28.10.2023, 22:11
Оқылды: 56

Шолоховпен дос болған

Музей жұмыстарының негізгі бағыттарының бірі – өскелең ұрпақты Отанын сүюуге, өз елінің патриоты болуға баулып, ұлы тұлғалардың өмірін насихаттау. Осындай мақсатта музейімізде еңбек ардагері, қоғам қайраткері Мырзаш Исмағұловты еске алуға арналған кеш өтті. «Отбасы мақтанышы, ұрпаққа үлгі» атты іс-шараға ол кісінің туыстары, достары, әріптестері қатысты.

IMG-20231026-WA0146

Айта кетейік, музейімізде Мырзаш Исмағұловты еске алудың өзіндік себебі бар. Ол кісі М.Шолоховпен кездескен, сыйластықта болған. Нақталып айтсақ, 1972 жылдары орыстың ұлы жазушысы отбасы мүшелерімен және Финляндиядан келген жазушы қонақтарымен, жүргізушілерімен, аспаздарымен, барлығы 11-12 адам Жайық жағасындағы аңшылық үйіне бара жатып, Жәнібек ауданының орталығына тоқтап, аудандық партия комитетіне бас сұғады. Ол кезде аудан басшылары Мақсот Батыров пен Юрий Черекаев іссапармен жүрсе керек. Содан алдарынан Мырзаш ағамыз жолығып, меймандарды үйіне қонаққа шақырады. Мәртебелі меймандардың құрметіне қой сойып, кең дастархан жаяды. Жазушылар бастаған топ риза болып аттанса керек. Кейін М.Исмағұлов сол кездесу жөнінде «атақтарынан ат үркетіндей қонақтар болғанымен, қарапайым, ашық-жарқын кісілер екен, отырыс жеңіл әрі тамаша өтті» деп еске алғаны бар. Көп кешікпей Шолохов рақметін жаудырып Мырзаш ағамызға хат жазған екен. Кеш барысында осының бәрі кеңінен сөз болды. Жалпы іс-шарада қоғам қайраткерінің өмір жолы туралы мәліметтер оқылды. Мырзаш ағамыздың туысы Зумрад Меңешева осындай еске алу кештердің маңыздылығын атап өтіп, ағасының ұлы тұлғамен кездескенін мақтаныш ететінін айтты. М.Шолохов музейнің бұрынғы директоры, шолоховтанушы Ольга Чеканова орыстың ұлы жазушысы қазақ азаматтары арасынан көптеген дос тапқанын, олармен әркез байланыста болғанын жеткізді.

IMG-20231026-WA0147

Кеште Мырзаш Исмағұловтың інісі Хайролла Исмағұловтың ағасына арнаған өлеңдері де оқылды. Қонақтар музей қорына Хайролла Исмағұловтың «Өмір –  махаббат», «Халқымның, өмірімнің ақ құстары» атты кітаптарын сыйға тартты.

Мәдина Мусаева,

Бәйтерек ауданы 

М.Шолохов атындағы

мемориалдық музейінің маманы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале