Былтырдан бастап ауданымызда аудан әкімі Талғат Шакировтың қолдауымен "Ақтілеу" халықтық әжелер ансамблінің мүшелеріне "Ақжайық" шипажайында демалып, денсаулықтарын нығайтуға жағдай жасалып келеді. Осы жақсы үрдіс биыл да отбасы күніне орай өз жалғасын тапты.

Мереке қарсаңында әжелерге арнайы келген Талғат Асқарұлы екі әжемізге шипажайға тегін жолдама табыстап, ізгі тілегін білдірді.
- Аға буын – елдің тірегі, ұрпақтың темірқазығы. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз – жастар үшін баға жетпес үлгі. Сондықтан, мәдени мұрамыз бен ұлттық салт дәстүрімізді кейінгі ұрпаққа жеткізу мақсатында жасап жүрген еселі еңбектеріңізді ескере отырып, сіздерге мереке қарасаңында осындай сый жасауды жөн көрдік. Бұл алдағы жылы да жалғасын табатын болады. Бүгінгі жолдама берген екі әжемізге шипажайда жақсы тынығып, сергек күйде оралуларына тілектеспіз. Ақ жол!, – деді аудан басшысы өз сөзінде.
Айта кетейік былтыр да аудан әкімінің қодауымен екі әжеміз "Ақжайық" шипажайында жақсы демалып, ем алып қайтқан болатын.
Әдемі дастархан басында сөз алған әжелеріміз де аудан әкіміне өздеріне көрсетіліп жатқан құрмет үшін шынайы алғыстарын білдіріп, ақ баталарын берді.
Гүл Нұр,
Тасқала ауданы