Сырым ауданында округ әкімдерінің ел алдындағы есептік кездесулері жалғасуда. Сәрсенбі күні Шолақаңқаты ауылдық округінің әкімі Ерлан Журалиев ауылдастарының алдында 2022 жылы атқарылған жұмыстарды баяндады.
Шолақаңқаты – еңбекшілер ауылы. Округте 48 шаруа қожалығы мен 1 ауылдық тұтыну кооперативі бар. Кейінгі жылдары қожалықтар жаппай атакәсіп – мал шаруашылығына ауысты. Бұл тұтас өңірге ортақ үдеріс. Ал, шолақаңқатылық шаруалар егін ісін екінші орынға әсте қойған емес. Дала күзде алтын дән даласына айналуы үшін егіншілер алты ай алтын күннің астында жүреді.
2022 жылы округ алқабының 535 гектарына жаздық бидай, 945 гектарына арпа, 2070 гектарына сафлор, 100 гектарына сорго, ал 815 гектарына судан шөбі егілді. Шаруашылықтар материалдық техникалық базаны жақсарту мақсатында былтыр төрт трактор сатып алған.
Халықтың табысын арттыру, ауылшаруашылық бағытындағы бастамаларды қолдау мақсатында жарияланған «Ауыл аманаты» жобасы бойынша Шолақаңқаты ауылдық округі пилоттық жұмыстарды қабылдайтын болып таңдалды.
Шолақаңқаты ауылдық округінде екі қымыз өндіру цехы жұмыс істейді. Қазіргі уақытта Орал қаласындағы ірі сауда орталықтары мен супермаркеттердің сөресінде осы ауылда сауылып, құтыланған қымыздар тұр.
Әкімнің жұмысын жоспарынан емес, елдің ұсынысының жүзеге асқанынан тану ләзім.
Ерлан Журалиевтің айтуынша, былтыр тұрғындар әкімдік назарына бірқатар мәселе ұсынған. Қарағанды ауылындағы тозығы жеткен трансформаторды алмастыру мәселе оң шешіліп, ескінің орынына пайдаланылған, бірақ қуаты толық трансформатор қойылыпты. Округке газ слесары керектігі ескеріліп, 0,5 бірлік ашылып, жұмысқа маман алынған. Электр желілері саласында маман тапшылығы орын алып тұр. Ақжайық электр торабы Шолақаңқаты ауылдық округі үшін 1 учаске шебері мен 2 электромонтерға сұраныс берген. Алайда жұмысқа құлықты маман шықпады. Ендігі амал – тұрғындарды кәсіптік оқыту. Тоғанастағы М. Маметова көшесіне және Сегізүй ауылына баратын электр желісіне жөндеу жұмыстары жүргізілген, бірақ тозығы жеткен тоқ жолының бойынан әлі де болса әлсін – әлсін ақау шығып тұр.
Кешегі есептік кездесуде шолақаңқатылықтар ғаламтор желісінің сапасын арттыру, мектептегі интернет желісінің нүктесін көбейту, балабақшадан қосымша ақылы топ ашу, ауыл жайылымын кеңейту жайын айтты. Мектеп директоры Роза Ихсанова Тоғанастағы В. И. Шубин атындағы мектепке Аңқаты және Құспанкөл ауылдарындағы балалар тасымал арқылы қатынайтынын, бірақ қос ауылдың да жолы тозғанын, ойықтарды бітеп, тегістеп, орташа болса да жөндеу керектігін мәселе етіп көтерді.
Халықта аудандық ауруханадан келетін жылжымалы медициналық кешенінің жұмысына да көңіл толмаушылық бар.
Биылғы жылы Шолақаңқатыда жаңа мәдениет үйі бой көтеруі ықтимал. Құны 373 млн теңгенің жобасы мақұлданған. Бірақ оған қаражат табыла ма, жоқ па – ол үлкен сұрақ.
Жиынға Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев қатысып, халықтың сауалдарына жауап берді.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz