тәмамдайтын уақыт та таяп қалады. Сол шақта ел шетіне жау келді деген хабарды естіп есеңгіреп қалғандардың қатарында болған. Ол да көппен бірге соғысқа аттанып, енді соғыс өрті шарпып тұрған жерде әскери-соғыс қимылдарын үйреніп, өзін де шыңдайды. Сары ауыз балапандай бозбала жігіттердің арасында Абдрахманға берілген мінездемеде оның алғыр, тез үйренгіш, қандай істе де батыл, әскери тактиканы жете білетін адам деп суреттеледі. Бір сөзбен айтқанда жау ішінен «тіл» әкелуге де ыңғайлылығы байқалады. Жаттығу курстарын тездетіп, оған кіші лейтенант шенін бірден береді. Соғыстың бірінші кезеңінде-ақ Абдрахман Мусалимов командирлердің көзіне түсе бастайды. Соғыстың алдыңғы шебінде жүріп, қым-қуыт айқасқа  кіреді. Сондай бір аласапыран кездерде зеңбірек оғының жарықшағы тиіп, соғыс даласынан әзер шығады. Жараланады. Көп уақыт далалық госпитальда жатып, емделіп шығысымен сенім артқан басшылық оған батальонды басқаруға бұйрық береді.

Тағы майдан даласы. Айнала қардай бораған оқ, окоптарда мұз құрсанған жауынгерлерді рухтандырып, алғы шепте бірнеше дүркін шабуыл жасап талай құрсаудан әскерлерді аман алып шығады. Жаудың қалың нөпірімен шайқас кезінде жамбасына оқ тиіп, үш ай санвзводта жатады. Емделіп шығысымен қайтадан ұрыс даласына кіріп шайқасады. Өкінішке орай, 26 қараша күні оның бөлімшесі жау қоршауына түсіп, оқ тигендер сол жерде қалып, ал кеудесінде жаны бар жауынгердің бәрі неміс тұтқыны болады. Сөйтіп, Житомир облысындағы неміс басқыншыларының концлагеріндегі азапты күндерді бастан өткереді. Әскери дайындығы, әрі өзінің еті тірілігі арқасында жау қолынан үш рет қашып, ең соңғысында Киев облысы Ржищевск ауданына қашып келеді. Әйтсе де, талай мәрте тырысқанымен соғыс алаңына, өз әскеріне жетіп қосыла алмайды. Хат-хабарсыз,  байланыссыз, тіпті қаруластарынан қол үзіп, қатты қиналады. Хабарсыз кеткендердің санына кіріп, жапа шегеді. Сонда да үмітін жалғап, өзі сияқты адамдармен араласып, Бориспольский ауданында жұмысшы болып қызмет етеді.  1942 жылдың  қазан айына дейін сол жерде жүріп, Киев облысына қарасты «Щорс» партизандар отрядына алынады. Соғыс көрген, армия қатарында болғандықтан партизандардың арасында беделге ие болып, талай соғыс іс-қимылдарына жан аянбай қатысады. «Ерлігі үшін» (1944 жыл) медалі, «Қызыл Ту» ордені (1944 жыл), құжаттар дәйектемесінде «Ұлы Отан соғысының» 2-ші дәрежелі ордені, 1945 жылдың ақпан айында және «Қызыл жұлдыз» ордені берілгені туралы 1945 жылдың 25 мамыры күні Бас Қолбасшының бұйрығы тіркелген. Сонымен қоса «Германияны жеңгені үшін», «Праганы азат еткені үшін» медальдары тіркелген. Бас Қолбасшы И.Сталиннің алғыс хаты, оған қоса Броды, Перемышль, Ярослав, Сандомир, Винтерберг және Прага қалаларын азат еткені үшін, сондай-ақ 13 -ші Армияның қолбасшысы, генерал-полковник К.Пуховтың алғыс хаттары бар.

Абдрахман Мусалимов 1948 жылы З.Исқалиевамен некеге отырады. Тату-тәтті отбасын құрып өмірге екі қыз әкелген. Бірі - Ақкүміс, екіншісі - Ақжаңыл. Өмірдің барлық белестерінен өтіп, бейбіт өмірдің қызығын көретін уақытқа да жетеді. 1954 жылдан бастап Шыңғырлау ауданында № 6 автобазада бас есепші болып жұмыс атқарған.

Міне, бір майдангердің 29 бетке сиған жеке парақшасындағы ғұмыры. Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлердің еңбектері ерен, ерліктері өлшеусіз. Өкінішке қарай, айтылмай, көрінбей кеткендері қаншама, тіпті өздерінің батыр екендіктерін білмей кеткендер жетерлік. Соның ішінде «Қызыл Жұлдыз» ордені жайдан-жай берілмейтін ерекше марапат. Соғыста із кесуші, пулеметші және жау тылында партизан болған Абдрахман Мусалимов үлкен тағзымға лайық. Жаумен күресіп жүрген партизанға тіпті есімін «Алексей» деп жаздыруға тура келген. Әрине, бәрі де  туған ел, Ұлы Жеңіс үшін!  Мүмкін ардагердің артында қалған тума-туыс болса, естелік қылып айтып жүрер, бәлкім.

Айсұлу Амангелдіқызы,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале