23.07.2024, 10:31
Оқылды: 264

Шоққа піскен нан қандай?!

Ашаршылықты көзімен көрген ата-апаларымыз ұрпағына нанның қадірін ұғындырып қана қоймай, кез келген жерге қиқымын тастамай, ас атасын қастерлеуді саналарына сіңіріп өсірді.

DCE390B0-A7CB-492F-AB48-76E835530B9D

Әсіресе, ақ жаулықты әжелеріміз «нанды бір қолыңмен үзбе», «нан жерде жатса, теріп алыңдар», «нан қиқымын шашпандар» деп ырымдарын айтып отыратын. Себебі ашаршылық және Ұлы Отан соғысы кезінде бір үзім нанға зар болып, аналарымыз егіс алқаптарында ер азаматтардан қалыс қалмай, еңбек етті.

Шерхан Мұртазаның «Интернат наны» әңгімесі нан қадірін ұғындыратын, жүрекке жылы тиетін әңгіме. Шығармада соғыс кезінде интернатта ашқұрсақ жүрген балалар түстерінде бір тілім қара нанға тоятындығы бейнеленген. Міне нанның қандай биік дәрежеде екенін көрсете білді.

Ал қазір қарнымыз тоқ, көйлегіміз көк, еш уайымсыз өмір сүріп жатырмыз. Бір кездері бір үзім нанға зар болған уақытты да ұмытқандаймыз. Қазір қоқыс жәшіктері мен көше бойынан түрлі дәмді тамақты көргенде қынжыласын.

Сонымен қатар әлеуметтік желілерден туған күн иесіне арнайы дайындалған тәтті тортты беттеріне жағып, мазақ еткен бейнеүзінділерін көріп қаламыз. Бұл берекемізді қашырғандығы емеспе?!

Бұрын заманауи технологиялар болмағасын барлық зат қол еңбегі арқылы жасалатын. Сол себепті ата-бабаларымыз егістікте аянбай тер төгіп, бидай өсіріп, отбасын асырады. Бүгінде дүкен сөрелерінде сұранысқа сай ақ, қара және тілінген нандар жайнап тұр. Қазіргі уақытта келіп тұрған көгілдір отынға нан пісірмей, сатып алып жүргендерді де кейде көріп қаламыз. Нарықта нанның бағасы – 170-250 теңге. Көп ақша болмаса да, бір күнде отбасыға күніне 2-3 бөлке кетеді. Осы бір сұраныс қыз-келіншектердің жалқаулығы немесе уақытты үнемдеп, сатып алған тиімді болар деп те ойлайсын?

Халқымыз қара күйе жағылған ошақты киелі қазынасы санаған. Кішкентай кезімізде анамыз сол қара ошақты балшықпен сылатып, әппақ қылық әктетіп қоятын. «Ошақтың үстіне отырмаңдар, жамандық шақырып», «Ошақты теппе», «Ошаққа су шашпа» деп бізге әрдайым ескертіп отыратын. Әрине, анамыздың бұл ескертпесін балалықпен түсінбей, кейде шағымданып қалатынбыз. Киелі саналған сол ошаққа анамыз таң атқаннан кеш батқанға дейін түрлі дәмді тағамдар пісіріп, дастарханды жайнатып, үлкендердің батасын алатын.

C0738671-11B2-424F-95F3-BE84DB3BEE7A

Бүгінгі таңда шалғай ауылдардың өзі баллон газын пайдалануға көшкен. Ошақта мал тезегі арқылы пісетін таба нанға кейбір қалада өскен жандар жатырқай қарауы мүмкін. Дегенмен олар таспен қаланған қарапайым ошаққа осындай ас мәзірін дәмді етіп дайындалатындығын білмейтіні өкінішті.

Қайыңды ауылының келіні Фариза Ғалымжанқызы жаздың аптап ыстығына қарамай, ошаққа нан салып, ауыл тұрғындарына сатып отыр.

Осы орайда кейіпкерімізбен әңгімелескен едік.

– Өзім Қазалы ауданы Өркендеу ауылының тумасымын. Жолдасым Мержанмен 4 бала тәрбиелеп отырмыз. Қазіргі уақытта бала күтіміне байланысты демалыстамын. Жолдасым жеке қожалықта жалдамалы жұмыс істейді. Ата-енемде, менде жұмыссыз отырмыз. Тек жолдасымның табысына қарап отырмай, бір дүниемен айналысқым келді. Қосымша табыс көзі болсын деп, нан пісіріп сатайық деп шештік. Енем бұрын балалардың жазғы демалысында нан пісіретін. Екінші анамның қасында жүріп, менде ошаққа қалай нан пісірудің қыр-сырын үйреніп алдым. Бағыт-бағдар беріп отырған ата-енемді мақтан етемін. Негізі осы кәсіпті 2023 жылдың қыс айында көгілдір отта пісіріп бастадым. Күніне 5 бөлке нан сатып жүрдім. Жаз басталғасын ошаққа пісіре бастадым. Ошаққа күніне 10 бөлке наннан үш мәрте салып, піскесін сатамын. Кезекке тұрып алатын тұтынушыларымызда көбейді, - дейді Фариза.

Ауылдың қарапайым келіні «TikTok» әлеуметтік желісінде ауылдың күнделікті тұрмыс-тіршілігімен бөлісіп жүр. Жас келіндерге үлгі-өнеге көрсетіп жүрген Фаризаның ісіне береке тілейміз!

Ауылда ошақтағы табаға піскен ыстық нан мен тамақтың иісіне не жетсін, шіркін!

Гүлнұр Бөлешова

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале