22.06.2021, 10:38
Оқылды: 39

Шоқтыбайға таза су келеді

Шыңғырлау ауданында жұртшылық үшін аса маңызды болған ауыз су мәселесі жыл өткен сайын оң шешімін тауып келеді. Биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде Шоқтыбай ауылына таза ауыз су жүргізу жұмыстары басталған болатын.

94828AA2-28A1-4FA9-9AFC-BC17DF2CFCEA

Мердігер «Дәнекер» ЖШС-нің учаске басшысы Асқар Сисенғалиев «Су өткізу жұмыстары 6 ай уақыт ішінде жүзеге аспақ. Ауыл ішіне жалпы ұзындығы 5080 метр болатын құбыр өткіземіз. Қазір жер қазып, оған құбыр салу жұмыстары жүріп жатыр. 2 су ұңғымасын, 15 метрлік су мұнарасын орнатамыз. Жергілікті әкімшілік те, халық тұрғындары да жан-жақты қолдау білдіруде», - дейді. Жұмысқа білек сыбана кіріскен мердігер компания құрылысты мерзімінен ерте аяқтауды көздеуде.

- Таза ауыз судың жоқтығы халыққа жайсыздық тудырғаны рас. Себебі халық суды құдықтан пайдаланатын еді. Сондықтан су өткізу жұмыстарының басталғанына тұрғындар риза. Жоспарлы түрде аудан әкімінің орынбасары Д.Абдрашитов және авторлық қадағалау, техникалық қадағалау мен «Ақжайық - адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері, ауылдық қоғамдық кеңестің төрағасымен бірлесіп, жұмыстардың барысымен танысып, құрылыстың сапалы жүргізілуіне аса мән беріп отырамыз. Мәселен, күні кеше өткен қадағалауда қазылған ордың тереңдігі, су ұңғымасының орналасатын орны тексерілді. Өткен жылы Шоқтыбай ауылында ұялы байланыс орнатылса, биыл су мәселесімен қатар, ауыл ішіне жарық орнатылып, ауыл маңындағы тұрмыстық қалдық сақтау орны да реттеледі. Сонымен қатар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауыл түлектері ауылға кіре беріске «Шоқтыбай», мектеп жанына «Менің Шоқтыбайым» мақдайшасын орнатпақ, - дейді Шыңғырлау ауылдық округ әкімі А.Қаражанов.

Аман Ізмұхан,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале